Қара селеннің алғашқы партиясы Балқашта бірегей технология бойынша өндірілді
Қара селеннің алғашқы партиясы Балқаш қаласында қазақстандық ғалымдар әзірлеген бірегей технология бойынша өндірілді. Бұл Қазақстандағы вакуумды айдау әдісін қолданатын алғашқы өнеркәсіп.
СТ-1 техникалық сортты селенді Балқаш қаласындағы «Қазақмыс Прогресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің селен тазарту және қож өңдеу цехы шығарды. Жаңа бірегей технология селеннің қосылған құнын әлемдік нарықтағы бағаның 30 пайызынан 97 пайызға дейін арттырды. Алғашқы жөнелтілім 100 тонна болды. Партиядағы селен мөлшері 99,5 пайыздан кем емес.
Вакуумды айдау әдісі реагенттерсіз селенді жоғары дәрежеде тазартуды қамтамасыз етеді, бұл процесті экологиялық таза етеді. Технологияны қазақстандық ғалымдар жасаған. Оның арқасында әлемдік түсті металдар нарығының талаптарына жауап беретін өнім шығаруға мүмкіндік беретін бірегей қондырғының жұмысы игерілді.