Каспий теңізін сақтау және оны кешенді зерттеу мақсатында 1,1 миллиард теңге бөлінді
Қазақстан Республикасының Үкіметі Каспий теңізін сақтау және оны кешенді зерттеу мақсатында 1,1 миллиард теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр қол қойған.
Қаражат Үкімет резервінен Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты акционерлік қоғамына бағытталады. Бөлінген қаржы Каспий өңірінің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және теңіздегі табиғи үдерістерді тереңірек зерделеуге жұмсалмақ.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, қаржыландыру институттың ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, теңіз мониторингін жүргізуге арналған заманауи құрал-жабдықтар сатып алынады. Сонымен қатар гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыру көзделген.
Бұл шаралар ғылыми-зерттеу институтына теңіз акваториясында тікелей кешенді мониторинг жүргізуге жол ашады. Яғни, гидрометеорологиялық және биологиялық параметрлерге жүйелі бақылау жасалып, Қазақстанға тиесілі Каспий бөлігіндегі үдерістер туралы ғылыми негізделген деректер базасы кеңейтіледі.
Мамандардың пікірінше, аталған бастама Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін нығайту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.