Қаңғыған дрон, біздің жаққа қалай келдің?

18 наурызда Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының тұрғындары Атамекен ауылының маңына дрон құлағанын хабарлады.
Куәгерлердің айтуынша, нысанның ұзындығы шамамен 3 метр. Бұған дейін, 18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылында тұрғындар ұзындығы 120 см болатын дронды тапқан еді. Сарапшылар алғашқы дронның Ресейдің «Орлан-10» немесе Францияның Crecerelle барлау дронына ұқсас екенін хабарлады. Дегенмен бұл аппараттардың нақты шыққан тегі әлі ресми түрде анықталған жоқ, яки ресми жариялаған жоқ. Кейінгі бір ай ішінде Қазақстан аумағына осымен екінші дронның құлауы және әскери техникаға қатысты биліктің үнсіз қалып, мәлімдеме жасамауы қоғамда сұрақ көбейтіп тұр.
18 наурызда құлаған дронды БҚО полициясы растады және оның қатты зақымданбаған күйде табылғанын хабарлады. Алайда дронның кімге тиесілі екендігі мен мақсаты туралы ақпарат әлі жарияланған жоқ. Кейіннен БҚО полициясы: «Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті уәкілетті қызметпен бірлесіп, Тасқала ауданында дронға ұқсайтын нысанның табылуына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысан елді мекендерден шалғай аумаққа құлап, бүтін күйінде табылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр» деп мәлімдеді.
«Жас Алаш» БҚО полициясы мен Тасқала ауданы Қазақстан ауылдық округі әкімдігіне хабарласқанымен, олар басқа мәлімет беруден бас тартты. «Жас Алаш» дронды алғаш тауып алған Тасқала ауданының тұрғыны Саясатпен де сөйлесті. Ол мал іздеп жүріп, кездейсоқ дронды кездестіріп қалып, жергілікті полицияға хабарлағанын айтты.

«Алғаш көрген кезде не екенін білмедім. Жақындап барып қарағанда дронға ұқсас аппарат екенін байқадым. Құлағанына біраз уақыт болған болуы керек, дроннан ешқандай дыбыс естілмеді. Бомбаға ұқсайтын зат та болмады. Сосын суретке, видеоға түсіріп алып, жергілікті полицияға хабарладым. Оларды алып келіп, дронның қай жерде жатқанын көрсеттім. Полиция түнімен күзетті. Мен де қазір ғана сол жерден келдім. Енді бүгін облыстан келген саперлер мен мамандар тексеріп жатыр», – дейді БҚО тұрғыны Саясат.
Қазақстанға қандай дрондар құлап жатыр?
Интернетте жарияланған суреттерде дронға «Герань» деп жазылғанын анық көруге болады. Бұл Иранның Shahed-136 дронының аналогы саналады. Оның ұзындығы осы үлгіге сәйкес келеді, ал қара корпус түнгі операциялар үшін пайдаланылатынын көрсетеді. «Герань-2» Ресей әскері тарапынан Украинадағы энергетикалық және әскери инфрақұрылым нысандарына соққы беру үшін белсенді қолданылады. Дрон 50 кг-ға дейінгі бомбаны мың шақырымға дейін таси алады. Ресейде «Қара герань» деп аталатын да дрон бар. Аталған әскери техника Ресейдің шабуылдаушы дрондарының жаңа модификациясы, стандартты «Герань-2» моделінің жетілдірілген нұсқасы. Бұл аппарат қарсыластың әскери және стратегиялық нысандарына соққы беру үшін арнайы жасақталған. «Қара герань» 1,5 мың шақырымға сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Бұл да «Геран-2» сияқты 50 кг жүк көтере алады. Ұшу биіктігі – 5 мың метр. Аталған дрон түнгі операцияларда байқалмау үшін арнайы қара түске боялған. «Қара герань» «Геран-2-ге» қарағанда біраз жетілдірілген. Мысалы, оның қозғалтқыш дыбысы азайған, бұл қарсыластың әуе қорғанысын айналып өтуде артықшылық береді. «Қара герань» 2024 жылдан бастап Ресейдің арнайы әскери операцияларында қолданылып келеді. Оны кейде арзан дрон деп те атайды. Себебі тек бір рет қана пайдалануға жарайды. Оның үстіне, навигация жүйесінде де дәлдік төмен деп саналады.

Енді 18 ақпанда құлаған дронның жайына келейік. БҚО аумағына түскен алғашқы дронды кейбір БАҚ өкілдері француздың Sagem компаниясы жасаған Crecerelle барлау дронына өте ұқсас екенін алға тартты. Бірақ кейіннен оның Ресейдің «Орлан-10» дронына да ұқсас екені мәлім болды. Себебі француздың дроны ашық дереккөздерде 3 метр екені жазылған, ал БҚО жеріне құлаған техниканың ұзындығы 120 см. Бұл туралы да ресми органдар әлі нақты ақпарат берген жоқ. Тек қылмыстық кодексінің 399-бабы (ақпаратты жасырын алу үшін арнайы техникалық құралдарды заңсыз жасау, сатып алу немесе пайдалану) бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны ғана белгілі.

«Орлан-10» дроны жоғары өнімділігі мен тиімділігі арқасында Ресейдің Қарулы Күштері арасында ең танымал пилотсыз аппарат түрлерінің біріне айналды. «Орлан-10» барлау, бақылау, нысана анықтау және артиллериялық соққыны бағыттау сияқты әскери міндеттерді орындай алады. Бұл дронды Ресейдің «Специальный технологический центр» (СТЦ) компаниясы жасаған және Ресей Қарулы күштерінің негізгі дрондарының бірі. «Орлан-10» 150 шақырым жылдамдықпен 600 шақырымға дейін 5-6 келі жүкті таси алады. Ресей оны алғаш рет 2014 жылы Украинадағы қақтығыстарда қолданды. Сондай-ақ Сириядағы әскери операцияларда барлау мен бақылау үшін белсенді пайдаланды. Бүгінгі таңда 1 500-ден астам аппарат өндірілген, олардың әрқайсысының бағасы 87-120 мың доллары аралығында.
Жерімізге дрондардың құлауы қаншалықты қауіпті?
Қазір қоғам арасында бір емес, екі дронның БҚО аумағына құлауына қатысты алаңдаушылық бар. «Жерімізді ақырын зерттеп жатыр ма?» деп ойлайтын азаматтарымыз да жоқ емес. Әлбетте, қоғамның бұлай ойлауына да негіз бар. Жерімізге көрші елдердің дронының құлауы басқа елдің біз туралы әртүрлі мәліметтер жинауы мүмкін деген күмәнді ойларға жетелейтіні анық. Тәжік-ауған шекарасында соғысқа қатысқан отставкадағы полковник Мұрат Мұхамеджановтың айтуынша, бұл тек күмәнді ойлар ғана емес, үлкен қауіп. Өйткені алғаш Украинадағы соғыс та осылай басталған.

«Біздің билік қайда қарап отыр? Неге олар дрондардың құлауына байланысты ресми мәлімдеме жасамайды? Украинада да алғашында осылай басталды. Қару-жарақ қоймаларын жарып жіберді. Бізде де – Балқаш, Арыс, Таразда қару-жарақ қоймалары жарылды. Елімізде оқ шығаратын зауыт жоқ. Егер соғыс болса, бір оқ таппай қаламыз. Украина қазір қарудан қиналып жатса, біз оның зорын көреміз. Әйтпесе, Украинада қаншама қару шығаратын зауыттар болды. Ал біз болсақ, соғысқа 3-4 күн де шыдап тұра алмаймыз. Дрондарға қатысты неге ресми мәлімдеме жасай алмайды?! Себебі қорқады. Біздікілер Ресейге жалтақтап қалған. Мынадай қызықты айтайын. Біздің де, Ресейдің де әуе күштері қызыл жұлдызбен бейнеленген ұшақтармен ұшады. Егер мен әуеде ұшақ ұшып бара жатса, оның қызыл жұлдызын көріп өзіміздікі, не Ресейдікі екенін қалай айырамын? Киімдеріміз де ұқсас. Сондықтан армиядағы белгілерді тез арада өзгерту керек», – дейді тәжік-ауған соғысы ардагері.
P.S. Қазақстан жеріне дрондардың құлауы тек техникалық мәселе емес, ол ұлттық қауіпсіздікке, халықаралық саясатқа және азаматтық қауіпсіздікке әсер ететін маңызды фактор. БҚО полициясы ерекше «акцент» беріп айтқандай, бұл жолы екі дрон айдалаға құлады. Екі көрші ел соғысып жатқанда, бомба «арқалаған» дронның бірі ауылдық жерге құласа не болады? Адам шығыны болса, біз Әзербайжан сияқты «кешірім сұра» деп тулап-тулап қоямыз ба, әлде алты азаматымыз қаза болғандағыдай үндемейміз бе? Сондықтан биліктің дрондарға келгенде үндемей қоюы күдік-күмәнді күшейтпесе, әлсіретпейтіні анық.
Тұрсынбек БАШАР