Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:32, 05 Қаңтар 2024

ҚАҢТАР: мемлекеттік төңкеріс пе, әлде бейбіт шеру ме?

Алматы әкімдігі жанып жатыр
Фото: из открытых источников

«Балам 22 жыл тергеу изоляторында жұмыс істеген. 6 қаңтарда зейнетке шығатын мерзімі де жақындап қалған еді. Бірақ сол күнді көре алмай кетті.

 Отанының амандығы мен тыныштығы үшін жан қиды. Сіздерден өтініп сұрарым, террористер бізді өз мақсатына қолданбау үшін жұдырықтай жұмыла әрекет етіңіздер. Арандатушылардың сөзіне ермеңіздер».

Бұл – 2022 жылы 7 қаңтарда Талдықорғанда қайтыс болған әділет прапорщигі Ербол Ержановтың әкесінің сөзі. Сол күні қарулы топ қаладағы тергеу изоляторының қызметкерлеріне оқ жаудырған. Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалды.

Сол күндері Алматының тынышы кетті. Тұрмыстық техника дүкендерінің бірінде директор орынбасары болып істеген азамат ереуілшілердің сауда нүктесін қалай талан-таражға түсіргенін былай еске алды. «5 қаңтарда түнге қарай шабуылдар басталды. Камера жазбасын көріп отырып, мародерлардың ұйымдаса әрекет еткенін байқадық. Бұл аяқ асты бола салған тонау емес (...) Олар айғақ қалдырмас үшін камераларды сындырып, қолдарынан келгенше бірі көлікпен, бірі жаяу тауарларды алып кетті».

Бұл оқиғалардың барлығы Қасіретті Қаңтар оқиғасы кезінде болған. Одан бері екі жыл өтсе де, қазақ қоғамы әлі де бұл жағдайдың қалай және не себептен болғанын түсінуге тырысады.

Бұл мәселе бойынша сан түрлі көзқарас бар, бірақ негізгі пікірталас «бұл бейбіт наразылық болды ма, әлде ел тәуелсіздігіне қауіп төндірген мемлекеттік төңкеріске әрекет болды ма» деген екі пікір аясында өрбиді. Анықтап көрейік.

Оқиға қалай өрбіді?

2022 жылдың 1 қаңтарында сұйытылған газ бағасы күрт өсті. Бұған наразы болған Жаңаөзен тұрғындары бейбіт шеруге шықты. Дәл осындай құқықтық негізі жоқ шешім қабылдаудың өзі белгілі бір топтың астыртын әрекеті деген долбар бар. Ел билігі халық талабына құлақ асып, үкіметке тиімсіз болса да, автогаздың шекті бағасын белгілеп, мәселені жылдам шешуге тырысты. Алайда жаңаөзендіктерді қолдаған ұрандар Қазақстанның біршама қаласындағы наразылықтарға ұласты.

Газ бағасын шектеу мәселесіне басқа талаптар қосылып, 3-4 қаңтар күндері Алматы мен еліміздің басқа аймақтарында наразылық күшейді. Бейбіт шерудегі экономикалық ұрандар саяси ұрандарға ұласты. «Шал, кет!» айқалағандар ескі элитаның сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқанын, олардың заңсыз байығанын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттан кетуі мен барлық саяси тұтқынның босатылуын талап етті.

Ол кезде бұл шерулердің бәрі ұйымдасқан іс-әрекеттің жемісі екені әлі анықталмаған. Қазір қарап отырып, қазақстандықтардың бастапқыдағы экономикалық талаптары билік үшін күресті ұйымдастыруға желеу болғанын түсінеміз – осы сәтті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзаққа созылған билігі кезінде пайда болған «ескі» Қазақстанның элита өкілдері ұтымды пайдаланды. Олар Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси билікті өз қолына алуына наразы болған. Себебі ол бастаған реформалар елге жаңа дүмпу әкеле бастады.

Құқық қорғау органдарының өкілдері мен куәгерлердің сөзіне сенсек, Алматыдағы митингтерге қатысушылардың арасында ұйымдаса әрекет еткендері, қалың көпшіліктің арасында ұйымдастырушылар болғаны туралы көптеген деректер бар. Олар қолдарындағы рация арқылы тобырды қажетті жаққа бағыттап отырған. Сондай-ақ жиналған жұртты негізгі ғимараттарды, бірінші кезекте облыс әкімдіктерін басып алуға белсенді түрде үгіттеген.

Қауіпсіздік күштері бастапқыда тәртіпсіздікті басу үшін қару қолданбаған, себебі оларға наразылықты басу туралы бұйрық берілмеген. Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған билік өкілдері көтерілген мәселелерді талқылау үшін диалог пен келіссөз жүргізуді ұсынған.

Бірақ бұл ұсыныс жауапсыз қалды. Наразылық білдірушілер әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының ғимараттарына шабуыл жасап, басып алды. Оның нәтижесі белгілі – қираған ғимараттар, жойылған мұрағаттар, тоналған қару мен оқ-дәрілер. Алматы мен бірнеше облыс орталықтарында мемлекеттік органдардың, күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасалды. Нәтижесінде, 3 мыңнан аса автомат, пулемет, гранатомет т.б. атыс қарулары қолды болған. Ұрланған қарулар аймақтардан әлі күнге табылып жатыр.

Осылайша, Қазақстан өзінің жаңа тарихында алғаш рет толығымен ұйымдастырылған наразылықтармен бетпе-бет келді. Жаппай арандатушылық пен хаос орнатуға алдын ала дайындалған адамдар болған. Бұл туралы экономист Жақсыбек Құлекеев «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» кітабында жазған болатын. Онда ол Нұрсұлтан Назарбаевтың «билік транзиті еш дау-жанжалсыз өтеді» деген ойы түпкілікті дұрыс емес дегенді меңзейді. Биліктегі транзиттің ұзаққа созылуы қастандық жасаушыларға дайындалуға уақыт берді, нәтижесінде Қаңтар оқиғасы тарихымызда қара дақ болып қалды.

Олар, әсіресе, радикалды діни ағым жақтастарын пайдаланған. Құлекеев олардың осы іс-шаралардың барлығына белсене қатысқанын және оларға нақты не істеу керектігі жөнінде тапсырмалар беріліп отырғанын жазады. Мұндағы мақсат бейберекетсіздік тудырып, бейбіт халықты наразылық акцияларына итермелеу болды.

Ол өз кітабында былай дейді: «Қаңтар оқиғасы кезінде біз саяси экстремизм, криминал және радикализм факторының бір-бірімен араласып кеткенін анық көрдік. Егер мұның алдын алмағанда төртінші, бәлкім, бесінші толқын да болар еді. Билік мұның жүзеге асуына жол бермеді. Дәл осы күндері шетелде, халықаралық терристік ұйымдардың қатарында жүрген азамат еліміздегі жасырын жүрген топтарға үндеу тастап, қарулы жиһадқа шақырды».

Президент Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында сол күндердегі күрделі саяси ахуалды былай деп сипаттайды: «Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді».

Мемлекеттік төңкеріс туралы нұсқаны «Менің өмірім» кітабында Нұрсұлтан Назарбаев та растайды. Оның айтуынша, болған оқиғаның басты себебі де осы билік үшін күрес болған: «Қаңтар оқиғасының басты себебі – билік үшін күрес. Экономикалық мәселелер тек осы күресті бастауға себеп ретінде пайдаланылды».

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылығына қатысты сот процесі барлық мәселеге нүкте қойды деуге болады. Кәрім Мәсімов «Мемлекетке опасыздық», «Билікті күштеп басып алу» мен «Билік пен қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану» баптары бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның орынбасарлары да ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Мысалы, дәл осы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылығының тапсырмасымен еліміздің өңірлеріндегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірнеше департаменті қараусыз қалып, нәтижесінде бұзақылар мұрағаттарды қиратып, қару-жарақтарды тонап кеткен. Сондай-ақ белгісіз себептермен стратегиялық нысан Алматы әуежайында алдымен күзет орнатылып, кейін олар толығымен таратылады. Нәтижесінде, бүлікшілер нысанды басып алды.

Уақыт сынына төтеп бере алмаған теория

Осы оқиғалардан ел есін жия алмай жатқан шақта қоғамда «Қаңтарда бейбіт митинг болды, ал қауіпсіздік күштерінің арандатуы салдарынан халық арасында құрбандар болды» деген пікір белсенді түрде тарай бастады. Бұл – елдің назарын маңызды мәселеден басқа жаққа аударып, төңкеріс ұйымдастырушыларын, қылмыскерлерді, бұзақылар мен ұрыларды жауапкершіліктен алып қашу сияқты көрінеді.

Себебі ол күндердің куәгерлерін сөйлетсек, жағдай мүлде басқаша болғанын түсінеміз. Ауғанстан және басқа да жергілікті соғыстар ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұрат Абдушкуровтің айтуынша, төтенше жағдай енді енгізілген 5 қаңтарда қалада тәртіпті қалпына келтіруге көмектесетін штаб құрылған. Денсаулық сақтау басқармасы ұйымға хабарласып, ауруханалар мен перзентханаларды қорғауға көмек сұраған. Себебі ереуілдеткендер ауруханаға басып кіріп, онда жатқан үзеңгелестерін ұрлап әкете бастаған.

Ал алматылық волонтер Жандос Сейіт ауруханалардың бірінде атқарған кезекшілігі туралы айтып берді. Онда 6 қаңтар күні соққыға жығылған және оқтан жараланған полиция мен әскери қызметкерлерді әкеле бастаған (олар наразылықты басу туралы емес, ауыздықтау туралы бұйрық алған).

«Кезекшілік кезінде бірінші болып патруль көлігі келді. Қолы жараланған әріптестерін әкелген екен. Бұл кезде қауіпсіздік күштері оқ ату туралы бұйрық алмаған болатын, ал өздері шығынға ұшырап жатты. Олар ота кезінде аурухананы күзетті. Полиция қызметкері отадан кейін бірден кетіп қалды. Одан кейін оққа ұшқан Ұлттық ұлан әскерлері жеткізілді. Ауыр көрініс болды», – дейді Жандос Сейіт.

Сондай-ақ бүлікшілердің құқық қорғау органдары, полиция бөлімшелері мен өңірлердегі Ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшелеріне шабуыл жасағаны белгілі. Олардың негізгі мақсаты – қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тартып алу болған. Бұл бейбіт шеру туралы түсінікке мүлде қарама-қарсы әрекеттер деп бағалауға болады.

Яғни, Қаңтар оқиғасының алғашқы күндерінде Қазақстанның әскери құрылымдары оқ атпады, тек қорғану тактикасын ұстанды. Сол күндері полицейлерді аямай сабаған видеолар кең тарағын есіңізде шығар. 2022 жылдың 15 қаңтарына дейін Қаңтар оқиғасы кезінде 4 353 адам жарақат алған, оның ішінде 3,4 мыңға жуығы – қауіпсіздік қызметкерлері. Ал полиция күш көрсетуді бірінші болып бастайтын болса, халық арасынан зардап шегушілер саны бұдан көп болмас па еді? Әрине. Сондықтан «бейбіт шерушілерге оқ атты» деген қауесет шындыққа жанаспайды.

Түрлі бағалаулар бойынша қирату, тонау, өртеудің кесірінен тек Алматыда ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша экономикамызға 3 миллиард долларға жуық шығын келтірілді. Талай шағын және орта кәсіп иелері күнкөріс көзінен айрылып, мемлекет көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Бұл – талан-таражға түскен дүкендер, қираған, өртенген ғимараттар, кейбір отандастарымыздың күйреген бизнесі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына ескертусіз оқу ату туралы бұйрықты тек 7 қаңтарда бергенін де естен шығармаған жөн, ал Қаңтар оқиғасының шарықтау шегі 3-4 қаңтарда болған. Бұл кездері полиция тәртіпсіздіктерді күш көрсетпей басуға тырысқан, соның салдарынан көптеген тәртіп сақшылары жараланады. 19-ы қаза тапты. Саны 200-ден асатын басқа құрбандар да негізінен Тоқаев қауіпсіздік күштеріне оқ ату туралы бұйрық бергенге дейін көз жұмды. Олар кімнің қолынан ажал құшты деген сұрақ оқырманға ой тастайды.

Наразылық білдірушілер ақылға келеді деп үміттенген билік ұзақ уақыт бойы бүлікшілерді келіссөзге келуге шақырды, бірақ олар тәртіпсіздіктерді, қауіпсіздік күштері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарына шабуылдарын жалғастырып, тонаумен айналысты. Болған оқиға халық наразылығы емес, бір немесе бірнеше орталықтан ұйымдастырылған тәртіпсіздіктер болғандықтан, нәтиженің басқаша болуы мүмкін емес еді. Сол күндері тіпті әйел адамдар да қымбат тондарды, иіс суларды үптеп кеткені туралы видео жарияланып жатты. Ал оларға қолы жетпегені «Магнум» дүкендер желісінен азық-түлікті жайпап жатты.

Ал негізінде 7 қаңтарда наразылық акцияларының басым бөлігі тоқтатылып, соған қарамастан тәртіпсіздік жасауды жалғастырып жатқандарға ғана оқ атуға бұйрық берілген. Басқаша айтқанда, Президент Тоқаев арандатушылар мен билікті басып алмақ болған топ тудырған хаосты негізге алып, шешім қабылдаған. Бүлік қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен ел тәуелсіздігіне қауіп төндіріп тұрған еді.

Мемлекет тұтастығына қауіп төндіргендер кім?

Қаңтар оқиғасы кезінде тұтқындалғандарға қатысты азаптау көрсеткені үшін Қазақстан жиі сынға алынды. Расында да, бүлік кезінде тұтқынға алынғандарды азаптау оқиғалары болды, оны ешкім жоққа шығармайды, жасыруға тырыспайды.

Бастысы, мемлекет аталмыш фактілерді қатаң әрі жүйелі түрде зерттеп, мұндай жайттарға кінәлілерді жазалап келеді. Біршама құқық қорғау органдарының қызметкерлері өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, тұтқындарды азаптағаны үшін сотталды. Тергеу Қаңтар оқиғасы аяқталғаннан кейін бірден басталады, осылайша 2023 жылдың көктеміне қарай 84 азаматты азаптаған құқық қорғау органының 35 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот процестері әлі же жалғасуда, тоқтамақ та емес.

Сонымен, 2022 жылғы төңкеріс әрекеті еліміздің тәуелсіздігі мен еркіндігіне қауіп төндірді. Ал бұл қауіп Қазақстан халқы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына жұдырықтай жұмылғанда ғана сейілді.

Егер сол қаралы күндері тойтарыс берілмегенде, бүлікшілер мен оларды ұйымдастырғандар мақсатына жеткенде бүгінде еліміздің күні қандай болары еді? Белгісіз. Бірақ реформа атаулыны көрмейтініміз анық. Бәлкім ескі Қазақстанның ескі стандарттарына қайта оралып, бір отбасының дәулетінің одан әрі артуына бір ел болып қызмет етуімізді жалғастыра берер ме едік, кім білсін?