Қағазсыз технология – теміржол тасымалының жаңа кезеңі

Бүгінгі таңда теміржол саласында цифрландыру үдерісі жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқаны шын қуантады.
Сонымен қатар өндірістік-ұйымдастырушылық процестердің тиімділігін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар да атқарылып жатыр. Бұл – әлемдік технологиялық даму үрдістерімен үндесіп жатқан әрі уақыт талабынан туған қажеттілік. Соңғы жылдары еліміздегі теміржол тасымалын ұйымдастыруда қағазсыз цифрлық жүйелер кеңінен енгізіліп, соның нәтижесінде қызмет көрсету сапасы артып келеді. Бұл ретте ерекше атап өтерлік жаңалықтардың бірі – «Келісімшарттық және коммерциялық жұмыс» автоматтандырылған басқару жүйесі. Осы жүйе бірнеше жыл бұрын енгізілсе де, оның тиімді екенін қазіргі таңда ерекше мойындап отыр. Бүгінде республика аумағындағы жүк тасымалдарын рәсімдеу ісінде қағазсыз технологиялардың үлесі жыл сайын өсіп келе жатқаны – сөзімізге анық мысал. Цифрлы жүйелердің енгізілуімен қатар, құжаттарды электронды түрде рәсімдеу процесі де едәуір жеңілдеді. Қазіргі таңда тасымалға қатысты құжаттар цифрлық форматта дайындалып, арнайы платформалар арқылы заңдастырылып, тиісті тараптарға лезде жолданады. Бұл үрдіс қағазбастылықты азайтып қана қоймай, жұмыс барысын жеделдетіп, техникалық ақаулардың алдын алуға, адами қателіктерді барынша төмендетуге сеп болып отыр. Алайда жүйенің техникалық қуаты ғана емес, оны жүзеге асыратын мамандардың білім-білігі де айрықша маңызға ие. Осыған орай, сала қызметкерлерін цифрлы жүйелермен жұмыс істеуге баулу, олардың кәсіби машығын үнемі жетілдіру әрқашан өзекті боп қала бермек.
Осы бағыттағы тың бастамалардың бірі ретінде жуырда «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Жамбыл ЖТ бөлімшесінде өткізілген «Тасымал үдерісіне қатысты автоматтандырылған басқару жүйелері мен ақпараттық жүйелерінің жұмыс істеуі» тақырыбындағы семинар-тренингті атап өтуге болады. Бұл іс-шара теміржолдың күнделікті жұмыс барысына тікелей қатысы бар мамандар үшін пайдалы әрі мазмұнды шара болды. Бөлімшеге қарасты құрылымдарда еңбек ететін жауапты қызметкерлер бір күндік семинарға қатысып, заманауи цифрлық шешімдердің қыр-сырымен танысты. Семинардың ашылуында Жамбыл ЖТ бөлімшесі директорының автоматтандырылған басқару жүйелері бойынша орынбасары Асылхан Тайлақбаев сөз сөйлеп, мамандардың біліктілігін арттырудың маңызына кеңінен тоқталды. Жамбыл ЖТ бөлімшесі директорының автоматты басқару жүйелері бойынша орынбасары Асылхан Тайлақбаев ашып, мамандардың біліктіліктерін арттырудың мәні мен маңызына тоқталды.
«Қазіргі заманда цифрландырудың қарқынды дамуымен бірге, теміржол саласында да ақпараттық технологияларды қолданудың маңызы артуда. Осыған байланысты бізге жаңа міндеттер жүктелуде. Соның бірі – жауапты мамандардың кәсіби білімі мен тәжірибесін үздіксіз жетілдіріп отыру. Цифрлы технология білім мен тәжірибе үйлесімділігін қажет етеді. Бүгінгі семинар-тренингтің мақсаты – автоматтандырылған басқару жүйелері мен ақпараттық жүйелерді қолдану бойынша теориялық білімді тереңдету, практикалық дағдыларды жетілдіру. Сондай-ақ алдын ала әзірлеген квест ойындар арқылы туындайтын мәселелерді бірге талқылап, оны шешу жолдарын қарастыру», – деді Асылхан Намазханұлы.
Семинардың теориялық бөлімінде қатысушылар бірнеше мазмұнды баяндамаларды тыңдады. Атап айтқанда, Жамбыл бөлімшесінің логистика және тасымалдауды ұйымдастыру бөлімінің бастығы Әнуар Үркімбаев «Жергілікті станциялардың жұмысын басқаруға арналған цифрлық құралдар» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі таңда қолданыстағы бағдарламалар мен олардың талаптары жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Оның баяндамасында жергілікті деңгейдегі басқару тетіктерінің жаңғыруы, логистикалық процестерді оңтайландыру жолдары мен бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар егжей-тегжейлі сипатталды. Одан кейін сөз алған автоматтандырылған басқару жүйесі бөлімінің жетекші инженер-технологы Нұрлан Молдахметов ГИД Урал ДСП, ДНЦ пилоттық жобалары туралы баяндап, жаңа жүйенің артықшылықтарын, оның тәжірибеде қалай қолданылып жатқанын нақты деректермен жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, бұл жүйелер алдағы уақытта тасымал сапасын жаңа деңгейге көтеруге қабілетті. Сонымен қатар Тараз станциясының техникалық кеңсе орталығының операторы Майя Донбаева «ГУ-38 электрондық вагон парағын» толтыру тәртібі туралы тәжірибесімен бөлісті.
Жалпы алғанда, Жамбыл ЖТ бөлімшесінде өткен бұл семинар цифрлық технологияларды меңгеруге бағытталған жүйелі жұмыстардың бір парасы ғана. Мұндай іс-шаралар тек кәсіби біліктілікті арттырып қана қоймай, жаңа технологияларға деген сенімділік пен қызығушылықты нығайтады. Болашақта теміржол саласындағы цифрландыру бағыты одан әрі кеңейіп, автоматтандырылған басқару жүйелері күнделікті жұмыс үдерісінің ажырамас бөлігіне айналары сөзсіз.
С. Бақберген
Жамбыл облысы