Қаһарманнан жаутанкөзге айналған Зеленский
Көмек беріледі. Жеңіс үшін емес...
Ресей Федерациясы Украина жеріне басып кіргелі 985 күн өтті. Осы уақытта бұл соғыс сарқылған күштің соңғы қайратымен, әлсін-әлсін ұшқын беретін сәулесі аз көмектерімен созылып келе жатқаны мәлім. Екі елдің де армиясында адам саны мен техниканың жетіспейтіні байқалды. Газетіміздің өткен сандарында (№84 24-қазандағы «Солдат саудасы. Путин мен Ким Чен Ын қатынасының жаңа дәуірі») Солтүстік Кореяның Ресей армиясына жіберілген адамдары мен техникасы туралы жаздық. Путин де күні кеше бұл тақырыпты «сендердің шаруаларың болмасын» деп, жылы жауып қойыпты. Украинаға беретін АҚШ-тың көмегі сағызша созылып, дұрыс жетпей жатыр. Батыс елдері де бірден шешіліп, қол ұшын созбай, діңкелетіп келеді. Оның үстіне АҚШ-тағы президент сайлауы да барлық көрсетілуі тиіс көмекті тежеп, бәрі енді билікке кім келер екен деп, тосып отыр. Ал Зеленскийдің шығарға жаны болмай, қайта-қайта жалтақтаумен келеді.
3-қараша күні Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан Америка сайлауында Дональд Трамп жеңіске жетсе, Еуропа Украинаға көмек беру мәселесін қайта қарау керек деген сөзді айтты. «Егер Америкада бейбітшілікті қалайтын президент болса, онда Еуропа соғысты қолдай алмайды» деді. Бейбітшілікті қалайтын президент деп Трампты меңзегені. Өзі де проресейлік шенеунік саналатын Орбан Киевке жапа шектіре бермей, жаңа реалимен келісуге мәжбүр боласыңдар деп отыр. Тіпті Трамптың жеңетініне күмәні жоқтай.
АҚШ-тың президент сайлауы жақындап келеді. Лоббидің бәрі заңдастырылып, белгілі ережемен ойнайтын елдің сайлау науқаны биыл тым қызу жүріп жатыр. Таяу Шығысты қаулаған өрттің ортасына тастап кетіп бара жатқан Джо Байденнің солқылдақ саясаты көпке жақпады. Дональд Трамп пен Камала Харристің арасындағы додада қазір кім жеңетіні белгісіз. Бірақ Америкада проеврейлік лоббистердің қаржысы мен қауқары күшті, екпіні қатты. Олар Дональд Трампты қолдап отыр. Трамп жеңіске жетер болса, Израильге де, Ресейге де тиімді болатын түрі бар. Лоббистер сайлауға 100 миллион доллар құйып, қатты жұмыс істеп жатыр. Бұл сайлауға донор болған миллиардерлер де жетеді. Осыдан-ақ тек соғыс пен саясатқа ғана емес, бизнеске де АҚШ президентінің ықпалы зор екенін байқауға болады.
Бірақ Камала Харристің де жақтаушылары аз емес. АҚШ-тың жас демократтары мен либералдары Израильдің Палестинаға жасап отырған қысастығына келіспейді. Либералдардың соңғы уақыттағы ұраны – «Палестинаға бостандық». Егер сайлауда жеңіп жатса, АҚШ-тың бірінші әйел президенті болатын Харрис Таяу Шығыстағы кикілжіңді шешуге және Украинаға көмектесуге мүдделі. Сондықтан екі тарапта болып жатқан қақтығыс пен соғысқа АҚШ-қа кім президент болып келсе де, ықпалы, әсері зор болмақ.
Өзінің күші сарқылып, келісімге жетем деп жете алмай, жеңіс жоспарын жариялап, онысы да ештеңеге жарамай қалған Зеленский қазір мұхиттың арғы жағалауына да, бергі жағалауына да жаутаңдап, қарап отыр.
Зымыран бермеген Польша
«Польша уәде еткен МиГ зымырандарын бермей отыр» деп шағымданған Зеленский бұл сөзін ақпарат құралдарына жария түрде айтуға мәжбүр болды. Өйткені қазір Украинаға кез келген көмектің мәні зор. НАТО-мен Польшаның әуе кеңістігін қорғау туралы келісімге келгеніне қарамастан, зымырандарын беруге асықпай отырған Польшаны жазғыра сөйлеген Украина президенті: «Біз Польшадан МиГ-тар алғымыз келген. Бірақ өздеріне жетіспейтін болғаннан кейін бере алмапты. Біз НАТО-мен келіскенбіз. Өз ұшақтары жоқ, бірақ қорғану миссиясы бар елдерге көмек ретінде ұшақ берілуі керек болған. Біз келістік, бірақ содан кейін көмек болды ма? Жоқ! Басқа себеп бар ма екен? Әрине!» деді Зеленский Закарпатьеге барған сапарында.
НАТО-ның Литва, Латвия, Эстонияның әуе кеңістігін қорғау миссиясы бар. Бұл миссия 2000-жылдан бері күшіне енген, 2014-жылы Ресей Қырымды аннекциялап алғаннан кейін күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Польшаның қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш биыл тамыз айында «Варшава АҚШ-тан жаңа Ғ-5 зымырандарын алғаннан кейін ғана Украинаға МиГ-29 ұшақтарын бере алады» деген болатын.
«Украина көптеген қару-жарақтарға мұқтаж екенін білемін. Бірақ біздің украиналық әріптестеріміз өзімізге де ресурстарымызды қамтамасыз ете алу керек екенімізді түсінуі керек. Тек жаңа ұшақтар алғаннан кейін ғана әлі қолданыстағы МиГ-29 сияқты ескілерін бере аламыз. Оның өзі Польшаның әуе кеңістігін қорғау үшін ғана беріледі» деді Владислав Косиняк-Камыш.
FlightGlobal басылымының мәліметіне сәйкес, Польшаның Әуе қорғаныс күштерінде 23 МиГ-29 ұшағы бар. Politico ақпараты бойынша, Польша Американың Lockheed Martin компаниясына 32 жаңа Ғ-5 зымыранына тапсырыс берген. Бұл келісімнің құны 4,6 миллиард доллар болған.
Зеленскийдің НАТО-мен келістік деп отырғаны – ұйымның сол кездегі бас хатшысы Йенс Столтенбергпен арада болған келісімді айтып отыр. Ол кезде шын мәнінде альянстың ескі МиГ-29 ұшақтарын беру туралы сөз болған еді.
Бұл жаңа, заманауи қару-жарақтарды айтпағанның өзінде, ескі техникаға зәру болып қалған Зеленскийдің жағдайы не күйде екенін көрсететін оқиға болды. Украина президенті бір жағы әріптестерін кешеуілдеген көмекке айыптай сөйлеген сөзі болса, екінші жағынан Украинаның күші сарқылғанын әлемге сездіру болса керек.
Там-тұм көмек
Американың Bradley БМП-сы Курск облысындағы майданға жіберілген. Қазан айының ортасында дронмен түсірілген көріністе ағаштарды жайпап өтіп, пушкасынан оқ жаудырған сәті бар. Біраздан кейін Abrams танкісі көрініп, олар көшеде қираған үйлерді атқылаған. Сонда жасырынған Ресей солдаттарына шабуыл жасаған болса керек. Бұл видео ең алдымен Ресейдің әскери каналдарына шығып, шу тудырды. Өйткені Американың техникасы орыс жерінде жүр деген сөз айтылды.
Ресейліктер бұл жерден саясат іздеп әлек болса, украиналықтар үшін тактикалық жүріс болатын. Өйткені маңызды майданда көмекке берілген техникалар жүрсе, қарсыластарға ой салатын шығар деген мақсат болған. Бұл Украинаның әскери-техникалық жағдайынан да хабар берген видео. Қазір бұл ел шеттен келетін техникалар мен қаруға зәру. Бірақ әлі де көмекке көп қару-жарақ келіп жатқан жоқ. Соңғы уақыттағы Америкадан келген көмек қоржынында – снарядтар, HIMARS қондырғыларына арналған зымырандар және әуе қорғанысы үшін берілетін қарулар ғана бар. Шешуші шайқастарға арналған броньдалған техникалар, арнайы машиналар жоқтың қасы.
Владимир Зеленскийдің сөзінше, жарты жылда Украина уәде етілген көмектің 10-ақ пайызын алған. Оның себебі қаржы емес, бюрократиялық, логистикалық кедергілер екені айтылды. Шыны керек, Украинаға берілетін қаржылық көмек те азайған. Қазір білінбегенімен, келесі жылы жыртысына дейін қысқару мүмкін дейді сарапшылар. Бұл әзірге долбар ғана. Бірақ Украинаның әскери күштеріне беріліп жатқан титімтей көмектер өз әсерін беріп жатыр. Украина солдаттары майдан шебін ұстап тұрғанымен, Ресейдің басқыншылығынан шегінуге де мәжбүр.
21-қазанда Украинаға келген америкалық M113 бронетранспортерлары жақсы болғанымен, ескі. Бұдан басқа техника берілмеген, тек снаряд, гранаталар ғана болған. Оның алдында 16-қазанда берілген көмек қоржынында техника атаулыдан тек жол талғамайтын Humvee көліктері болған. RIM-7 зениттік зымырандары, Stinger, жоғары санаттағы GMLRS және 155, 105 миллиметрлік снарядтар, танкіге қарсы TOW кешенінің зымырандары, оқтар, гранаталар болған. Американың осылай діңкелетіп келе жатқанына біраз болды. Байден көмектесемін деп алып-ұшқанымен, Конгрестің мақұлдауынсыз бір тиын, бір сынық оқ бере алмайтын Американың бюрократиясы Зеленскийдің әбден зығырданын қайнатты. Алғашында қаһарман сияқты күтетін АҚШ шенеуніктері де Зеленскийді соңғы барғанда сұрамшақты көргендей, кіржие қалғандары бәрінің есінде.
Соңғы жарты жылда Америкадан келген көмектің ішінде ауыр бронетехникалар үш рет қана айтылды. 24-сәуірде, 10-мамырда және 6-қыркүйекте келген қару-жарақтың қатарында Bradley БМП-сы болған. Олардың нақты саны қанша екені айтылмады. Жол талғамайтын көліктер, дөңгелекті тактикалық машиналар ауыр техникаға жатпайтын болса керек.
Жалтақ Еуропа
Американың көмек қоржынында жоқ бронетехниканың орнын Еуропа мемлекеттерінен келетін қолдау жауып отыр. Бірақ жалпы берілген техниканың саны бәрібір бұндай масштабтағы майданға аздық ететіні белгілі.
Rheinmetall неміс фирмасы 25-қазанда 20 Marder БМП-сын бергенін айтты. Бұл компания Украинаға жалпы 200 БМП берген. 2023 жылдың наурызынан бері үзіп-жұлып беріліп келе жатқан көмектің нәтижесі айтарлықтай болған жоқ. Нидерландықтар 269 YPR-765 БМП-сын берген. Бұлардың да көмегі 2022 жылдан бері беріліп келеді.
Қазан айында Австралия 49 M1A1 Abrams танкісін береді деген ақпарат шықты. Бұл ескірген модификация, австралиялықтар оларды бәрібір күресінге жіберетін еді. Бұл танкілердің бір бөлігі ғана жөнделіп, майданға жөнелтіледі. Қалғаны жөндеу бөлшектеріне айналады. Қазіргі кезде берілетін техникалардың нақты уақыты белгісіз.
Украина өзі де техника шығаруға мүдделі болып отыр. Tatra жүк көлігінің шассиін пайдалана отырып, айына 20 «Богдана» көліктерін шығарып жатыр. Немістердің Rheinmetall компаниясының үш заводы, Bayraktar зымыранын шығаратын бір завод салынып жатыр. Lynx БМП-сының алғашқы толқыны жылдың соңына дейін шықпақ.
21-қазанда АҚШ-тың қорғаныс министрі Ллойд Остинмен сөйлескеннен кейін Зеленский тағы бір америкалық көмек қоржыны берілетінін айтты. Бұл жол – қаржылай. «Тағы бір көмек қоржыны дайындалып жатыр. Украиналық дрондар шығару үшін 800 миллион доллар беріледі. Сол үшін рақмет айтамыз» деген болатын Зеленский.
Украина қару-жарақ шығару үшін көп қаражат жұмсап жатыр. Қазір бұл елге тек техникамен, оқ-дәрімен көмек емес, ақшалай да қолдау қажет. 2023 жылы Конгресс Украинаға әскери көмек беру үшін қаржылай қолдайтын заңды қабылдай алмады. Республикашылар Мексикамен шекараның бекемделуі мен иммиграциялық саясаттың қатаңдалуын алға тартқан. Сол АҚШ үшін маңызды деп есептелді. Ол уақытта көмексіз қалған Украина артиллериясына снарядтар жетпей, қиналып қалған болатын.
Көмектің кешеуілдеуі тактикаға да әсер ететіні сөзсіз. Қару-жарақтың келу, келмеуі шабуыл мен қорғаныс жоспарына ықпал етеді. Бұл жағынан Украина тоқтаусыз көмекке мұқтаж.
Қазан айында немістердің Ukraine Support Tracker проектісі Украинаның 2025 жылғы жағдайын болжаған баяндамасы шықты. Онда 2024 жылға қарағанда Украинаға берілетін көмектің әлдеқайда азаятыны айтылған. Тұрақсыздықтың себебін АҚШ билігіне Дональд Трамптың келу ықтималдығымен және Батыс елдерінің қаржылай көмек көрсету жүйесінің өзгеруімен байланыстырған. Мәселе Ресейдің бұғатталған активтері мен НАТО үлесін еуропалық көмекпен алмастыруда. Ең басында Ресейдің басқыншылығы кезінде батыс елдері 300 миллиард долларға бағаланатын активтерді бұғаттаған. Бұл ақшаны Украинаға компенсация ретінде жіберу туралы айтылған. Бірақ батыс елдерінің бұған тәуекелдері жетпеді. Жеке қауіпсіздіктері мен мемлекеттеріне келетін зияннан қорықты.
АҚШ Ресейдің қозғалмайтын активтерінен келетін пайданы кепілге қойып, Украинаға 20 миллиард доллар несие берді. Тағы 30 миллиардты ЕуроОдақ, Ұлыбритания, Канада, Жапония береді. Бұл ақша белгілі бір саланы көздемейді, яғни Киев өз қалауынша ақшаны жұмсай алады.
Сондай-ақ НАТО-ға мүше елдер 2025 жылы 40 миллиард еуро береміз деп отыр. Сол кездегі бас хатшы Йенс Столтенберг бұл көмектің жыл сайын берілуін қолдаған. Бірақ бұл бастама қолдау таппай, нәтижесінде жыл сайын талқыланатын болып бекітілді.
Ukraine Support Tracker-тің есебі бойынша максималды көмек 100 миллиард еуро болуы мүмкін. Оның 59 миллиарды әскери көмекке, 54 миллиарды мемлекетке қолдау болмақ. Бірақ АҚШ президенті қолдауын тоқтататын болса, әскери көмек 34, мемлекетке көмек 46 миллиардқа қысқаруы мүмкін.
Зеленскийдің үміті
Украина елін қиын кезеңге әкеп тірегенін Зеленскийдің өзі де, айналасы да біліп отыр. Өткенде АҚШ-қа сапарында өзінің «Жеңіс жоспарын» да таныстырды.
New York Times газеті Зеленский жоспарының құпия бөлімінде АҚШ-тың Tomahawk қанатты зымырандарын сұраған деп жазды. Бұл қанатты зымырандар жерден де, әуеден де (ұшақтар арқылы), кемеден және су қайықтары арқылы да атыла береді. 2500 шақырымға дейін ұшатын зымырандардың бірнеше түрі бар. Қопарып, жарылғыш затымен бірге еніп, тас-талқан етіп кете береді.
Бірақ... Сұрау салу – қолға алу емес. Осы уақытқа дейін Киев ATACMS тактикалық зымыранын АҚШ-тан ала алған жоқ. Ал Tomahawk – стратегиялық қару. Оны Киевтің қолға түсіру мүмкіндігі өте аз. Бұл қаруды сұрауы – Украинаның Ресейдің қойын-қонышын атқылауды көздегенін білдіреді.
Уәде етілген көмектерге жете алмай отырған Зеленскийдің жиі шағымданып, бюрократияны айыптайтын сөздері көптің де құлағына жетіп жатыр. Иек астында АҚШ-тың президент сайлауы. Содан кейін Таяу Шығыс пен Украина даласындағы соғыстың қалай өрбитіні де белгілі болып қалар.
Қасым Арықбай