Камчыбек Ташиев Қырғызстаннан уақытша кетті
Қырғызстан ҰҚМК-ның (ГКНБ) бұрынғы төрағасы Камчыбек Ташиев уақытша ел аумағынан шықты.
Бұл туралы «Регион» телеарнасының директоры Өткүрбек Рахманов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлады 24.kg басылымы.
Рахмановтың айтуынша, Ташиевтің шетелге шығуы уақытша сипатта. Алайда оның сапарының мақсаты мен шетелде қанша уақыт болатыны туралы нақты мәлімет берілмеген.
Бұған дейін ақпарат құралдарында Камчыбек Ташиевке қатысты кадрлық шешімдер қоғамда қызу талқыланған еді. Осы жағдай аясында оның алдағы жоспарлары жөнінде түрлі болжамдар айтылған.
Айта кетейік, 10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің досы әрі серіктесі Камчыбек Ташиевті барлық қызметінен босатқан болатын. Президенттің баспасөз қызметі бұл қадам «мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы жікшілдіктің алдын алу мақсатында» жасалғанын хабарлаған.
Ташиевтің отставкасынан кейін күштік блокта қайта құрылымдау жүргізілді: оның орынбасарлары қызметтен кетті, Шекара қызметі ҰҚМК құрамынан шығарылды, сондай-ақ президентке тікелей бағынатын жаңа Мемлекеттік күзет қызметі құрылды. Парламент спикері Нурланбек Тургунбек уулу өкілеттігін тапсырды. Ташиевтің жиені Нургазы Матисаков көлік прокуратурасы басшысы қызметінен босатылды. Сонымен қатар ҰҚМК-ның Бішкек қаласы бойынша басқармасының экс-басшысы Эльдар Жакыпбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұдан бөлек, Ташиевке жақын деп саналатын Вазелин де қамауға алынғаны хабарланды.