Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:10

Катонқарағайға апарар жол

Катонқарағай
Фото: ашық дереккөз

Отандық туризмді көркейту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Себебі бұл салада әлі де жетілдіре түсетін тұсымыз көп. Ендігі кезекте бар мүмкіндікті уыстан шығармай, табыс көзіне сұранып тұрған өңірлердің инфрақұрылымын дамытуды қолға алу ғана қалып тұр.

Табиғат пен тыныштықты іздеген жанның жолы бүгінде Катонқарағайға түседі. Алтайдың ақбас шыңдары мен мөлдір көлдерінің құшағында жатқан бұл өңір соңғы жылдары туризмді дамыту бағытында ерекше назарға ілігіп, жаңа тынысын сезіне бастады. Мұндағы Бұқтырма су қоймасының жағалауы, Сібе көлдері мен Самар құмдары, Рахман қайнары, Алтайдың ең биік тауы – Белуха сияқты демалыс орындары анадайдан көз тартып, «менмұндалайды». Бірегей тұмса табиғаты мен сұлулығы бірден баурап алатын мекеннің саф ауасын жұтудың өзі керемет әсерге бөлейтіні анық. Әсіресе қысы алты айға созылатын аймақтың қытымыр аязы мен ақ мамық көрпеге оранған мезетін тамашалау да бір бақыт шығар, сірә.

Бұған дейін өңірдегі туризмді дамытуға басты кедергі – инфрақұрылым мен көлік қатынасының қолжетімсіздігі болды. Көрікті мекенді тамашалауға асыққан жұрт діттеген жерге жеткенше діңкесі құритын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Катонқарағай ауданында әуежай салу жобасы қолға алынып, құрылыс жұмысы басталып кетті. Жаңа халықаралық әуежай іске қосылса, өңірдің туристік тартымдылығы жаңа деңгейге көтеріліп, мұнда ағылатын демалушылардың саны артатыны сөзсіз. Сондай-ақ ішкі және сыртқы туризмнің дамуына даңғыл жол ашылып, инвестиция тартуға тапсырмас мүмкіндік сыйлайды. Әлбетте, туризмнің дамуы – өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, ең бастысы, қызмет көрсету сапасының жақсаруына сеептігін тигізеді.

Туризм – бұл әсем табиғат пен ірі жобалар ғана емес. Оған әкелетін жолдар мен жол торабындағы қызмет көрсету орындарының сапасын жақсарту да маңызды. Осы кезде «Туризм әжетханадан басталады» деген түсініктің ойға оралатыны заңдылық. Яғни демалуды көздеп келген әр саяхатшы үшін ең әуелі қолайлылық пен тазалық басымдыққа ие. Сол себептен де әуежай құрылысы сынды ірі бастамалармен қоса, жол сапасын жақсарту, жол бойындағы сервисті, демалыс ошақтарын және қарапайым санитарлық жағдайды түзеу – туризмді жүйелі түрде дамытудың алғышарты.

Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаевтың айтуынша, 15 млн теңге бөлініп, Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытындағы автожол бойында әкімдік пен «ҚазАвтоЖол» АҚ бірлесіп орнатқан санитарлық-модульдік тораптар 20 наурыздан бастап іске қосылған. «Заманауи талапқа сай жабдықталған, тазалық пен қауіпсіздік талаптары сақталған бұл санитарлық тораптар жол бойындағы жолаушылар мен туристер үшін тәулік бойы ашық тұрады», – дейді аудан әкімі.

Былтыр табиғаттың өзі тарту еткен өңірде туризмді дамыту бағыты бойынша біраз шаруа атқарылған. Бүгінде есігін айқара ашып, іске қосылған 97 туристік нысан бір мезетте 2 мыңнан астам қонақ қабылдайды екен. Бұл орталықта қонақүй, пантымен емдеу орталықтары, демалыс базасы, киіз үй қалашықтары қызмет көрсетеді. «Бұл өңірдің туризмге бет бұрғанын айғақтап қана қоймай, қызмет көрсету сапасының да жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Былтыр ауданға 200 мыңға жуық турист келді. Мұның өзі алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Ал биыл бұл көрсеткіш 250 мыңға жетеді деген болжам бар. Себебі Шығыс Қазақстан өңірінде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық іс-шараны ұйымдастыру жоспарланған», – деді аудан әкімі бізге берген пікірінде.

Бүгінде бұл өңірдің басты байлығы саналатын Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне бару үшін ондаған туристік маршрут пен 700 шақырымға созылған 4 экскурсиялық соқпақ ашылған. Соңғы жылдары инфрақұрылым мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Туризмді жүйелі түрде дамыту үшін халықаралық тәжірибені де сүйену маңызды. Осы бағытта аудан әкімдігі мен тұрақты даму қоры «PKF Hospitality» халықаралық компания сарапшыларын тарта отырып, құны 75,6 мың еуроны құрайтын кешенді мастер-жоспарын бірлесіп әзірлеген.

Катонқарағай ауданы әкімінің айтуынша, халықаралық ынтымақтастық орнату да назардан тыс қалған жоқ. «2025 жылдың Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болып жариялануына орай, Қанас көлі – Марқакөл – Катонқарағай бағыты бойынша ортақ туристік маршрут құру қолға алынды. Мұның аясында туризмге тартылатын инвестиция көлемі де арта түспек. Атап айтсақ, «Altay Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумынан кейін құны 8 млрд теңгені құрайтын қонақүй кешенін салу туралы меморандумға қол қойылды. Биыл «Pana Asia» ЖШС бастамашы болып, 6 млрд теңгеге туристік қалашықтың іргетасын қаламақ. Одан бөлек Аршаты ауылында1,5 млрд теңгеге бағаланған «Ular Mountain Resort» курорттық кешені және Шұбарағаш ауылында құны 15 млрд теңгеге жоспарланған «Димаш» спорттық-сауықтыру кешені салынып жатыр. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы туризм саласындағы 10 жобаға, өндірістегі 3 жобаға, қайта өңдеу саласы бойынша 2 жобаға және ауыл шаруашылығындағы 1 жобаға бас-аяғы 205, 82 млн қаржы бөлді», – дейді Д.Дүйсембаев.

Әр өңірдің өзіндік бірыңғай дизайндық белгісі болуы тиіс. Шетелден келген туристерге ұмытылмас әсер сыйлау үшін нысандардың сыртқы бет-бедерін визуалдық тұрғыдан біріздендіру де маңызды. Бұл келешекте туристік карталарда, визит парақшалардағы ақпараттарда, тіпті кіреберіс маңдайшаларда бірдей көрініс табады. Осы дизайн-кодты негізге алған аудандағы 6 әкімшілік ғимаратқа үкіметтен бөлінген 2 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, келбеті де қайта түрленіп шыға келді.

Туризмнің Отанына айналатын күні жақын Катонқарағай ауданы сұлу табиғатымен ғана емес, даму жолына түскен туристік инфрақұрылымымен де тартымды бола түспек. Аталған жобалар межелі уақытында жүзеге асса, Алтай төріндегі бұл өлке Қазақстан туризмінің шоқтығы биік бағытының біріне айналатыны сөзсіз.

Динара Мыңжасарқызы 

Тегтер: