Қадірі қашқан «Қазақстан барысы» турнирі
26қазан күні Астанадағы «Барыс Арена» спорт сарайында XIII кезекті «Қазақстан барысы» турнирі өтті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен 42 балуан қатысты. Финалда Абай облысының өкілі Ерасыл Қажыбаев (152 келі) салмағы өзінен әлдеқайда жеңіл шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровты (98 келі) жеңіп, чемпион атанды.
Ал үшінші орын үшін белдесуде Саят Шамшиев (Абай облысы) әскер барысы Әділ Оразбаевты жеңіп, қола жүлдегер атанды. Биыл чемпион болған балуан – 15 миллион теңге, күміс жүлдегер – 3,3 миллион теңге, ал үшінші орын иегері 1,08 миллион теңге сыйақы алды. Сондай-ақ әр белдесудегі жеңіс үшін 100 мың теңге берілді. «Қазақстан барысы-2024» турнирінің жалпы жүлде қоры 27 миллион теңге болды. Ал жүлдегерлердің жаттықтырушылары 3,72 миллион теңге алды.
Биыл чемпион атанған Ерасыл Қажыбаев бұған дейін 2 мәрте финалға шығып, қарсыласына есе жіберген. Атап айтқанда, 2018 жылы Ержан Шынкеевтен, 2019 жылы Айбек Нұғымаровтан жеңілді. Ол дзюдодан кадеттер мен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында жүлде алып, 2018 жылғы Азия ойындарында командалық сында күміс жүлдегер атанған. Сондай-ақ самбодан 2017 жылы Азия чемпионатында топ жарып, 2016 жылы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген.
«Қазақстан барысы турниріне алтыншы рет қатысып отырмын. Көп дайындалдық, жеңісті өз өңіріме алып беру – үлкен мәртебе. Жеңісімді туған жеріме, жерлестеріме арнаймын. Кейінгі жарыстарға да тыңғылықты дайындаламын», – деді Ерасыл Қажыбаев.
«Қазақстан барысының» өткені мен бүгіні
«Қазақстан барысы» турнирі 2011 жылдан бері өтіп келеді. Ертеректе ол еліміздегі ең танымал спорттық бәсекелердің бірі болған. Әр облыстағы іріктеу бәсекелерінің өзі жоғары деңгейде өтіп, елордадағы қорытынды бәсекеге көп жұрт көз тігіп, елеңдеп отыратын.
Ол кезде жарыс жүлдегерлері алатын сыйақы мөлшері де өте жоғары еді. Ел барысы атанған балуан 150 мың АҚШ долларын, оның бапкері 50 мың АҚШ долларын алатын. Ал күміс жүлдегерге – 30 мың (бапкеріне – 10 мың), қола медаль иегеріне – 10 мың (бапкеріне – 5 мың) доллар берілетін.
Басқаша айтқанда, «Қазақстан барысы» атанған балуан Олимпиада жүлдегері деңгейінде марапат пен атақ-даңққа бөленіп, бір сәтте елдегі ең танымал спортшыға айналатын. Соған сай елде қазақ күресіне деген құрмет артып, оны білетіндер, айналысатындар қатары артты.
Бірақ уақыт өте қазақ күресіне талас көбейіп, ұлттық спорт саясаттағы интриганың құрбанына айналды. Қазір қазақ күресі де, «Қазақстан барысы» турнирі де бұрынғыдай танымал емес. Көп ешкім білмейтін, қатардағы бәсекенің біріне айналып барады.
«Қазақстан барысы-2024» турнирі жетім қыздың тойындай өтті демей-ақ қояйық, бірақ ұйымдастырылуы мен жарнамасы жоғары деңгейде болған жоқ. Астанада тұратын ең белсенді спорт жанкүйерлерінің өзі турнирдің өтетінін білмей қалғанын жазып жатыр. БАҚ-та жарыс аяқталып, жеңімпаз анықталған соң ғана ақпарат таратты.
Оның үстіне жүлде қоры да бұрынғыдан әлдеқайда аз. Бұрын чемпион 150 доллар алса, қазір 15 млн теңгені қанағат тұтады. Оның үстіне сыйақы жыл өткен сайын азайып барады. Мысалы, 2022 жылы бас жүлдегерге – 25, екінші орынға – 5,5, қола медаль иегеріне – 1,8 млн теңге берілген. Биылғы «барыстар» бұдан да аз алып отыр. Осы беті кете берсе, енді бірер жылда «Қазақстан барысының» ат-атағы да қалмауы мүмкін.
Қазақ күресі неге әлемдік деңгейге шыға алмады?
Қазақ күресі – бұл қазақтың ұлттық спорт түрі, ол көне заманнан бері сақталып келеді. Бірақ Кеңес кезінде және тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл ұлттық спорт түріне жете көңіл бөлінген жоқ. Тіпті 2013 жылға дейін ҚР ұлттық Олимпиада комитеті қазақ күресін жеке спорт түрі ретінде таныған жоқ.
Оны аз десеңіз, 2020 жылға дейін қазақ күресі бойынша бірнеше федерация жұмыс істеп, «бас-басына би болған» жағдай қалыптасты. Ұлттық спорттың айналасында жүрген атқамінерлер көрпені әрқайсысы өз жағына тартып, бір-бірін мойындамай, дауласып жүретін. Осыдан 4 жыл бұрын ғана әлемдік, республикалық және халықаралық қазақ күресі федерациясы Qazaq kuresi ассоциациясының құрамына кіріп, бірлікке келді. Ассоциацияны 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен 17 жылға сотталған бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов басқарды.
Қазақ күресінен республикалық жарыстардан бөлек, Азия және әлем чемпионаты өтеді. Бірақ әлемдік деңгейдегі спорт түріне айнала алмады. Олимпиада жайлы ойлау қазір ерте шығар, тіпті Азия ойындарының да қатарына қосылған жоқ. 2013 жылы «қазақ күресі Қазан қаласында өтетін Универсиада бағдарламасына кірді» деген ақпарат болған, бірақ өтірік болып шықты. Ұлттық спортымыздың қазірге дейінгі басты жетістігі – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енгені ғана.
Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылы Джакартада өткен Азиаданың бағдарламасына өзбектің «курашы» енді. Индонезия астанасында ала тақиялы ағайындар өз спортынан 6 алтын медаль жеңіп алды. «Кураш» – кәдімгі күрестің бір түрі. Қазақ күресінен аса көп айырмасы да, асып тұрған артықшылығы да жоқ. Бірақ Азиадағы 45 елдің спортшылары қатысқан құрлық біріншілігінің бағдарламасына қосылды.
Ал миллиондап қаржы құйып, бірнеше федерация құрып, жұрт болып шашбауын көтерген қазақ күресі ауыл-үйдің арасынан аса алмады. Жыл сайын әлемге сауын айтып, турнир өткізіп жүрсек те, әлемдік спорт ұйымдарын күресімізге қызықтыра алмадық. Соған қарағанда, спортты дамытудың жолы даурығып, доллар шашу емес көрінеді.
Қазақ күресінің өзбек «курашындай» жетістікке жете алмауына дұрыс менеджмент пен ауызбіршіліктің жоқтығы себеп болды. Бірнеше федерация қатар жұмыс істеген тұста түрлі қарама-қайшылық орнап, шығын көбейіп, басқару қиынға соқты. Ұйымдардың басы бірікпей, өз бетінше әрекет етті. Әртүрлі интригаға байланысты федерацияларда басшылар жиі ауысып, түсініксіз жағдай орнағаны да жасырын емес.
Ұлттық спортты Мәсімовтен бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Алик Шпекбаев, ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішев, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек, бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сияқты шенді-шекпенділер басқарған. Олардың ешбірі ұлттық спортты дамытып, көсегесін көгерте алған жоқ.
Қуаныш Қаппас