Кака кетті, Какау келе ме?
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасын 2018 жылдан бері жаттықтырып жүрген Пауло Рикардо Фигейро Силва (Кака) қызметінен кетті. Бразилиялық маманмен келісімшарттың аяқталғанын Қазақстан футбол федерациясы ресми хабарлады.
Кака бас бапкер болған тұста Қазақстан құрамасы футзалдан Еуропа мен әлемнің үздік құрамаларының бірі болды. 2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатында Қазақстан тарихта алғаш рет жартылай финалға шығып, төртінші орын алды. Бұл жетістік еліміздің футзал тарихындағы ең айшықты жетістік болды. Бұл турнирде біздің жігіттер 1/8 финалда Тайландты (7:0), ¼ финалда Иранды (3:2) жеңгенмен, жартылай финалда Португалияға пенальти сериясында (2:2) есе жіберді. Қола жүлде үшін өткен кездесуде Бразилияға (4:2) жол берді.
Ал 2022 жылғы Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңінде өнер көрсетті. Бірақ Нидерланды жерінде өткен құрлық біріншілігін сәтті болды дей алмаймыз. Кака шәкірттері өз тобында бірінші орын алғанмен, ширек финалда Украинаға 5:2 есебімен есе жіберді. Бірақ Қазақстан құрамасының ойыншысы Біржан Оразов 7 гол соғып, құрлық біріншілігінің ең үздік сұрмергені атанды.
2024 жылы Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ширек финалдан қайтты. 1/8 финалда азулы Португалияны жеңген біздің жігіттер ширек финалда Аргентинадан оңбай ұтылды (6:1). Бірақ кейінгі бірнеше жылда қазақ футзалында құлдырау байқалады. Мысалы, ұлттық құрама 2026 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама ала алмай қалды. Іріктеу турнирінде Арменияны алға жіберіп, өз тобында екінші орын алды. Ал қосымша матчта Италияға жол беріп, 2016 жылдан бері алғаш рет құрлық біріншілігінің финалдық кезеңінен тыс қалды.
Кака Қазақстан ұлттық құрамасынан бөлек алматылық «Қайрат» футзал клубын жаттықтырды. Клуб тізгінін 2018 жылдан 2023 жылға дейін ұстаған. Бразилиялық маман біздің елде жүріп бңрнеше рет «Жылдың үздік бапкері» атағына үміткер болды. Сондай-ақ Қазақстан президентінің қолынан II дәрежелі «Достық» орденін алған.
Какаға дейін Қазақстан құрамасы мен «Қайрат» футзал клубын тағы бір бразилиялық маман Пауло Рикардо Камара Собрал (Какау) жаттықтырған. Какау жетекшілік еткен тұста (2013-2018 жылдар) Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанып, әлем біріншілігінің 1/8 финалына шықты.
2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында біздің жігіттер жартылай финалға дейін сүрінбей жетті. Ширек финалда азулы Италияны 5:2 есебімен жеңді. ½ финалда сол жылғы чемпион Испанияға 5:3 есебімен есе жіберді (Ол матчқа әлемнің 5 дүркін үздік қақпашысы атанған Игита қызыл қағазға байланысты қатыса алмады). Ал үшінші орын үшін өткен матчта алаң қожайындарын 5:2 есебімен оңай ұтты.
Сол жылы Қазақстан құрамасы Колумбияда өткен әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне өтті. Бірақ біздің құраманың жолын тағы Испания кесті. Бұл жолы қос құрама 1/8 финалда жолыққан. Бірақ пиренейліктер тағы да басым түсіп (5:2), келесі кезеңге өтті.
Ал 2018 жылы Словенияның Любляна қаласында өткен кезекті Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы 4-орынға тұрақтады. Топта Ресеймен тең ойнап (1:1), Польшаны жеңген (5:1) Какау шәкірттері ширек финалда Сербияны жарыс жолынан шығарды (3:1). Бірақ ½ финалда «ежелгі жау» Испанияға тағы есе жіберді. Бұл жолы матч 5:5 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында Испанияның жолы болды. Үшінші орын үшін өткен матчта Ресейге есе жібердік (1:0).
Кака қызметінен кеткен соң БАҚ-та құрама тізгінін қайтадан Какау ұстауы мүмкін деген ақпарат тарады. Futsal Legends басылымы 54 жастағы бразилиялық маманға Қазақстан құрамасының бас бапкері болу туралы ұсыныс түскенін хабарлады.
Қуаныш ҚАППАС