Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:40

Каспий итбалығын Қызыл кітап құтқармай тұр

Итбалық
Фото: ЖИ

Каспийде итбалықтар тағы қырылып жатыр. Бүгінде олардың саны мыңнан асты. Олардың жаппай қырылуына не себеп?

Қоғамның көкейінде тұрған сауал да осы. Жалпы, Каспий итбалығы жойылудың аз-ақ алдында тұр. Жылда табиғатты қорғаушылар мен ғалымдар осыны айтып, дабыл қағады. Статистикаға қарасақ, итбалық саны кейінгі 100 жылда 90 пайызға азайған. ХХ ғасырдың басында олардың саны 1 миллионға жеткен. Ал 1989 жылдары 400 мыңға дейін қысқарған. Бүгінде олардың саны 70 мыңнан аспайды. 

Бүгінде қырылған итбалықтардың саны мыңнан асып кетті. «Жас Алаш» тілшісі экология және табиғи ресурстар министрлігіне итбалықтардың қазіргі жағдайын білу мақсатында хабарласты. Министрлік өкілдерінің мәліметінше, 2024 жылғы 24 қазан мен 13 қараша аралығында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында 1 034 өлі итбалық табылған. Бірақ теңіз жануарларының неден өліп жатқаны әлі белгісіз.

«Ғылыми ұйымның (Гидробиология және экология институты) пікірінше, теңіз жануарларының өлімінің ықтимал себептері теңіз ортасының ластануы, жұқпалы және вирустық аурулардың өршуі болуы мүмкін. Итбалықтардың жалпы өлімінің 3 пайыз себебі торға түсіп қалудан болады. Өлімнің нақты себептері ұзақ уақытты талап ететін (3-4 ай) тиісті зертханалық зерттеулерден кейін белгілі болады. Бүгінгі таңда, санитарлық нормаларды сақтай отырып өліктерді жинау, оларды Түпқараған ауданындағы полигонға тасымалдау және жою жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді экология министрлігі.

Итбалық
Фото: gov.kz

Каспий итбалығы мекендейтін аймақтың халықаралық статусы бар

Каспий итбалығының үш негізгі мекендеу ортасына халықаралық IMMA мәртебесі берілген. Important Marine Mammal Area, яғни теңіз сүтқоректілері үшін маңызды акватория деген мағына береді. 2008 жылдан бері Каспий итбалықтары Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізімінде құрып кету алдында тұрғанын көрсететін Endangered статусына да ие. Осы мәртебе берілген кезде Ұлыбританиядағы Лидс университетінің экологы және итбалықтар мен басқа ескекаяқтармен жұмыс істейтін IUCN мамандар тобының мүшесі доктор Саймон Гудман:

«Бұл – қуанышты жаңалық. Қазіргі уақытта Каспий итбалығы үшін негізгі қауіп адамның шаруашылық әрекеттерінен, соның ішінде балық аулау құралдары салдарынан, жағалаудағы аумақтарды игеру нәтижесінде тіршілік ету ортасының нашарлауы. Алдағы онжылдықтарда итбалықтардың өмір сүру мекені – мұз алқаптарының қысқаруы және жаһандық жылынуға байланысты Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы қосымша қауіп төндіреді», – деген еді.

Итбалық
Фото: tehrantimes.com

Pusa caspica – нағыз итбалық

Ғылыми ортада «Pusa caspica» аталатын Каспий итбалығы – нағыз итбалықтар тұқымдасына жататын ескекаяқты сүтқоректі. Олар қыста, көктемнің басы мен күздің аяғында теңіздің солтүстік бөлігіне қоныс аударады, онда мұзда агрегациялар (топ) түзеді. Дене тұрқы 125-160 см, салмағы 65-80 кг боп келеді. Суда тіршілік етуіне байланысты дене құрылымында сол ортаға бейімделуі басым. Мойны денесімен тұтасып біткен, сондықтан басы айқын бөлектеніп көрінбейді. Құлақ қалқаны болмайды, аяқтары ескек тәрізді, башпайларының арасында қалың тері жарғақтары болады. Қара түсті арқасында теңбіл дақтары айқын көрінеді, бауыры ақшыл келеді. Тек Каспий теңізінде ғана таралғанымен, Еділ мен Жайық өзендерінің төменгі ағыстарында өте аз мөлшерде кездеседі. Әсіресе Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі аралдарда қыс айларында көбірек ұшырасады.

Тіршілігінің көбі суда өткенімен, түлейтін, шағылысатын және балалайтын кезде ғана теңіздегі аралдарға немесе мұз үстіне шығады. Шағылысуы ақпанның ортасынан наурызға дейін созылады. Бір жылдан кейін 1 кейде 2 күшік табады. Ақүрпегін аналығы майлы сүтімен 3-4 тәуліктей қоректендіреді. 2-3 айда әбден семірген ақүрпегін «май итбалық» деп, ал бір жылдан кейін терісінің реңі бірнеше рет өзгергендіктен, оларды «қара итбалық» деп атайды. Негізінен балықтар, шаянтәрізділер және моллюскілермен қоректенеді. Суық мезгілде негізгі популяция Солтүстік Каспийде шоғырланған, ал жылы мезгілде итбалықтар Орта және Оңтүстік Каспий теңізіне қоныс аударады.

Каспий итбалығының терісі мен майы өте бағалы болғандықтан, өте құнды келеді. Ересегі күзге қарай бойына 40-70 келідей май жинайды. Ол медицинада және парфюмерияда кеңінен қолданылады. Сондықтан оны заңсыз аулауға браконьерлер де құмар келеді. Қара базарда итбалық майының бір литрі 600 мың теңгедей тұрады. Ал терісінен түрлі бұйымдар тігіледі. Айтпақшы, итбалықтың майы медицинада кеңінен қолданылады. Сондықтан жоғары сұранысқа ие.

итбалық
Фото: astrakhanzapoved

Каспий итбалықтарының азаю тарихы

XX ғасырдың басында Каспий теңізінде 1 миллионға дейін итбалық мекендеген. 1989 жылға қарай олардың саны 400 мыңға дейін, 2005 жылы – 110 мыңға, 2008 жылы – 100 мыңға, 2019 жылы – 43-66 мыңға дейін қысқарды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында Каспий теңізінің Түрікменстан жағалауында 15 мыңға дейін итбалық болған. Ал 2007 жылы экспедиция небәрі 1 мың итбалық қана тіркеген. 2020 жылдың шілде айында Маңғыстауда итбалықтарға қатысты жағымсыз жағдайлардан кейін балық шаруашылығы жөніндегі ведомствоаралық зоологиялық комиссия Каспий итбалығын Қазақстанның Қызыл кітабына енгізу туралы шешім қабылдады. Себебі сол жылы теңіз жағасында адамдардың итбалықты таспен, таяқпен ұрып, қатыгездік көрсеткен жағдайлары тіркелді. Енді Каспий итбалығын өлтірген адам 3 мың АЕК ( 1 АЕК 3 692 тг) көлемінде айыппұл төлейді немесе 800 сағат жұмысқа міндеттеледі, болмаса үш жылға бас бостандығынан айырылады.

2022 жылдың желтоқсан айының басында Дағыстанда 1700-ден астам Каспий итбалығының өлексесі табылды. Каспий экологиялық орталығы мамандарының айтуынша, жануарлар табылған кезде өлгеніне екі аптаға жуық уақыт болған. Кейінірек BBC өлген итбалықтардың саны 2500-ге жеткенін жазды. Жүзбаш, Сулақ және Шураөзенде итбалықтардың жаппай қырылуына, бір болжам бойынша, табиғи газ себеп болуы мүмкін, соның салдарынан итбалықтар гипоксияға ұшырап, тұншығып қалуы мүмкін. Мәскеу мемлекеттік университетінің география факультетінің океанология кафедрасының аға оқытушысы Сергей Мұхаметов итбалықтардың өлімінің себебі – сейсмикалық белсенділіктің нәтижесінде метанның бөлінуі болуы мүмкін деп санайды.

Осы жылы итбалықтар Қазақстанда да жаппай қырылды. 2022 жылдың сәуір айында Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында өлі итбалықтардың елуге жуық өлексесі табылды. Кейін олардың саны 94-ке жетті. Су мен топырақ сынамалары алынды, бірақ өлекселер жидіп кеткендіктен, оны зерттеу мүмкін болмады. Шілде айында Экология министрлігі 2022 жылдың басынан бері Қаражанбастағы және Түпқараған түбегінің оңтүстік-батыс шетіндегі учаскеде 220 өлі итбалық табылғанын хабарлады. Қараша айында Маңғыстау облысындағы Каспий жағалауынан тағы да жүзден астам өлі итбалық өлексесі табылды. Біраз уақыттан кейін тағы 40 жануар табылды. 2022 жылы 10 қарашада Каспий теңізінің жағалауынан 141 өлі итбалық табылды. Ал 2022 жылдың 7 қарашасы мен 3 желтоқсаны аралығында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Каспий теңізінің жағалауынан 172 өлі итбалық өлексесі табылды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Каспий итбалықтарының қырылу себебін жануарлардың иммунитетінің төмендеуінен, оның ішінде олардың мекендеу ортасының ластануынан туындаған вирустық инфекциялармен асқынған пневмония деп атады. Осыдан кейін экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл факты полиция бөлімінде тіркелгенін мәлімдеді. Алайда одан ештеңе шыққан жоқ, соңында итбалықтардың қырылуы жай ғана ұмытылып кетті.

Каспий итбалығын аулауға браконьерлер де құмар екенін жоғарыда айтып өттік. Мысалы, ҰҚК Шекара қызметі сәуірде браконьерлерден салмағы 1 тоннадан асатын 63 итбалықты тәркіледі. Көрші Ресейдегі жағдай тіпті қиын. 2019 жылы Ресейде аң терісінен жасалған бұйымдарды тігу үшін 15,9 мың итбалық терісі өңделіп, 3,4 тонна итбалық майы алынғаны белгілі болды.

P.S. Қазақстанның Қызыл кітабына енген Каспий итбалығын қорғау жоспарлары дамығанымен, әлі жүзеге асырылған жоқ. Қазақстан экологтары бұл түрді сақтау үшін жасалған құжаттар мен стратегиялар талап етілмеген күйде қалып, ал итбалық популяциясына қатысты жағдай нашарлап бара жатқанын айтады. Сондықтан сарапшылар мен экологтар Каспий итбалығын қорғау шараларын жедел жүзеге асыру қажеттігін алға тартып отыр. Ұсыныстар арасында заңсыз аңшылыққа бақылауды күшейту, популяцияның жағдайын бақылау және түрін сақтау шарасы бойынша халықаралық ынтымақтастықты жақсарту бар. Қолданыстағы бағдарламалар жүзеге асырылмаса, Каспий итбалығы жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. 

Айымгүл БАШАР