Қапшағай қашан туризм орталығына айналады?

Қапшағай су қоймасының жағалауы көп жылдар бойы назардан тыс қалып келген еді. Енді бұл аумақ мүлде жаңа көрікке еніп отыр. Онда балалар алаңы мен спорт алаңдары, субұрқақтар, суға түсуге арналған ыңғайлы баспалдақтар, орындықтар мен жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Бұл құрылыс жұмыстары 2024 жылдың жазында басталған еді. Ал бүгінде толық абаттандыруы қоса аяқталған. Жаңа брусчатка төселіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды, жарықтандыру жүйесі толық жаңартылды. Жаңа алаңда балалар мен спорттық алаңдар, ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары мен демалыс аймақтары пайда болды. Жағалау енді субұрқақтармен, жағажайға түсуге арналған баспалдақтармен толыққан. 2025 жылғы наурызда соңғы кезең – гүлзарлар отырғызу мен қылқанжапырақты және жапырақты ағаштарды егу жұмыстары да аяқталды. Алматы облысының баспасөз қызметі:
«Бұл тек абаттандыру емес, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы әрі тартымды қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Қонаев қаласы мен Қапшағай жағалауы су туризмінің ірі орталықтарының бірі. Жаңарған жағалау өңірдің инфрақұрылымын жетілдіріп қана қоймай, оның инвестициялық әлеуетін де арттырады», – дейді.
Иә, расында, ұзындығы бір шақырым болатын жағалау бүгінде демалыс, серуендеу, спортпен шұғылдану мен отбасылық уақыт өткізу үшін барлық жағдай жасалған кең әрі заманауи кеңістікке айналған. Жобаның жүзеге асуына КСЖ Freedom Life компаниясы 4,53 миллиард теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетіпті.
«Бұл кеңістікті шын мәнінде заманауи әрі тартымды ету үшін біз айтарлықтай ресурстар, уақыт пен күш жұмсадық. Бұл жай ғана инфрақұрылымды жақсарту емес, Қонаев қаласының болашақ дамуына қосқан нақты үлесіміз. Біз қаланың зор әлеуетіне сенеміз. Мұндай жобалар оның өмір сүруге жайлылығын арттыра түседі», – дейді Freedom Holding Corp-тің бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Жағалаудың ресми ашылуынан кейін нысан коммуналдық меншікке берілген. Қонақтар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылып, отандық өнерпаздар мен би ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт өткізілген.
«Біз ірі холдинг ретінде ESG қағидаттарын ұстана отырып, қалалық ортаны жайлы әрі шабыт сыйлайтын етіп қалыптастыруға бағытталған жобаларға басымдық береміз. Freedom Life компаниясы соңғы алты жылдан бері өмірді сақтандыру саласындағы цифрлық қызмет көрсету бойынша көшбасшы болумен қатар, әлеуметтік маңызы бар бастамаларға да ерекше көңіл бөліп келеді. Қонаевтағы жағалауды абаттандыру бизнестің қалалық инфрақұрылымды дамытуға қосқан маңызды үлесі. Бұл біздің саналы стратегиямыздың ажырамас бөлігі, халқымыздың жарқын болашағына бағытталған нақты қадам», – дейді КСЖ Freedom Life басқарма төрағасы Азамат Ердесов.
Альфия Жәнібекқызы
Алматы облысы