Қамчыбек Ташиев қызметінен кетті
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиев қызметінен босатылды. Ел президенті Садыр Жапаров оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.
Оның орнына Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының міндетін атқарушы болып Жумгалбек Шабданбеков тағайындалды.
Қазіргі таңда 55 жастағы Шабданбеков 2020 жылдан бері ҰҚМК төрағасының орынбасары, сондай-ақ комитеттің 9-қызметі – Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы болып жұмыс істеп келген. 2022 жылы оған генерал-майор әскери атағы берілген.
Қамчыбек Ташиев 2020 жылдың 16 қазанында Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған еді.
24.kg басылымының жазуынша, Қамчыбек Ташиев пен президент Садыр Жапаров арасындағы көпжылдық қарым-қатынас елдегі ең тұрақты әрі ықпалды саяси одақтардың бірі ретінде бағаланып келген. Олардың серіктестігі билікке келуден әлдеқайда бұрын басталған: 2010 жылдардың басында олар бірнеше мәрте саяси процестерде бірге әрекет еткен, ал 2012 жылы бір эпизод бойынша бірге сотталған. Бұл жағдай олардың жеке байланысын одан әрі нығайтқан.
2020 жылғы қазан оқиғаларынан кейін президенттікке келген Садыр Жапаров Қамчыбек Ташиевті Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы етіп тағайындап, ол күштік блоктың негізгі тіректерінің біріне айналды.
Елдегі ең резонансты істер дәл осы Ташиевтің бақылауында болды. Ол күштік саясатты қалыптастырып, іс жүзінде президент командасындағы ең жақын әрі сенімді тұлғалардың бірі саналды.
Сарапшылар бұл одақты Қырғызстандағы ең ықпалды саяси дуэт деп атап келді. Ал Қамчыбек Ташиевке қатысты кез келген кадрлық өзгеріс билік конфигурациясындағы елеулі өзгерістердің белгісі ретінде қабылданатын.
Соңғы уақытта саяси ортада арнайы қызмет басшысы алдағы президент сайлауына қатысуы мүмкін деген қауесет тараған еді. Алайда Қамчыбек Ташиевтің өзі бірнеше рет президенттік додаға қатысу ойы жоқ екенін және Садыр Жапаровты қолдайтынын мәлімдеген.