Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

"Қателік болды": Тұңғыш президентті тек жақсы қырынан көрсетуге күш салдық

Назарбаев
Фото: ашық дереккөз

Тарихшы Жақсылық Сәбитовтің пікірінше, билік Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасын идеалдандыруға тырысып, оның тек жағымды жақтарын көрсетуге басымдық берді.

Сәбитовтің пікірінше, қоғам Назарбаев туралы жасанды мифке қарсы тұрып, Қонаевтың бейнесін балама ретінде ұсынды. Бұл – халықтың «әділ әрі адал» басшыға деген сұранысының көрінісі. Қонаев қоғам санасында әділетті, қарапайым, адал әрі халыққа жақын басшы ретінде есте қалды. Бұл – кеңестік кезеңдегі моральдық тәртіп пен басқару стиліне деген сағыныштың да көрінісі. 

Сәбитов бұл үрдісті "контр-мифтің" тууы деп сипаттайды: мемлекет Назарбаев туралы жағымды аңыз жасамақ болса, халық оған балама ретінде Қонаев туралы өз аңызын құрастырды. Мұндай жағдайда қоғам Қонаевты қаралау әрекеттеріне, әсіресе қазіргі Қазақстан тарихы оқулықтарында кездесетін кейбір сындар мен жағымсыз сипаттауларға назар аудармады не оларды қабылдаудан бас тартты.

– Мемлекет Назарбаев туралы аңыз қалыптастырғысы келді, бірақ бұған халық қарсы болды. Бұл қарсылық әртүрлі формада көрінді. Мысалы, біз "бестомдықта" Қонаевтың жағымсыз сипатта көрсетілгенін білеміз. Бір кездері тарихшы әрі публицист Радик Темірғалиев осы "бестомдыққа" рецензия жазған. Сол жерде Қонаев өте жағымсыз кейіпте бейнеленген – не үстірт айтылған, не жаман жағынан ғана сипатталған. Мысалы, ол Семей полигонын жаппады деп кінәлайды. Алайда ол кезде ондай шешімді өзі қабылдай алатын жағдайда болмаған. Бірақ сонда да халық Қонаевтың бейнесін жағымды қабылдады, - деді ол.

Сарапшының пікірінше, бұл құбылыс халықтың тарихи әділдікке деген сұранысын да көрсетеді. Кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында басшылық еткен Қонаевтың бейнесі саяси тұрақтылықтың, әлеуметтік теңдіктің символы ретінде қабылданады. Сондықтан жұрт оны идеалдандырып, қазіргі тарихи мифтерге қарсы тұрды.

– Сөйтіп, екі аңыздың бәсекесі жүрді: бір жағында — «көркем Назарбаев» туралы мемлекеттік аңыз, ал екінші жағында — халықтың Қонаев туралы мифі, онда Қонаев Назарбаевтан артық деп саналады. Қарама-қайшылық күшті болғандықтан, халықтың аңызы жеңіске жетті. Өйткені Қонаевтың туыстары арасында миллиардер жоқ. Иә, ол билікте ұзақ отырды, бірақ артында не қалды? – деді тарихшы.

Қазақстан билігі Назарбаев туралы біржақты оң миф қалыптастыруға күш салғанымен, қоғам өз тарихи тұлғасын — Қонаевты — балама рәміз ретінде таңдады. Бұл халықтың ресми идеологияға қарсы ішкі қарсылығын және әділетті басшыға деген сұранысын айқын көрсетеді.