Кәсіпкерлерді қолдауға 70 млрд теңге бөлінді
Соңғы жылдары Алматы облысы индустриялық-инновациялық даму бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Өңір экономикасының тірегі саналатын өнеркәсіп саласы бүгінде жаңа кәсіпорындармен толығып, өңдеу секторына серпін беруде.
Облыс әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,8 трлн теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға жоғары көрсеткіш. Өңдеу өнеркәсібі құрылымында азық-түлік, құрылыс материалдары, машина жасау және химия салаларының үлесі айтарлықтай артқан.
Мәселен, Талғар мен Іле аудандарында жаңа жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика бағытындағы зауыттар іске қосылды. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданында агроөнеркәсіптік кешен мен жем өндірісіне арналған инновациялық желі құрылуда. Бұл жобалар жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдық өңірлердің экономикалық белсенділігін күшейтуде.
Өңір басшысы М.Сұлтанғазиевтің айтуынша, облыс индустриясын әртараптандыру – басты міндеттердің бірі.
«Біздің мақсат – шикізатқа тәуелділіктен арылып, қосылған құны жоғары өнім өндіру. Бұл бағытта инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалып отыр», – деді облыс басшысы.
Қазіргі таңда облыстағы индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда 60-тан астам жоба жүзеге асуда. Оның ішінде жаңартылатын энергия, экологиялық таза өндіріс және цифрландыру элементтерін енгізу көзделген.
Сондай-ақ логистикалық инфрақұрылым дамып келеді: «Қорғас – Шығыс қақпасы» бағытындағы көлік дәлізі мен Алматы агломерациясын қамтитын индустриялық белдеу өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруда.
Жалпы, Алматы облысының өнеркәсіп әлеуеті алдағы жылдары да арта түспек. Жаңа технологиялар мен жасыл өндірістерді енгізу арқылы өңір экономикасы экспорттық бағытты кеңейтіп, елдің индустриялық қуатын нығайтуға үлес қоспақ.
Алматы облысы соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуда республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының кеңеюі, инвестициялық жобалардың көбеюі өңірдің экономикалық белсенділігін арттырды.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда аймақта 180 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Олардың басым бөлігі сауда, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және құрылыс саласында жұмыс істейді.
Биылдың өзінде кәсіпкерлерді қолдауға арналған түрлі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы 70 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. «Бизнестің жол картасы-2025», «Ауыл аманаты», «Кәсіпкер ана» жобаларының аясында мыңдаған тұрғын өз ісін ашуға мүмкіндік алды. Мәселен, Кеген ауданында бал өндірумен айналысатын жас кәсіпкердің жобасы мемлекеттік гранттың арқасында кеңейіп, бүгінде өнімін шетел нарығына экспорттауда. Ал Қарасай ауданында жас дизайнерлер тобы ашқан киім өндірісі жергілікті брендке айналып, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр.
Облыс әкімі М.Сұлтанғазиев кәсіпкерлікті дамыту өңірдің тұрақты өсуінің кепілі екенін атап өтті:
«Біз үшін әрбір бизнес бастама жаңа мүмкіндік. Инвесторлар мен кәсіпкерлердің сенімін арттыру үшін әкімдік тарапынан инфрақұрылым, жеңілдетілген несие және жер мәселелері бойынша барынша қолдау көрсетіледі», – деді ол.
Облыстағы «Жетісу» кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қорының өңірлік филиалдары оқыту, кеңес беру және қаржыландыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Бүгінде Алматы облысында жеке кәсіпкерлік тек экономиканың ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да тірегіне айналды. Жаңа бизнес-жобалар мен жас стартаптар санының артуы өңірдің дамуға деген сенімді қадамының айғағы.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК
Алматы облысы