Қарағандыдағы ірі кәсіпорындар жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетіп жатыр
Қазіргі кезде Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, бірқатар салық төлемдерін республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке кезең-кезеңімен аудару схемасы әзірлену үстінде
Қарағанды облысында өңдеуші кәсіпорындарды қолдауға және жаңа инвестиция тартуға дамытуға баса назар аударылады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған жолдауынан соң аймақ активімен өткізген жиында осылай айтты.
Қазіргі кезде Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, бірқатар салық төлемдерін республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке кезең-кезеңімен аудару схемасы әзірлену үстінде. Аймақтағы өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының дерегінше, бүгінде өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 75 пайызды құрап отыр.
-Соңғы үш жылда бұл бағыттағы өнім көлемі 26 пайызға, теңгемен есептегенде 600 миллиардқа өскен. Былтыр Қарағандылық өнімдер Қытай, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, БАӘ, Ресей, Еуропалық одақ және өзге елдерді есептегенде 40-тан аса елге экспортқа шыққан. Атап айтқанда: экспортқа жөнелтілген тауарлардың ішінде мыс, ферроқорытпалар, машина жасау, резеңке бұйымдары, құрылыс жабдықтар, химия және жеңіл өнеркәсіпке арналған өнімдері, кабель мен сым бұйымдары бар. 2023-жылдың жеті айында өңдеу өнеркәсіптерінің өнім көлемі шамалап айтқанда 1,5 триллион теңгені құрады. Болашақта машина жасауды өңдеу көлемін 10 пайызға жеткізу көзделуде,- деп мәлімдеді өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр.
Аймақтың көмір өңдеу саласында оң серпін бар. Қараметаллургия кәсіпорындарында заманауи озық әдістер қолданысқа енгізілген. Мәселен, Asia Ferroaiioys алаңында металлургия саласында қолданатын күлділігі төмен жоғары сапалы көмір концентратын өндіретін байыту зауыты салынды. Былтыр ERG компаниясы Шұбаркөл кенішінде қызуы жоғары сапалы көмір өндіруді қолға алды.
-2023-жылдың соңына дейін компания кокс өндіру бойынша ірі инвестициялық жобаны бастайды. Осылайша 2030 жылға дейін компания 1,5 триллион теңгені құрайтын 55 инвестициялық жобаны игеруді межелеп отыр. Оның 33-і өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Өз кезегінде, облыстағы металлургия, құрылыс индустриясы, машина жасау, химия өнеркәсібі, қағаз өндірісі сияқты салаларда жаңа өндірістер құрылады. Тек биылғы жылы құны 125 млрд теңгеге жететін 11 жаңа өндіріс орны іске қосылып, 2 мың адам жұмысқа тартылған. Қазіргі таңда «Сарыарқа» АЭА аумағында «Литейщик» гофрленген құбыр шығаратын зауыттар, селен тазартатын және асыл металды өңдейтін жаңа цех қатарға қосылды,-дейді басқарма басшысы Д. Бұлқайыр.
Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы облыстағы ірі өнеркәсіп орындарына тапсырыс беру арқылы жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға маңыз беріп отыр. Бүгінгі таңда «АрселлорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» корпорциясы аясында орта және шағын бизнес белдеуін құру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар облыстағы 38 кәсіпорын аймақтық мәртебесін алып, ол бойынша 13,2 млрд теңгеге келісі-шарт жасалды.
Айтбала Сүлейменқызы