Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 27 Қаңтар 2024

Қария ақынның дария жыры

ОСПАН Сейфолла
Фото: из открытых источников

Бұл күнде арамызда жоқ ақын Рафаэль Ниязбектің бұл мақаласын біздің редакциямызға қаламгердің жары Гүлжан апамыз жолдаған. 

Рафхаңның көзі тірісінде жазылып, бірақ ешқайда жарық көрмеген мақаласы. Ақын Сейфолла Оспанның сексеннің сеңгіріне шығуына орай жазылған жүрекжарды сөзді енді, міне, араға бес жыл салып, оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

***

Сонау бір жылдары, яғни Кеңес дәуірінде тұс-тұстан ағындап құйылған таза бұлақ секілді сөз өнерін мұрат тұтып, жан-жақтан арман қуып Алматыға алқынып жеткен жастардың қарасы аса мол болатын. Солардың алды аузы дуалы ағаларды жағалап, көңілін тауып, сәт-сапар жаздырып, шалдыр-шатпағын газетке жариялатып, терісіне симай ісініп-қабынып жүргенде біздің Сейфолла ағамыз бойын жасырған тұлпар секілді бұйығы қалпынан танбады. Ақын-жыраулардың ту тіккен ордасы Сыр елінде туған тектілігін танытып, көкірегінің көрігінде шоқтанып, пісіп үлгермеген дүниелерін жарыққа шығаруға асықпады. Шынын айтқанда, оқтаулы тұрған мылтығымен не болса соны көздеп, босқа арам тер болғысы келмеді. Мылтықты да атпауға болмайтын кезде атқан жөн. Әйтпесе, атқан оғың нысанаға дөп тимей айдалаға қаңғып кетуі ғажап емес. Сол секілді өлеңді де жазбауға болмайтын кезде ғана қолға қалам алған дұрыс. Сол кезде көңіліңдегі көрікті ой көркем өлеңге айналып, ақ қағаз бетіне еркіңнен тыс өз-өзінен ағындап құйылып кетеді. Міне, осы тәсілді жіті аңдаған Сейфолла Оспан жанарын мұң торлап, көкірегін қыжыл жайлағанда ғана қолына қалам алатын болған.

«Көңілдің күйі келгенде ағыл да тегіл жыр едім» деп Қасым Аманжолов айтпақшы, Сейфолланың бұлтты аспаны ашылып, қабағы жадырағанда шат-шадыман күйге бөленіп, шуақты жырлар жазған шығар. Алайда қатал тағдыр бұл ақынды маңдайынан сипап, көңілін аулап, онша еркелете қойған жоқ-ты. Сонан ба, ол бала кезде бала боп ойнап көрмеді. Тағдыры суық қараса да тартысқа толы тіршілікте ыстық-суыққа бірдей төзіп, ыза-кекке қабат суарылып, қарайған нәрсенің бәрінен ой түйіп, ерте ес жиып, шамырқанып ер жетті. Қайғының өзін қайрақ етіп, оған жігерін жанып, егеулі найза қалпынан танбады. Сілтегенде өтпей қалған кезі болған емес. Бірақ кісілігін, ар-ұятын жоғалтпады. Қайта жұрттың жоғын тауып беруге тырысты. Бауыры суық қара тасқа да көктем боп қарады. Өйткені оның жан дүниесі ізгіліктен жаралған еді. Ал ізгіліктен жаралған ақынның жүрек сәулесі түскенде қара тастың да суық бауыры жылып, тамыр байлап, тұла бойы бусанып, көк шашып жайнап шыға келетіні өтірік емес.

Әкесі Міркемел неше түрлі шөптен дәрі жасап, сырқат жандарға шіріткі жазып беріп, ауыздарынан ақ көбік атқан талай дүлей жындыны емдеп жазып, қатарға қосқан дуалы ауызды молда болатын. Кеңес өкіметі тұсында Ғафу Қайырбеков: «Басқаның патшалары бәрі жақсы, Біздің хандар қалайша жаман болған» деп өлең жазып, сардар басы саудаға түсіп, біраз қуғын көріп еді. Басқаның патшалары жақсы болып, біздің хандарымыз жаман болып тұрған сондай қилы кезеңде алды жарық, аузы дуалы Міркемел молдаға қайдан қатер төнбесін. Тал бойына Құдай берген қасиет ерекшелігі өзіне сор боп жабысып, бір түнде ит жеккенге айдалып кете барған еді.

Рас, ол кісінің ғұламалығы, молдалығы атадан балаға мирас боп Сейфоллаға қонбады. Бірақ оның есесіне, «емшілік» қасиеті дарыған еді. Әкесі Міркемел молда кезінде талай сырқатты дұға оқып, емдеп жазған болса, енді, міне, баласы Сейфолла сөз өнерін ұстанып, өзегі өртеніп қамыққанда өжет өлең жазып, жылағанның көз жасын сүртіп, құлағанның қолтығынан сүйеп тұрғызып, жүрек отын жағып жүрген жоқ па. Ендеше, қалай десек те, Сейфолла ақын Міркемел молданың жағып кеткен ақ шырағы екені даусыз. Солайы солай ғой, бірақ сол ақ шырақтың жарығы қандай? Міне, мәселе сонда.

Оның алғашқы өлеңдерінің бірі – «Мен жүкшімін» деп аталады. Алматыға арман қуып келген дударбас жастардың дені «мен ақынмын» деп бұтқа толып, кеудесін дүңк-дүңк соғып, сырахана жағалап жүргенде сонау Сыр елінен – жыр елінен ат арытып жеткен Сейфолланың қыздырма желіктің бәрін тәрк етіп, «мен жүкшімін» деп өлең жазғаны қалай?

Бұл оның кісілігі, кішілігі еді. Қазақтың қара өлеңін қадір тұтқандық еді. Жүрегі жырлап тұрған ақын болса да, қайталап айтқанда, бұл оның туған елдің мұңын жоқтап, жүгін арқалап өтсем арман бар ма деген ізгі ниетінен туған жан толғанысы болатын. «...мен жүкшімін. Өлең емес – өмірде, Түсімде де жүк көтеріп жатамын» деп жырласа, бұның несі сөлекет. Қайта ару қыздың қос бұрымы секілді шиыршық атқан бұл екі жол өлеңнен арқар кеуде ақынның елге деген сүйіспеншілігі, оған деген жан сезімі, махаббаты айқын көрініп тұрған жоқ па? Осындайда Н.А.Некрасовтың «Ақын болу міндет емес, азамат болу парызың» деген қанатты сөзі еске түседі. Өйткені қазақ кісіні сөзіне қарап таныған. Сол секілді ақынды да жазған өлеңіне қарап бағалайды. Өйткені жұрт көңілінің көсемдігі жоқ ақындардан көшелі өлең тумасын жақсы біледі. Туған елдің мұңын жоқтап, жүгін арқалап, рухын көтерген өркешті өлеңдерді тауып оқуға тырысады. Осы тұрғыдан қарағанда Сейфолла ақын киелі қара өлеңнің жолына қарапайым жүкші болып түсіп, бірден төрге ұмтылмай алдымен ауласына өз бау-бағын салып, тал-терегін баптап өсіріп, күн санап, ай санап, жыл санап жетілдіре бергенге ұқсайды. Содан бері күркіреп күндер, арқырап айлар, жарқылдап жылдар өтті. Қара өлеңнің ауласына бір кезде өзі еккен шыбығы шынарға, талы терекке, қара ағашы қарағайға айналып, жапырақ жайып жайқалып, көздің жауын алып, құлпырып тұрғаны кім-кімді де сүйсінтпей қоймайды.

Сейфолланың самал желмен тербетілген бұл орманы талай жанға сая болып, сайраған құстары жүрегін баурап, сезімін шертіп, көңілін сергітіп келеді. Өйткені ол жазған өлеңнің өн бойында сайын далада өмір кешкен ата қазақтың егеулі найза ерлігі, айбар сұсы, ар-намысы атой салып тұрады. Оқыған кісіні бейжай қалдырмайды. Қараңғы түнде көңіліңнің бір түкпірінде қалғыған таулар оянып, дүр сілкініп шыға келеді. Сол кезде сенің де көкірек көзің ашылып, сайынан сағым қашқан сайын дала елестейді. Қазыналы таулар алдыңнан асқақтап шығады. Ақ шаңқан шөлдерге, шалқыған көлдерге кезігіп, аспан асты жер үстінде сан алуан сәулелер ағындап, көз алдың сұлу көріністерге толып жүре береді.

Кең байтақ далам – жыл өткен сайын жаңғырған,

Қазына таулар дәулетін ашар алдымнан.

Ақ шаңқан шөлдер, шалқыған көлдер бір керім,

Көре білгеннің көз құмарын да – қандырған.

Көк теңіз егін, көк күмбез аспан жарасқан,

Өлкемнің мынау көркімен кімдер таласқан?

Құпия жұмбақ жерімнің – сыры сан қабат,

Көкжиегіне жете алмай көзің адасқан.

Атырау, Алтай, Алатау, Арқа – ән жарқын,

Сүттей бір ұйып, аңқылдап жатқан бар халқым.

Тамыры иіп, тамылжып тұрған мекенге,

Сәулесін төгіп сүйсінген өзі заңғар күн!

Ақынның «Көңіл сәулесі» деген өлеңінде сайынан сағым қашқан сайын даланың көркем келбеті, қазыналы таулардың қадір-қасиеті, ақ шаңқан шөлдердің кезерген еріні, шалқыған көлдердің айдын-айбары, теңіздей толқып жайқалған егістіктің сұлу көрінісі... бәрі-бәрі тамаша жырланған. Алайда ол бұл туындының ішіне еніп, өзі өлеңге айналып, көңіл сәулесін сөз сәулесіне түсіріп жырламағанда бұл өлең бұлай тегеурінді боп шықпаған болар еді. Сонымен бірге бұл туынды Атырау, Алтай, Алатау, Арқа өңірін жайлап, бейбіт өмір сүрген елге, яғни «тамыры иіп, тамылжып тұрған мекенге» көктегі күннің өзі сүйсініп, сәулесін төгіп тұр деп суреттеуімен де ерекшеленеді. Өйткені «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп өмір кешкен ата қазақ бауыры суық қара тасқа да көктем боп қараған ел болатын. Ендеше, бұл елге күннің өзі ерекше мейіріммен сәулесін неге түсірмесін. Оның: «Жазсам да нені ақиқат жолын құп алдым» дейтіні сондықтан. «Салтанат құрса шындықтай шырқау шынарым, Самғармын талай қанатымен қыранның» деп одан әрі өзін жанып, өркештене түседі.

Өйтпеске оның шарасы жоқ-тын. Ол алдымен өзі биікке көтерілмей елінің рухын биікке көтеріп жырлай алмасын біліп, өрге ұмтылып, жігерін жанып, жетілдірумен болды. «...жақсылар жүрегіне қақ тұрғызбай, жайсаң жанды да, жайсаң жырды да жат қылмай» төңірегіне төбел нұр таратып, жылағанның көз жасын сүртіп, жығылғанды қолтығынан сүйеп тұрғызып, жүрек отын жағып, ғұмыр кешті. Тарғыл түсті тағдыры алдан қандай сыбаға тартса да шыдап, үстіне қандай ауыр жүк артса да қайыспай көтеріп, елдің мұңын жырлаудан танбады. Қыран қартайған сайын қауымды келеді. Ар-намыстан жаралып, шындықтың жалынан қол жазбаған ақын да сол секілді егде тартқан сайын кеудесін алға сүйреп, еңку-еңку жер шолып, екпіндей түседі; көкірегінен жаңа бұлақ көзі ашылып, тұла бойының бар асыл шырыны тасқындаған жырға айналып жүре береді.

Бір өкініш кеудемді кеміреді,

Аз халық көп халықтың жемі ме еді?!

Ақиқат, қайда теңдік?

Жауап таппай

Қан қайнап, жүрек күнде еліреді.

Көзін ашқалы көріп келе жатқаны обал сауапты білмейтін үстем жұрттың өз халқына жасаған қиянат, қысастығы болса, ашыққанда етін асып жеп, шөлдегенде көз жасын сіміріп, тұла бойының асыл шырынын сүліктей сорып келген обырлығы болса, қолдан аштық жасап қынадай қырған зұлымдығы болса, Сейфолла ақынның аузынан ақ жалын ақтарылмай қайтеді. Өзегі өртке толып, өркештеніп, ызалы жыр жазбай қайтеді.

С.Оспанның қара өлеңге деген адалдығы, тазалығы, асқақ арманы, жан сезімі... бәрі-бәрі ол жазған жауһар жырдың өне бойында бұлшық еттей бұлтылдап ойнап, атой салып тұрады. Бұл нені көрсетеді? Бұл, сөз жоқ, оның ар-намыстан жаралған ақын екенін көрсетеді.

Өмірден өз орнын тауып, қара өлеңнен өзін іздеген ақынның шығармасы хақында Қ.Шаңғытбаев былай дейді: «Айрықша атауды тілейтін шығарма – «Сағыныш». Бұл поэмада ақын өзінің кіндік қаны тамған Сыр-анасымен ақтарыла сырласады. Шығарма елге, туған жерге, болашаққа деген шынайы ақындық тебіреніске толы. Сонау сан жетпес самарқау ғасырлардан бері құт-береке көзіндей боп келген ежелгі Сырдарияның, оның құяр аңғары Арал теңізінің тағдырын толғана жырлайды. Бірақ Әбу Сәрсенбаев Каспий туралы, Әбдіжәміл Нұрпейісов Арал туралы көтерген келелі мәселелерді Сейфолланың да жыр тілінде жарасымды айта білгені қуандырады». Ал Өтежан Нұрғалиев ол жөнінде былай толғанады: «Сейфолла Оспан оқыды, бірақ қайталаған жоқ, үйренді, бірақ еліктеген жоқ. Ой жарыстырды, бірақ ой ұрлаған жоқ. Арзан сәнге, жарқыл-жұрқылға әуестенген жоқ. Оған әуелде сүтпен бірге емген жан дүниесінің кіршіксіз тазалығы, екі жүзділікке қаны қас бөлек болу – бала кезінен сіңген дағды болатын».

Бұндай жылы лебізді, әділ бағаны алдыңғы толқын ағаларынан талай естіген С.Оспан «еруліге – қарулы» деп сөз өнерін ту етіп көтерген Б.Момышұлы, Т.Ахтанов, Н.Тілендиев, А.Жұбанов, Т.Әлімқұлов, Б.Соқпақбаев, Ж.Молдағалиев сияқты тұлғалардың табиғатын ашып, тартымды жырлай білді. Сол арнау өлеңдерде кейіпкерлердің жаратылыс-болмысын, мінез ерекшеліктерін айқын көрсетіп, шебер суреттегені сонша, оның кімге арналғанын оқыған бойда бірден аңғарасың.

Талайлар күңкілдеген, құр ісінген,

Нән тұлға! Суық қабақ жүрісіңнен,

Мысы құрып...

Жер таппай тығылатын

Қара жерге шым батып тірі сіңген...

Бұның батыр Бауыржан Момышұлына арналған өлең екені бірден көзге ұрып тұрған жоқ па. Ол кісінің көз қарасы көрінгеннен тығылатын жер таппай қоянжүрек сыпалардың сасқалақтап, абдырап қалғанын шыққыр көзіміз талай көрді емес пе? Оның не айтары бар енді.

Сейфолла Оспан аударма саласында да көп еңбек сіңірген кең тынысты ақын. Орыстың, түріктің, әзербайжанның, тәжіктің, өзбектің тағы сол сияқты көп елдердің ақындарын қазақша сөйлетіп, аударманың тамаша үлгісін жасаған тәржімашы екенін жұрттың бәрі жақсы біледі. Әсіресе оның шығыс шайырларының шығармаларын аударуға сіңірген еңбегі орасан. Олардың жатық аударылғаны сонша, оқыған кезде көз де, көңіл де сүрінбей, сынаптай сырғып отырады.

Оның «Мың бір түн» кітабына енген он екі мың жол өлеңді ерінбей, жалықпай аударып шығуының өзі неге тұрады. Бұл жөнінде арнайы зерттеп, ғылыми еңбек жазса да артық болмас еді. Қайта әдебиетімізге қосылған үлкен үлес боп табылады.

Сексен жыл өмір сүріп, сексен дүркін өз көктемін қарсы алып, жүрегінен көктеп өскен бау-бағын баптап күтіп, не істеп, не тындырдым, елдің сөзін айта алдым ба, жоқ па деп, төңірегіне көз салған тұнық ойлы қария ақынның дария жыры әлі де толқын атып, буырқанып жатқандай көрінді.

Бұл мақаламның соңын Сейфолла ағама арнаған өлеңіммен аяқтағым келіп тұр.

Ақыннан өткен жан бар ма,
Жанарына жарқыл жыр тұнған.
Арайлап атқан таңдарға,
Арманын айтып ұмтылған.

Жетпістен астың, жан аға,
Арғымақ аттай арымай.
Жеттім деп жаңа жағаға,
Өзіңді жүрме танымай.

Азамат ерсің еңселі,
Жүргенде өжет пішінде.
Қасиет тұтам мен сені,
Қара орман елдің ішінде.

Бауырмын, аға, өзіңе,
Қадірі артқан сыйлы елде.
Жүгірдің нұр боп көзіме,
Тағдырдың оғы тигенде.

Кім тартсын мені жағымнан
Қасымда өзің жүргенде.
Айқайлап қудың маңымнан,
Арпылдап иттер үргенде,

Тусам да тартып далаға.
Сөз қанша асқан басымнан.
Қастарым көп те, жан аға,
Ұзама алыс қасымнан,

Шығарсың асқар белге де.
Ақ орда болып кіргенің.
Маған да бақыт, елге де,
Жер басып тірі жүргенің.

Рафаэль Ниязбек