Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:51

Қарағанды облысының әкімі Сәпиевпен болған іске пікір білдірді

Ермағанбет Бөлекбаев
Фото: gov.kz

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев дене шынықтыру және спорт басқармасындағы оқиғаға байланысты шұғыл бағалаулар мен асығыстық қорытындылар жасамауға шақырды.

Ол тексеріс аяқталғаннан кейін және тергеу нәтижесінде заңдық баға берілетінін айтты.

«Қате әрекет болса, ол үшін жауапкершілік болуы тиіс. Әлі кейбір жұмыстар бар, олар үздіксіз және заңға сәйкес атқарылуы қажет. Біз бұны бұрын да жариялағанбыз, қазір тағы қайталаймын: мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті аталған жағдайға тексеру жүргізеді, сонымен қатар басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Инцидент бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, әрбір әрекетке заңдық баға беріледі», - деді облыс әкімі аппараттық кеңес барысында.


Ермағанбет Бөлекбаев барлық мемлекеттік қызметшілердің заң мен қызметтік этика нормаларын сақтау қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, 23 қаңтар күні Олимпиада чемпионы, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевті орынбасары ұрып тастады деген ақпарат тарады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжал 21 қаңтар күні Қарағандыдағы облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында болған. Серік Сәпиев пен оның орынбасары, танымал самбошы Дәурен Есімханов арасында әуелі сөз жүзінде келіспеушілік туындап, арты төбелеске ұласқан. Нәтижесінде Серік Сәпиев дене жарақатын алған.

Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл бап айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасын қарастырады.

Қарағанды облыстық полиция департаменті редакциямызға оқиғаны растады.

"42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды", - деп мәлімдеді Қарағанды ПД өкілі.

Алайда кейіннен әлеуметтік желіде Серік Сәпиевтің таяқ жемегені тек орынбасарымен келіспей қалғаны туралы видео тарады. Бейнеде екеуінің жанжалдасқаны бейнеленген, алайда дене жарақатын салатын төбелес байқалмайды.