Қарашөкеев Сыздықбековтің жүрісін үйренсе...
Қайбір күні Шымкентте классикалық шахматтан әйелдер арасындағы әлемдік Гран-при кезеңі өтіп, соңғы турында шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков отандасымыз Бибісара Асаубаеваның алғашқы жүрісін жасады.
Әкімнің әрекетін «пиар, қиял» деп, «мүмкін бокстан жарыс өткізіп, бірінші соққысын да жасайтын болар» деп мысқылдағандар болды. Көршісіне қарап бой түзейтін халықпыз ғой, бірақ біз Шымкенттің әлемдік Гран-при кезеңін өткізіп жатқанына, әкімінің жарысты көруге келгеніне, қолдау білдіргеніне қызыға қарағанымызды несін жасырайық. Бұл ретте жамбылдықтар Қарашөкеевті өңірдегі шахмат жарыстарына ат жіберіп деп әсірелемей-ақ қоялық, әкімге хатты жазуындай-ақ жазып, келтіре алмай жүр.
Соңғы жылдары еліміздің әйелдер құрамасы мен жасөспірім-жас шахматшылары айтарлықтай нәтиже көрсетіп жүр. Биылғы шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасының күміс медаль жеңіп алуы, 20 жасқа дейінгі шахматшылардың әлем чемпионатында Қазыбек Нөгербектің чемпион атанғаны, күні кеше Бразилияда аяқталған 14, 16, 18 жас ерекшеліктері бойынша ұлдар-қыздар арасында 6 жүлде жиынтығы сарапқа салынған әлем чемпионатында 3 күміс, 1 қола медаль жеңіп алғаны аз олжа емес. Бұл күндері Италияда 8, 10, 12 жас ерекшеліктері бойынша әлем чемпионаты өтуде. 15 қарашада басталған әлем біріншілігінің 3-тур қорытындысы бойынша 8 жасқа дейінгі ұлдар арасында Нұрмұхамед Елемес пен Нұрәли Нұршин 3 кездесуінде де жеңіске жетсе, 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында Әлімжан Жауынбай мен Рамазан Төлеген, 12 жасқа дейінгі шахматшылардан Әлішер Әбдісаттар үздік ойын көрсетуде. Ал қыздар бәсекесінде 10 жасқа дейінгі шахматшылардан Аланна Берікқызы, Жансая Шолпанбек пен Милана Филиппова қарсылас шақ келтірмей 3 ойыннан 3 ұпай жинаса, 12 жасқа дейінгі қыздар арасында Ханзада Аманжол үздік ойынымен тәнті етті.
Енді Жамбылдағы шахматтың жағдайына оралсақ. Еліміздің әр түкпірінде қарқынды дамып жатқан балалар шахматы өңірде неге тұралап қалды? Қарап отырсақ, Жамбыл облысы 2016 жылы оқушылар арасындағы ел чемпионатында жалпыкомандалық есепте 3-орын алған екен. Содан кейін Жамбыл облысы көзге түскен емес. Спорт басқармасының басшылары шахматты шашкимен шатастыратындардың сортынан болып, шахматшылардың соры болып келеді. Міне, содан бері 8 жылда өңірде ойлылар ойыны құлдыраудан құлдырау үстінде. Сегіз жылдан бері өңірдегі шахматшылар гроссмейстер, халықаралық немесе ФИДЕ шеберін айтпағанда, спорт шебері нормативін орындай алмай келеді.
Жамбылда шахмат үйін ашсақ деп армандап жүргелі де бірнеше жылдың жүзі болыпты. Айтуларынша, бұл мәселені бұрынғы әкімдер Мырзахметов, марқұм Сапарбаев, Нұржігітовтерге айтқанмен, сол айтылған жерде қалған. Шымкенттің әкіміндей шахмат жарысында жүріс жасамай-ақ қойсын, мейлі жарыстарға да бармай-ақ қойсын, бірақ Қарашөкеев шаршы тақта шеберлерін шақырып, мәселесін талқыласа қанеки?
«Тұлпар болар жылқыны, құлын кезінен танисың» демекші, өңірде Айару Каипова деген 7 жасар шахматшы бүлдіршін қыз бар. Былтыр 6 жасар шахматшылар арасында еліміздің чемпионы және шығыс-орталық Азияның жеңімпазы атанған. Бірақ сол қызға облыстық спорт басқармасы тарапынан ешқандай көмек болмай тұр. Жуырда Тайландта өтетін халықаралық жарысқа жолдама алған Айаруға жанына бірге баруға әкесі Ниязбек спонсор іздеп, шарқ ұрып жүр.
«Айару 4 жасынан шахмат ойнап үйренді. 6 жасында түрлі жарыстарды жеңді. Бибісара Асаубаеваны білесіздер, 6 жасында өз қатарластары арасында әлем чемпионы болған. Айаруға жерлесіміз Бибісараның жеңісті жолын берсін деп тілеп, жарыстардан қалдырмауға тырысып жүрмін. Күн санап ойыны өсіп жатқан қызымның шахматы соңғы күндері сәл бәсеңдеп қалғандай. Тараздан шахмат үйін ашса, гроссмейстер атағы бар жаттықтырушылар шақырса, тамаша болар еді. Облыстық спорт басқармасы жас шахматшыларды ел ішілік, алыс-жақын шет елдерге жарысқа қатысуына қаржылай қолдау көрсетсе, гранттар берсе, демеушілер тартса деген тілегіміз бар. Бірақ мұның бәрі қазіргі күні құр қиял, арман ғана болып тұр», – дейді Ниязбек Каипов.
Сөзіміздің басында Шымкентте классикалық шахматтан әйелдер арасында әлемдік Гран-придің екінші кезеңі өткенін жаздық. Бұл сында әлемнің әр түкпірінен жиналған, әлемдік рейтингте ең жоғары тұрған 10 нәзік жанды айналмалы жүйе бойынша ойнады. Отандастарымыз арасында жалғыз Бибісара Асаубаева жарысқа қатысып, үшінші орын алды. Орайы келгенде айта кетейік, Бибісара шахмат әліппесін Таразда үйренген. Алғашқы жаттықтырушысы марқұм Миятбек Сраилов болған екен. Яғни бұл Гран-при кезеңін Таразда өткізуге мүмкіндік мол еді. Тіпті спорт басқармасы алдағы жылдары Бибісара Асаубаева атындағы жасөспірім-жастар арасында халықаралық жарыс өткізсе, дәстүрге айналдырса қандай ғанибет.
Бекер обалы не керек, президент Тоқаевтың пәрменімен өңірде шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспары жасалған. Мысалы, Жамбыл облысында бастауыш сыныптағы балаларды шахмат үйретумен 20 пайыз қамту, көппәтерлі тұрғын үйлердің жанынан кемінде 10 шахмат клубын ашу, еліміздің құрама командасының қатарына ену, 20 жасқа толмаған шахматшылардың «ҚР спорт шебері» атағын орындауына мүмкіндік жасау, Республикалық, Азия, Әлем және халықаралық турнирлерге, басқа да ресми жарыстарда облыстың шахматшылары жеңіп алған медальдар санын ұлғайту. Бірақ екі жылда мұның біреуі де орындалмаған. Жамбылда 10 емес, 1 клуб ашылмаған, бірде-бір жамбылдық шахматшы әлем немесе Азиядан жүлде алмаған. Облыстық шахмат федерациясы тарапынан бірде-бір бала халықаралық жарысқа қатыспаған. Қаржы бөлінбеген. Жекелей өздері алып барған халықаралық жарыстарды айтпағанда. «ҚР спорт шебері» атағын да ешкім орындамаған. Яғни әдетте президенттің тапсырмасын көз қылып болса да «орындап» жататын Жамбылдағы жағдай осындай.
Күрес пен боксқа құмар Қарашөкеев шахматты өңірде өгейсітпей, «ештен кеш жақсы» десе де дамытуға қашан кірісер екен? Сыздықбеков сияқты өтірік болса да бір жүріс жасайтын кезі келген сияқты...
Нұрболат Әлдибек
Жамбыл облысы