Қарашөкеев 48 миллиард қаржыны жарата алмай жатыр...
Жамбыл облысына биыл 701 миллиард теңге қаржы бөлінгенде Қарашөкеев қолын ысқылап, әр тиынын шашау шығармай жұмсауды мойнына алып, жұмысты жапырып істеуге жұлқына кіріскен еді. Үкіметтен бұл қаржыны алудың өзі де оңайға түспегені, талас-тартыспен бөлінгені белгілі.
Енді, міне, жыл аяқталуға небәрі 10 күн ғана қалған мерзімде жамбылдық шенділер 48,2 миллиард теңгені игере алмай, қыруар қаржыны жұмсаудың сан түрлі жолын іздеп жанталасып жатыр.
Жалпы, желтоқсанның 20-сы күнгі мәлімет бойынша Жамбыл облысы жылдық жоспарды 91 пайызға ғана орындап отыр. Бұл дегеніңіз бақандай 64 миллиард теңге әлі күнге игерілмеген деген сөз. Бұдан республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен кредиттердің түспей қалғанын алып тастағанның өзінде алдағы алты күнде жамбылдық шенділер 48,2 миллиард теңгені игеруі қажет.
Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы басқасқармасының басшысы Б.Әкектің келтірген деректеріне сүйенсек, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері 15 миллиард теңгені игере алмай отыр. Атап айтқанда, Тараз қаласы 3,5 миллиард, Талас ауданы 3,2 миллиард, Меркі ауданы 2,4 миллиард, Қордай ауданы 1,4 миллиард теңгені тиімді жұмсай алмаған. Ал басқармалар бойынша ауыл шаруашылығы 13,2 миллиард теңге, құрылыс басқармасы 8,3 миллиард, энергетика 1 миллиард теңгені игере алмаған.
«Жинақталған мәліметтерге жүргізілген талдау қорытындыларына сәйкес, жыл қорытындысымен 23,4 миллиард теңге қаржының игерілмеуі күтіліп отыр. Жиырмасыншы желтоқсан күнгі жағдай бойынша жылдық жоспардың тек 91 пайызын игеріп отырмыз. Игерілмейтін қаражаттарды есептен алып тастайтын болсақ, жыл соңына дейін 48,2 миллиард теңге қаражатты игеруіміз қажет.
Ағымдағы қаржы жылының аяқталуына алты ақ күн қалды. Қазынашылық комитетінің хатына сәйкес, төлем шоттарды ұсынудың соңғы күні 27-ші желтоқсан. Осыған байланысты жұмыстарды жандандырып, игерілмейтін нысандар бойынша қосымша келісімдер жасау бойынша жұмыстарды жылдамдату керек» деп Әкек әкімдерге қарады, әкімдер төмен қарады.
«Қаржыны неге игере алмай жатырсыздар?» деген Қарашөкеевтің сұрағына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бастаған бірнеше аудан әкімдері қырық сылтау айтып, «өйтеміз де бүйтеміз» деп судырата жөнелгенімен, жыл бойы істелмеген жұмыс қалған алты күнде атқарылып кететіні ақылға қонбайды. Тек Меркі ауданы әкімі Баубековтің орынына жауап берген аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков игерілмеген 2,4 миллиард теңгенің жұмыстары бойынша нақты фактіге сүйене отырып жауап берді. Ол аудандағы құрылысы биыл жүргізіліп, пайдалануға берілуі тиіс бірнеше нысанда жұмыстар әу баста дұрыс жоспарламағанын, қаржы бөлінген нысандарда кемшіліктердің көп болғанын жасырмай ашық айтты.
Сонымен қатар, қазіргі таңда облыстық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында қаражаттардың жетіспеушілігі алаңдатып отыр. Оған Тараз қаласы бюджетінің меншікті кірістерінің төмен болуы және Тараз қаласындағы тұрғындарға пәтерлерді сатудан түсетін түсімдердің орындалмауы негізге себеп болып тұрған көрінеді. Одан бөлек, полиция департаментінің айыппұлдары есебінен орындалмайтын кірістердің орнын жабу көзделіп отыр екен.
Біз бұл мақалада миллиардтаған қаржыны игере алмай отырған қала, аудан әкімдері мен басқармаларды ғана мысалға келтірдік. Әйтпесе, қалғандары да 900 миллионнан бастап әр түрлі сомма да қаржыны тиімді жұмсай алмаған.
Бұл ретте қызығы жарты жылдан аса уақыт әкімсіз отырған Байзақ ауданы қаржы игеруде 1-ші орында тұр. Байзақтық шенділер әкім жоқта жылдық жоспарды 98,9 пайызға орындап, әкімдіктің есепшотында 130,5 миллион теңге ғана қалыпты. Ол қаржы ауданға күні кеше тағайындалған Олжас Баққараев бір әуп десе, біткелі тұр.
Әрине, әкім Баққараевтың қаншалықты іскерлігі бұйырса келер жылы көрінеді. Ал ең көп қаржы игерілмеген ауыл шаруашылығы басқармасы – 13,2 миллиард теңге. Басқарма басшысы Қайрат Көшенов облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің кадры. Маусым айында өңірде қара шегірткелер қаптап, шаруалар шу көтергенде бұл басқармаға соңғы қызметтерінде Қарашөкеевтің қол астында министрлікте істеген, Шырақбайұлымен ұшып-қонып бірге жүрген Көшенов келген еді. Алайда, Көшенов келгелі 6 айда игере алмаған 13,2 миллиард теңгенің 6 күнде қаншасын тиімді жұмсай алатыны белгісіз.
Әрине, қазынадан бөлінген қыруар қаржының әр тиынын өңір тұрғындарының игілігі үшін шашау шығармай, тиімді жұмсау әкімге тікелей байланысты. «Ала жаздай ән салып» жүріп, жыл аяқталуға алты күн қалғанда Қарашөкеевтің қабағын түйіп, жер тоқпақтап жиын өткізгенінен не пайда? Бәрі де жұмысы дұрыс жүйеге түспегенінен, жобалары шикі болып, піспегенінен болса керек-ті.
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ