Қайырымдылықтағы алаяқтық сенімді бұзады - Forte Bank директоры

Қайырымдылыққа бөлінген қаражаттың жымқырылуы бүкіл қайырымдылық саласының беделіне көлеңке түсіреді.
Мұндай пікірді волонтер Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша жәбірленуші, «Forte Bank» акционерлік қоғамының маркетинг жөніндегі директоры Антон Ким сотта айтты.
«Біз жиі халықтың әл-ауқатын жақсартуға, зорлық-зомбылықты жоюға, экономиканы қолдауға бағытталған өзгерістер мен реформалар туралы айтамыз. Бірақ осындай әрбір прецедент қоғамда жасалып жатқан көптеген игі істерді жоққа шығарады. Әрқайсымыз полицияға, дәрігерлерге, мұғалімдерге сенгіміз келеді. Олар — арқа сүйеуге болатын адамдар. Ал бұл жолы Biz Birgemiz қорына қатысты болған жағдай бүкіл қайырымдылық саласының айналасында қалыптасып келе жатқан сенім мен беделге үлкен соққы болды. Енді қайырымдылыққа бұрын ақша аударған немесе оны енді ғана бастағысы келген әрбір адам мұны істеу-істемеуді мың рет ойланатын болады», - деді Ким бейсенбі күні сот отырысында.
Ол жеке шотынан Biz Birgemiz қорына 500 мың теңге қайырымдылыққа аударғанын айтты. Жәбірленуші прокурордың сұрауын және азаматтық талапты қолдайтынын білдіріп, Ғайни Алашбаеваның денсаулығын ескеріп, оның жазасын жеңілдетуді сұрады.
«Қайрат пен Алашбаеваға қатысты бұл іс аясында олардың кінәсі толық дәлелденді деп есептеймін. Азаматтық талабымды толық көлемде қанағаттандыруды сұраймын. Сотталушыларға қатысты жаза мәселесіне келсек, прокурордың сұрауын қолдаймын. Тек Алашбаева ханымның жасы мен денсаулығына байланысты, егер жеңілдететін жағдайлар болса, оны ескеруді сұраймын. Өйткені ол егде жастағы адам»,- деді Ким.
Бұған дейін де бір жәбірленуші Алашбаеваға тағайындалатын жазаны жеңілдетуді сұраған болатын. Сондай-ақ, «Асар-Уме» қорының жетекшісі Перизат Қайраттың БАӘ-нің билеуші әулетімен байланысы бар екенін айтты. Сондай-ақ, кешегі сот отырысында Геннадий Головкиннің аты аталды. Тергеу мәліметінше, Қайрат тек 7 миллион теңгені ғана Палестинаға аударған.
Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.
Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.
ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.
2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.