Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 10 Шілде 2024

Қартбай олимпиадаға барады

Мейрамбек Қартбай
Фото: olympic.kz

Еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі Мейрамбек Қартбай Париж олимпиадасында бақ сынайды. Бұл туралы Біріккен күрес әлемінің (UWW) Қазақстан ҰОК-ке жолдаған ресми хатында белгілі болды.

Күрес түрлерінен Ресей құрамасы Париж олимпиадасына барудан бас тартты. Ал ресейліктер сапындағы Заур Угуев (57 келі) олимпиада жолдамасын иеленерде біздің Мейрамбек Қартбайдан басым түскен болатын. Ресей балуандары олимпиададан бас тартқан соң, жолдамалар қайта үлестірілді. Осылайша, қазақстандық Мейрамбек Қартбай олимпиада жолдамасына ие болды. Мейрамбек Қартбай 2023 жылғы әлем чемпионатында бесінші орын алды. Ол жолдама үшін таласта олимпиада чемпионы Заур Угуевке жол беріп, қалған іріктеу турниріне қатысқан жоқ.

Париж олимпиадасында жеңіл атлетикадан жеті қазақстандық спортшы бақ сынайды.

Жанна Мамажанова (марафон) мен Нора Джеруто (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру) іріктеу нормативін орындады. Қалған атлеттер олимпиялық ойындарға рейтинг арқылы өтіп отыр. Парижде Давид Ефремов (110 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева (екеуі де биіктікке секіру), Ольга Сафронова (200 метрге жүгіру), Дейзи Джепкемей (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру және 10000 метр) сынға түседі.

· Тректегі велоспорттан Париж олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайтын спортшы белгілі болды. Пайдаланылмаған жолдамаларды қайта бөлу кезінде Қазақстан командасына да бір квота бұйырған болатын.

Қазақстан кейриннен жолдама алды. Бұл спортшының спринтте сынға түсуіне де мүмкіндік береді. Квота жекелеген спортшыға емес, командаға берілді. Нәтижесінде, олимпиадаға Андрей Чугай баратын болды.

· Қазақстан теннис олимпиялық ойындарға қатысатын теннисшілер есімін жариялады. Құрамды жасақтау олимпиада регламенті негізінде жүргізілді, оған сәйкес ойындарға қатысуға рұқсат берудің негізгі біліктілік критерийі ойыншылардың ATP және WTA әлемдік рейтингтеріндегі жеке позициялары болып табылады.

Осылайша, биыл Олимпиадалық теннис жарыстарында Қазақстанның намысын жекелей сында – Елена Рыбакина (№4), Юлия Путинцева (№34), Александр Бублик (№23) және Александр Шевченко (№58), жұптық сында Александр Бублик/Александр Недовесов қорғайтын болады.

Алдағы олимпиадада Қазақстан теннис құрамасы үшін алғаш рет әлемнің 58-ші ракеткасы Александр Шевченко өнер көрсетеді. Халықаралық теннис Федерациясы (ITF) Шевченконың Қазақстанмен бұрыннан келе жатқан мәдени және отбасылық байланыстарын, сондай-ақ оның анасының Жезқазған қаласының тумасы екенін ескеріп, оған еліміздің туы астында өнер көрсетуге рұқсат берді деп хабарлайды Olympic.kz.

Есей Жеңісұлы