Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:12

Қарағандыда полиция көзінше соққыға жығылып, қаза тапқан Нұргелді Наукеновтің туыстары әділдік іздейді

Наукенов
Фото: ЖИ

2024 жылғы 4 қыркүйекте Қарағандыда болған оқиға қоғамды дүр сілкіндірді.

Ұлытау облысынан ұлының оқу ақысын төлеу үшін келген 39 жастағы Нұргелді Наукенов ауыр соққыдан кейін қаза тапты. Оның өліміне байланысты қылмыстық іс жүргізу барысында бірқатар күмәнді жайттар мен полиция әрекетсіздігі болған.

Туыстарының айтуынша, сол күні Наукенов таныстарымен асханада болған. Бір кезде олар марқұмды далаға шығарып, итеріп жіберген. Ол басымен асфальтқа құлап, ауыр жарақат алған. Кейін үш ер адам мен досы Наукеновты жалдамалы пәтерінің кіреберісіне алып келген.

Бұл сәт полиция көз алдында болғанымен, тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданбаған. Кейін белгілі болғандай, сол жерде тұрған полицейдің айыпталушылардың бірімен туыстық байланысы бар болып шыққан.

Марқұмның телефонынан кейін 740 мың теңге шешіп алынған.

Соққыдан кейін Наукенов бірнеше сағат бойы аулада жүрген. Көршілер полиция шақырғаннан кейін ол бөлімшеге жеткізілген. Үш сағат бойы ол басының қатты ауырғанын айтқанымен, жедел жәрдем шақырылмаған. Полицейлер оны мас деп есептеп, медициналық көмек көрсетпеген.

Марқұмның әпкесі Айгүл Наукенова:

«Олар жарақат алған адамды мас адамнан айыра алмаған. Оның беті мен басы ісіп тұрғанын көрген. Бұл екі полицей де бауырымның өміріне немқұрайлы қарағаны үшін жауапқа тартылуы тиіс»,- дейді.

Полиция үш сағаттан кейін Наукеновты 16 жастағы ұлына тапсырған. Ұлы әкесін қонақүйге алып кеткен. Бірақ түнде Наукенов көз жұмған.

Сараптама қорытындысы бас сүйегі сынғанын, миына қан құйылғанын көрсеткен.Өлім себебі – бас сүйек-ми жарақаты.

Тергеу ісіндегі күмәнді жайттар 

Айгүл Наукенова тергеу ісіне сенбейді. Ол өзі бейнекамера жазбаларын, банкомат операциялары мен қоңыраулардың детализациясын тапқан. Марқұмның телефоны бірнеше күн қосулы болғанымен, еш шара қолданылмаған.

Оқиғаға қатысы бар алты адамның үшеуі ғана жазаланған:

  • Бірі – ҚР ҚК 104-бабы («Абайсызда кісі өлтіру») бойынша 1,5 жылға сотталып, 9 айда босатылған;
  • Екеуі әлі бостандықта;
  • Қалғандары мүлде жауапқа тартылмаған.

Айыпталушылардың бірі марқұмның телефонын «нөлді төрт рет басып» ашқанын айтқан. Бірақ баласы парольдің басқа болғанын мәлімдеген. Туыстары оны екінші рет соққыға жығып, мәжбүрлеп ашқызған болуы мүмкін деп есептейді.

Оператор деректері телефон ашылған кезде оның пәтер маңында болғанын көрсеткен.

740 мың теңгенің жұмсалуы 

Туыстардың айтуынша, ақша бір күнде құмар ойындарға, пәтер жалдауға және қыз шақыруға жұмсалған.

Адвокат Инга Иманбай бұл істі бөлек-бөлек қылмыс ретінде емес, ҚР ҚК 28-бабы («Қылмысқа қатысу, сөз байласу») бойынша кешенді түрде қарау керек дейді.

Инга Иманбай айыпталушыларды мына баптар бойынша жауапқа тартуды талап етеді:

  • ҚР ҚК 106-бабы, 3-бөлік – «Ауыр дене жарақатын салу»;
  • ҚР ҚК 191-бабы, 2-бөлік – «Тонау»;
  • ҚР ҚК 434-бабы – «Қылмыс туралы хабарламау».

Сонымен қатар ол жедел жәрдем шақырмаған екі полицейді де жауапқа тарту және істі ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың ерекше бақылауына алуды сұрайды.

Тегтер: