Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:31, 03 Наурыз 2026

Қаржылық сауатсыздықтың салдары: 25 млрд теңге және 90 мың тағдыр

Микроқаржы
Фото: из открытых источников

Қазақстанда қаржы пирамидалары туралы жаңалықтар үйреншікті жағдайға айналып барады. Кейбірінің ауқымы мен салдары да орасан. Asar Baspana ісі – дәл сондай оқиға.

2023-2025 жылдар аралығында ел аумағында «тұтыну кооперативі» ретінде жұмыс істеген бұл құрылымға 90 мыңнан астам азамат тартылып, 25 млрд теңгеден астам қаражат жиналған. Бүгінде іс сотқа жолданды. 

Asar Baspana әу баста өзін «кооператив» ретінде таныстырды. Азаматтарға мүлік сатып алу, автокөлік алу, тұрмыстық тауарлар мен биологиялық белсенді қоспалар арқылы инвестициялық табыс табу ұсынылды. Ай сайын 30 пайызға дейін кіріс уәде етілді. Қарапайым нарықтық логикамен қарағанда мұндай табыстылық тұрақты экономикалық модельде мүмкін емес. Бірақ көпшілік үшін мұндай логикадан гөрі сенім басым болды. Адамдар тек пайызға ғана емес, болашаққа сенді.

25млрд теңге – бұл жай статистика емес, ипотекаға салынған пәтерлер, кәсіп ашуға жиналған қаражат, балалардың оқуына арналған қор, жылдар бойы жиналған жинақ.

Тергеу материалдарына қарағанда, жиналған қаражаттың белгілі бір бөлігі жеке кәсіпкерлерге тиесілі бақылаудағы есепшоттар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, ұйымдастырушылардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Қаржылық есеп жүйелі түрде жүргізілмеген, ал ақша қозғалысы әдейі бұрмаланып, ізін жасыру шаралары қолданылған.

Тінту барысында 1,2 млрд теңге көлеміндегі қаражат пен 13 автокөлік тәркіленді. Алайда бұл көлем жиналған жалпы сомамен салыстырғанда мардымсыз ғана үлесті құрайды.

Қаржы пирамидасының жұмыс істеу механизмі сырттай күрделі көрінгенімен, негізінде өте қарапайым: жүйеге жаңадан қосылған салымшылардың қаражаты бұрын кірген қатысушыларға төлем жасауға пайдаланылады. Алғашқы кезеңде барлығы тұрақты әрі сенімді бизнес моделі сияқты әсер қалдырады. Кейбір қатысушылар расында табыс алып, соның нәтижесінде жобаға сенім күшейеді. Олар өз тәжірибесін бөлісіп, таныстарын, туыстарын, әріптестерін тартуға кіріседі. Осылайша сенімге негізделген желі ұлғая береді.

Алайда жаңа қатысушылар легі азайған сәтте жүйенің әлсіз тұсы анық көрінеді: қаржы ағыны тоқтап, төлемдер үзіледі де, бүкіл құрылым күйрейді. Мұндай модель әлемдік тарихта талай рет қайталанғанымен, цифрлық дәуірде ол жаңа технологиялармен толықтырылып, бұрынғыдан да күрделі әрі тартымды сипатқа ие болды.

Бүгінгі қаржы пирамидалары дәстүрлі кеңселер мен қағаз құжаттарға сүйенбейді. Олар цифрлық кеңістікте еркін әрекет етеді: Telegram чаттарында қауымдастық құрып, Instagram парақшалары арқылы жарнама жүргізіп, онлайн-презентациялар арқылы «инвестициялық мүмкіндіктерін» таныстырады. Қатысушыларға арнайы «жеке кабинет» жүйесі ұсынылып, онда салынған қаражат пен уәде етілген табыс көрсетіліп тұрады. Осылайша алаяқтар заманауи технологияларды пайдаланып, қызметін заңды әрі жүйелі бизнес ретінде көрсетуге тырысады.

Қазақстанда 2025 жылдың алғашқы бес айында ғана: 36 қаржы пирамидасы жойылды, 86 мыңнан астам азамат тартылған, 43 заңсыз чат жабылды (276 мың қатысушы). 9 айда 14,6 мың сайт бұғатталған. Бұл сандар мәселенің жүйелі сипат алғанын көрсетеді.

Бұл іспен параллель қаралған HAS қаржы пирамидасы ісі де қоғам үшін маңызды ескертуге айналды. Іс бойынша 125 жаңа арыз тіркеліп, келтірілген залал көлемі 821 млн теңгеден асқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, салымшылардың қаражаты есебінен 525 млн теңгеге жер телімдері бар компания сатып алынған, ал активтерді жасыру мақсатында олар үшінші тұлғалардың атына рәсімделген.

Сот шешімімен ұйымдастырушылар 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, 1,2 млрд теңгеден астам мүлік тәркіленді. Алайда заңды жаза тағайындалғанымен, келтірілген материалдық шығын толық көлемде өтелді деу қиын.

Мемлекет тарапынан қаржы пирамидаларына қарсы күрес жүйелі түрде күшейтіліп келеді: бүгінде ондаған жоба бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, 54 іс бойынша сот үкімдері шығарылған, сондай-ақ миллиардтаған теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынған. Бұл құқық қорғау органдарының мәселені бақылауда ұстап отырғанын көрсетеді. Дегенмен олардың әрекеті көбіне құқықбұзушылық орын алғаннан кейін басталады. Сондықтан қаржылық қауіпсіздіктің ең сенімді кепілі – әр азаматтың жеке сақтығы мен саналы таңдауы.

Арайлым Абайқызы