Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 19 Маусым 2024

Қарашөкеев қара шегірткемен қалай күресіп жатыр?

Қарашөкеев
Фото: world-nan.kz

Жамбыл облысының жер көлемі бойынша жартысына жуығын алып жатқан Мойынқұм ауданының шаруалары жылда жаз шыққаннан су үшін болатын талас-тартыстың соңы қырғын-төбелес, «соғысқа» ұласып кете жаздайтыны жайлы аз жазылған жоқ.

Бірақ Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің биыл біз бірінші кезекте Мойынқұмға су жеткіземіз дегеніне жергілікті шаруалар «су патшасы Сүлеймендей» көріп, сеніпті. Алайда бүгін маусым айының 17-сі күнгі дерек бойынша Мойынқұмның каналдары, арық-атыздары қаңсып тұр.

Мойынқұмдық шаруалардың айтуынша, мамыр айының соңына дейін ауылдарына су келіп тұрыпты. Бірақ бау-бақшаға нағыз судың керек кезінде бірте-бірте тартылып, маусым басталғалы тіпті каналдар мен арық-атыздар қаңсып қалған. Әне жібереді, міне су келеді деумен міне айдың ортасынан асып барады», – дейді жергілікті шаруалар.

Бізге хабарласқан мойынқұмдық шаруа Ғибадат Құрманәлиев: «Сіздің «Жас Алаш» газетінің №32 санында жарық көрген «Жамбылдың бюджеті қарыз жабуға кетеді. Оған әкім Қарашөкеев те, орынбасары Тамабек те кінәлі емес, бәріне отыз жыл кінәлі» мақалаңызды оқыдық. Оқыдық та қуандық. Сонда мойынқұмдықтардың мәселесі туралы сұрағыңызға облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің: «Биыл ҚазСуШар-ға берілген бірінші тапсырма суды шалғайдағы Мойынқұмға жеткізесің. Екінші Шудың төменгі сағасындағы ауылдар Далақайнар, Қонаев ауылдарына жеткізесің. Одан кейін барып Тасөткелдің басындағы ауылдарға су бересіңдер. Содан соң тәлімдік алқаптарға егістік еккендерге су бермеуді қатаң қадағалау. Бірінші кезекте суармалы жерлер су ішу керек. Осы кезге дейін судың басында отырғандар суға қарық болып, төменге жетпей келген болса, биыл біз төменнен жоғары қарай су жеткіземіз деп отырмыз. Төмендегі ауылдардың жазығы жоқ қой. Жоғарыдағылардың заңсыздығынан шалғайдағы шаруалар зиян шекпеу керек деген ұстаныммен осындай қадамға барып отырмыз. Биыл міндетті түрде Мойынқұмға су барады деп сеніммен айта аламын» дегенін оқып, бәрекелді деп қуанып-ақ қалған едік. Енді ше, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзімен бірге алып келген орынбасарының сөзін облыс әкімінің сөзі деп қабылдадық. Бірақ, міне, маусым айының ортасынан асып барады, су жоқ. Шу ауданының аумағындағы «Балық шаруашылығы» округі аумағында бөгетті бұзып кетті, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деп естідік. Бұл қашан бітеді? Биыл анау-болды, мынау болдымен тағы сусыз қаламыз ба деп қорқамын. Бұл мәселені шешетін ауданымызда қазір әкім жоқ. Бір айдан бері бос тұр. Бірінші Мойынқұмға су жеткіземіз деген облыс басшыларының сөзі де бос сөз болып тұр. Облыс басшыларына мән-жайды айту үшін барайық десек бізді қабылдамайды. Шаруалардың мұң-мұқтажын газеттеріңіз арқылы жеткізсек деп хабарласып тұрмын», – дейді.

Ауылының шаруалары шулап жатқаны Қарашөкеевке жақпай қалған болу керек, жуырда Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбековті қызметінен кетірген болатын. Ал шалғайдағы аудан «басшысыз ел жетімнің» күйін кешіп отыр.

Газет бетінде көлдек ғып уәде берген Әбілхайыр Тамабектің сөзіне сеніп, көктемге алаңсыз шаруаларын бастаған мойынқұмдықтар енді сарыуайымның астында қалды. Егер су жеткізе алмаса, Тамабек шаруалар көңілін үміттендіріп, уәде бермей, үндемей-ақ қойса, бұлайша жұрт көңілі шайлықпас еді.

Шалғайдағы Мойынқұмда су мәселесі ушығып тұрған болса, Тараздың іргесіндегі Байзақ ауданының шаруалары шегірткеден көресіні көріп отыр. Алқаптарды дер кезінде дәрілемеудің салдарынан ауданның бірнеше ауылында қанатты жәндіктер қаптап, шаруалардың еңбегін еш, тұзын сор қылып, бау-бақша дақылдарын жайпап кеткен. Бұл ауданды экс-премьер Әлихан Смайыловтың зейнет жасын күтіп отырған туыс ағасы Бақыт Қазанбасов басқарады. Анау-мынауыңды тыңдай қоймайтын Қазанбасовтың қаптаған шегірткеге бола басы қазандай болып жүр дей алмаймыз. Қазанбасовтың әрекетіне қарап, қара шегірткелермен күресті Қарашөкеевтің министрліктен ертіп келген орынбасары Әбілхайыр Тамабек пен сол министрліктен жуырда Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына басшы болып ұшып келген Қайрат Көшенов жеңіп алсын деп жайбарақат жүргендей...

Нұрболат ӘЛДИБЕК

Жамбыл облысы