Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:32

Қарағанды облысы – «Таза Қазақстан» жобасының драйвер өңірі

1

Қазақстанда қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы экологиядан бөлек, цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу, әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың өмір сапасын арттыруды көздейді.

 Осы орайда Қарағанды облысы аталған бастаманың алдыңғы шебінде тұр. Өңірде өнеркәсіптен бастап, көлік-логистика және агроөнеркәсіп кешеніне дейін жаңа жобалар іске асырылуда.

Өнеркәсіп: 120 инвестициялық жоба

Алдағы жылдары Қарағанды облысында 120 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Оның 29-ы биыл іске қосылады. Тау-кен өндірісі мен қайта өңдеуге басымдық беріліп отыр: ыстық мырыштау зауыты іске қосылды, тұрмыстық техника шығаратын өндіріс жолға қойылды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, өңір индустриялық жүрек ретінде жаңа технологиялар мен дәстүрлі өндірістерді ұштастыруы қажет. «Сарыарқа» АЭА мен Saran индустриялық аймағы шетелдік инвесторларды тартудың негізгі алаңына айналып отыр.

Транзиттік әлеует: Еуразия хабы жолында

Қарағанды облысы көлік-логистика саласында да қарқынды дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде CargoHUB Karaganda мультимодальды аэрохабы құрылуда. Сарыарқа әуежайында жаңғырту жұмыстары жүріп, жанармай құю кешені салынуда.

Электрондық коммерцияға арналған Teez қоймасы іске қосылып, жылына 27 миллионға дейін тапсырыс өңдеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. 2030 жылға қарай Қарағанды әуежайы арқылы өтетін жүк көлемі 15 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін ұлғаймақ.

АӨК: агротехнологиялық хаб пен жаңа өндірістер

Ауыл шаруашылығында облыста жалпы құны 23 млрд теңгеден асатын 30 жоба іске асырылуда. Осакаров ауданында 28 мың тонна сыйымдылығы бар заманауи элеватор салынып жатыр. Сонымен қатар жаңа сүт фермалары мен қайта өңдеу кәсіпорындары ашылуда.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 480-ден астам шағын несие беріліп, 800-ден аса жұмыс орны ашылды. Агротехнологиялық хаб құру арқылы өңір аграрлық ғылым мен өндірісті біріктіретін орталыққа айналмақ.

Цифрландыру мен жасанды интеллект

«Таза Қазақстан» міндеттері аясында облыста жасанды интеллект элементтері енгізіліп жатыр. Жолдардың жағдайын автоматты бақылау жүйесі – JoLScan, азық-түлік бағасын бақылауға арналған нейрондық желілер, көлік кептелісін азайтуға бағытталған интеллектуалды платформалар іске қосылды.

Қарағанды облысының өнеркәсіп, көлік және аграрлық жобалары ел Президентінің Жолдауында айтылған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» тұжырымдамасына сай жүзеге асуда. Бұл бастамалар «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының нақты өңірлік көрінісі болып, халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономиканың тұрақты дамуына ықпал етпек.