Кәсіпорындар құлдырауға шақ қалды

Өндірісті қала – Қарағандыда жұмысшы қат кадрға айналды. Өнеркәсіп пен құрылыс саласына қатысты жекеменшік құрылымдар «еңбекші тап өкілдеріне» зәру болып отыр.
Бұл проблема жылдан-жылға ұлғайып, шешуі қиын түйінге айналып барады.
– Түнеугүні ауламыздағы жылу құбыры жарылып, «Теплотранзиттің» бригадасы келді. Жөндеу жұмысы ұзақ уақытты алды. Шыдамымыз жетпеген соң, көрші ақсақал екеуміз мәселенің мәнін білуге барғанымызда, жұмысшылардың кәсіби дәрежелерінің төмендігін аңғардық. Оның үстіне, күш-қуаттары да мардымсыз, механизатордың жасы 50-ді алқымдап қалған, буыны сырқат дәнекерлеуші 59-да, трактор жүргізуші ғана тәжірибесіз жас жігіт екен. Мұндай қауқарсыз жұмысшылармен еңбектің өнбесі анық, – дейді қала тұрғыны Ниқан Омарханұлы.
Жұмысшылардың міндеті ауыр, денсаулықтарына қауіп те зор. Сондықтан қазіргі жастар жұмысшы болудан ат басын ала қашады. Жан қинайтын еңбекте істейтіндерді билік ескерусіз қалдырған, жалақылары төмен, оларға қоғамда құрмет. Қарапайым жұмысшыға қарағанда, басқару элитасындағылардың еңбекақысы жоғары, барлық марапатты иемденетін де солар. Мұны нарықтың талабымен санасатын жастар жақсы біледі. Осынау кереғар әділетсіздіктің кесірінен, кеншілер өлкесіндегі көптеген өнеркәсіптер құлдырау шегінде тұр. Мәселен, қаланың барлық жылу желілеріндегі құбырларының беріктігін тексеріп, ондағы ақауларды жөндеумен айналысатын «Теплотранзит-Қарағанды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіби білімді жұмысшыдан тарығып отыр.
– Жұмыс іздеп келушілер бірден жалақы мөлшерін сұрайды. Шектеулі еңбекақы 150 мың, шартты айлық 50-60 мың теңге деп айтқанымызда, ойланбастан бұрылып кетеді. Бізге салса, жұмысшылардың жалақысын екі, үш есеге дейін өсіруге бейілдіміз. Алайда, монополияға қарсы агенттіктің шекті тарифі айлықты көтеруге кедергі келтіруде. Ведомствоның еңбекақы төлеуге қатысты шекті тарифі 5 жылға бекітілген. Сондықтан заңнан аттап шыға алмаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, қазір тарифтік еңбекақы индексацияның мөлшері 4 пайызға артты, инфляция 17,7 пайызға жетті. Жарытымсыз айлықтың кесірінен қаншама жұмысшыларымыздан айрылдық, – деп қапалануда «Теплотранзит-Қарағанды» ЖШС-ның директоры Андрей Ляпунов.
Қарағандының инфрақұрылым жүйесіндегі серіктестікте бұрын 36 жұмысшы бригадасы болса, қазір оның небәрі 12-сі ғана қалған. Мекеме басшысы «біраздан кейін дәнекерлеуші мен слесарьды шетелден іздеуге тура келеді» дейді.
Сонда, тығырықтан шығудың жолы қандай? Экономика ғылымының докторы, профессор Әбілдә Әмірханұлы, ел үкіметі жұмысшылардың жалақы төлеу жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізбесе, тұйықтан арылмайды деген пікір айтты.
– Монополияға қарсы агенттіктің еңбекшілердің айлығын шекті тарифке байлауы жұмыс берушілерді болашақта дағдарысқа соқтырады. Заңды талап етушілердің өзі оны түбегейлі түсінбей отыр. Солай болған күннің өзінде, мұны үкімет көруі тиіс. Елімізде әлеуметтік сала қызметкерлерінің, атқарушы биліктегілердің, күштік құрылымдағылардың, зейнеткерлердің, жеңілдетілген санаттағылардың жалақысы өсіріледі. Жұмысшы мамандар ғана үнемі ескерусіз қалады. Ендігі жерде, еңбек адамдарының айлығын көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсартуды үкімет үйлестіріп шешуі керек, – дейді экономист ғалым.
Жұмыскерден тарыққан облыстағы жекеменшік кәсіпорындардың өкілдері салып-ұрып «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барады. Аймақтық палата соңғы кездері колледж түлектерінен сауалнама алып, қажетті мамандарды іріктеуді қолға алған. Осылайша, кәсіби жұмысшылардың «жұтылып кету» себебін зерттеген.
– Еңбек нарығында жұмысшылардың жалақысы төмен екенін білетін колледж бітірушілердің көбі жеке ісін ашуға ұмтылады. Бизнеске икемі жоқтар қызмет көрсету саласында істеп жүр. Бұдан шығатын қорытынды: мемлекет оларға тегін білім беруге не үшін қаржы төгіп отыр? Бұл аздай, үкімет жастарға арнап «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Еңбек» деген бағдарламаларды ашып қойған.
Себептің салдарымен күреспегендіктен, «жыртық тесік» жабылмай жатыр, – деген еді, жақында «Индустральная Караганда» өңірлік басылымына сұхбат берген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық бөлімшесіндегі «адам капиталын дамыту» бөлімінің басшысы Қарлығаш Оспанова.
Қарағандыда жоғары сұранысқа ие жұмысшыларға орташа ауқатты кәсіпорындар 150 мың теңге жалақы төлеп отыр. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, көрші Ресей жұмысшыларына 700-1000 доллар айлық береді. Керісінше, Еуропа мен Американың еңбекшілері мұндай жалақыны місе тұтпайды. Германияда құрылыс пен инфрақұрылым саласында істейтін жұмысшылар санатына қарамастан, айына 2 мың евро алады. Немістердің адам еңбегін қадірлеу қағидасы біз үшін қиял.