Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:05, 05 Желтоқсан 2023

Қаражалда қазақ-қырғыз айтысы өтті

айтыс
Фото: из открытых источников

Айтыс – елдің өткені мен бүгінін саралайтын халқымыздың ұлттық төл өнері. Заманның тұрмыс-тіршілігі мен кемшін тұсы бүкпесіз тура айтылатын тартысқа толы дода еліміздің түкпір-түкпірінде жиі өткізіліп тұрады. Жасампаз өнерді ұлықтау осы жолы Ұлытау облысына бұйырыпты. Ұлытау облысына қарасты Қаражал қаласында «Келешегі кемел – Кенді өлке» атты ақындар айтысы өтті. Қала әкімдігі мен «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» қолдау көрсеткен «сөз барымтасына» қырғыз елінің ақындары да қатысты.

Еларалық айтыстың басты тақырыбы – қазақ-қырғыз ынтымағы мен татулығы, екі елдің бірлік-берекесі болды. Шарада Қазақстан мен Қырғыздың әр аймағынан келген айтыскерлер сөз маржанын тізіп, домбыра үнімен құлақ құрышын қандырып, кестелі сөзбен үзеңгі қағыстырып, айтыстың абыройын асқақтатты. Айтыс болады дегенді ести сала жиналған қаражалдық айтыссүйер қауым залды лық толтырып тастады, тіпті бұрышқа тіреле көрген көрермендер де аз болмады.

Қос елдің намысы қорғалған додада «Қос бәйге» тігіліп, ортақ мұраның жеңімпаздарын еселеді. Айтыстың төреші сабында Мұханбетқали Сейтқазинов, Қойлыбай Асанов, Светлана Жумкина, Тілеген Әділов, Айтбай Жұмағұлов отырды. Қазылар алқасының төрағасы айтыс жанашыры Жүрсін Ерман болса, Аманжол Әлтай жарысқа тең төрағалық етті. Бағалаушы тараптың айтуынша, екі елдің қамшы салдырмайтын айтыс дүлдүлдері бұл жолы да өздерінің бабында екенін көрсеткен.

Кенді өлкеде өткен сайыста, қарсыластарына дес бермеген Аспанбек Шұғатаев пен Изат Айдарқұлова бас бәйгені қанжығаларына байлады. 1 орынды жеңіп алған Дидар Қамиев пен Ақматбек Сұлтанұлы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Біржан Байтуов пен Асылбек Маратов 2 орынға жайғасты. Астана қаласының намысын қорғаған Мейірбек Сұлтанхан мен қырғыз ақыны Мақсат Кулуев 3 орынды өзара бөлісті.

«Халықаралық ақындар айтысында 1 орын бұйырды. Осымен Қаражал қаласында үшінші рет айтысып, үшінші мәрте 1 орын алып отырмын. Жүлдегер болған барша қазақ-қырғыз әпке-бауырларымды құттықтаймын!» – дейді доданың 1 орын иегері Дидар Қамиев.

Шараға Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мұрындық болды. Қаражалдағы мәдени-сауық орталығында ұйымдастырылған сөз тартысына 12 белді ақын қатысты. Додадан ешбір айтыскер құр қол қайтқан жоқ. Төл өнердің майталманы, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы айтпақшы, «таяқ мініп келгенге, тай мінгізген» кеншілер елі жүлдегерлерге алған орындарына сай қомақты қаржы сый етті.

Айтысты ұлағаттау облыстың қасиетті парызына айналғандай. Себебі бұл облыста ұйымдастырылып тұрған алғашқы дода емес. 1 ай бұрын, қыркүйек айында Сәтбаев қаласының 50 жылдығына орай өткен «Кен қазған құтты мекенім!» атты республикалық айтыс та жоғары дәрежеде өткен еді. Шаһарда игі дәстүр 8 жылдан бері жалғасын тауып жүр. Қаражал қаласы да ұлттық өнерді алдағы уақытта одан әрі дамытуға ниетті екенін аңғартты. Осыған қарап-ақ, облыстағы айтыстың дамуы мен насихатталуына жоғары баға берсек әбден болады.

   Шыңғыс АТАЙ

   Ұлытау облысы

Тегтер: