Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:46

«Қайрат» чемпиондық атағын қалай қорғады?

Қайрат чемпион
Фото: kff.kz

26 қазанда футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 2025 жылғы маусымы аяқталды. Биыл ел чемпионы ең соңғы турда ғана анықталды. Оның үстіне алтын медальге үміткер екі ұжым кездесіп, кім мықтыны өзара анықтады.

Соңғы, 26-турда Алматының Орталық стадионында жергілікті «Қайрат» пен елордалық «Астана» кездесті. 25-турдың қорытындысы бойынша алматылық команда – 58, астаналық ұжым – 56 ұпай еншілеген. Демек бұл ойында «Астанаға» жеңіс қажет болса, «Қайрат» үшін тең нәтиже де жеткілікті еді. Ақыры матч 1:1 есебімен аяқталып, «Қайрат» екінші жыл қатарынан ел чемпионы атанды.

Жыл басында бірнеше команда чемпиондыққа таласатынын мәлімдеген. Бірақ маусым аяғына қарай «Тобыл», «Астана» және «Қайраттың» ғана турнирде топ жаруға мүмкіндігі мол екені белгілі болды. Жыл сайын жүлделі орынға ұмтылатын «Ақтөбе», «Ордабасы» сияқты үздік клубтар тым ерте бас жүлдеден күдер үзген. Маусым соңында ақтөбеліктер бесінші (43 ұпай), шымкенттік команда жетінші (35) орынға жайғасты.

Есесіне, семейлік «Елімай» қайрат көрсетіп, төртінші сатыға табан тіреді (48 ұпайы бар). Олар енді келер жылы Қазақстан атынан УЕФА Конференция лигасының іріктеу турнирінде бақ сынайды. Ал көпке дейін «Астана» мен «Қайраттан» қалыспай келе жатқан «Тобыл» қыркүйекте қатарынан екі ойында жеңіліп, чемпионатты қола медальмен аяқтады (54 ұпай). Бірақ қазақ футболының аңызы Нұрбол Жұмасқалиев жаттықтыратын қостанайлық ұжым Қазақстан кубогын жеңіп алды.

Енді чемпион атанған «Қайрат» келер жылы УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысады. Алматылық ұжым биыл Еуропаның басты клубтық турнирінің жалпы кезеңіне өтіп, «Реал Мадрид», «Арсенал», «Интер» сияқты алпауыт ұжымдарға қарсылас атанғанын білеміз. «Қайрат» биыл іріктеу турнирінде 4 елдің чемпионын жарыс жолынан шығарды. Атап айтқанда, Словенияның «Олимпиясын», Финляндияның КуПС командасын, Словакияның «Слованын» және Шотландияның «Селтик» клубын жеңді.

Ал «Астана», «Тобыл» және «Елімай» Конференция лигасында бақ сынайды. Бірақ ел кубогын жеңіп алған қостанайлық «Тобыл» Еуропа лигасының іріктеуіне қатысуы мүмкін. Былтыр «Ақтөбе» жарыс жолын Еуропа лигасынан бастаған. Бірақ биыл Қазақстан Премьер-лигасының УЕФА коэффициенттер кестесіндегі орны жоғарыламағандықтан, кубок иегері де Конференция лигасына қатысуы мүмкін. Нақты ақпарат жыл аяғына қарай белгілі болады.

УЕФА коэффициенттер кестесі клубтардың Еурокубокта көрсеткен өнеріне байланысты түзіледі. Мысалы, іріктеу кезеңіндегі әр жеңіс үшін – 1, тең ойынға 0,5 коэффициент беріледі. Ал топтық кезеңдегі жеңіс – 2, тең нәтиже 1 ұпаймен бағаланады. Биыл Еурокубоктың негізгі кезеңіне «Қайрат» қана жолдама алғанын білеміз. Ал «Ордабасы», «Ақтөбе» және «Астана» іріктеу кезеңінен аса алған жоқ. Тіпті бәрі өте нашар нәтиже көрсетті деуге негіз бар.

Маусым қорытындысы бойынша Премьер-лигадан бір команда ғана төменгі лигаға (Бірінші лига) түседі. Өйткені Қазақстан футбол федерациясы 2026 жылы чемпионатқа қатысатын клубтар санын 14-тен 16-ға көбейтті. Сөйтіп, көш соңында қалған түркістандық «Тұран» (26 матчта 16 ұпай ғана еншіледі) Бірінші лигаға «ұшты». Ал 13-орынға жайғасқан «Атырау» (19 ұпай) ҚФФ-ның жаңа ережесінің арқасында жоғары лигадағы орнын сақтап қалды.

Ерекше айта кетерлік жайт, маусым бойы құрамына бірде-бір легионер қоспай, тек қазақстандық футболшылармен өнер көрсеткен қызылордалық «Қайсар» 22 ұпай жинап, 11-орынға тұрақтады. Бұл жағдай ел арасында қалыптасқан легионер болмаса, нәтиже көрсету мүмкін емес деген түсінікті жоққа шығарып отыр.

Ал Бірінші лигадан жоғары топқа ақтаулық «Каспий», павлодарлық «Ертіс» және өскемендік «Семей» жолдама алды. Қазақстандағы даңқты клубтардың бірі «Ертіс» осыдан бірнеше жыл бұрын банкрот болып, жабылған болатын. Бұған клуб басшыларының қателігі себеп болды. Команда қарызға батып, шетелдік бапкерлер мен ойыншыларға жалақы төлей алмай қалған. Биыл «Тұран» клубы да осындай жағдайға тап болды. Клуб басшылары жыл басында 14 легионер шақырған. Бірақ маусым ортасында оларға жалақы төлей алмай, шетелдік шеберлер чемоданын жинап, тайып тұрған. Салдарынан команда төменгі лигаға түсіп қалды. Қазақ футболында мұндай мысал өте көп.

Биыл Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені атағын «Астана» ойыншысы Назми Грипши еншіледі. Албаниялық жартылай қорғаушы 26 матчта 16 гол соқты (8-і пенальтиден). Ал екінші орында «Қайраттың» жас шабуылшысы Дастан Сәтбаев тұр. 17 жастағы ойыншы чемпионатта 14 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеді. Сондай-ақ «Оқжетпес» шабуылшысы Дәурен Жұмат 13 гол соқты. Өткен маусымдағы үздік сұрмергендер (3 футболшы) небәрі 10 гол соққанын ескерсек, биыл мергендердің көрсеткіші біршама жақсарып отыр.

«Қайрат» – Қазақстандағы жалғыз жеке клуб. Клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев. Ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, 6 жылға сотталған. Бірақ кейін мерзімінен бұрын босап шықты.

1954 жылы құрылған «Қайрат» Кеңес одағы кезінде Қазақстанның ең үздік клубы болды. «Халық командасы» атанып, Одақ чемпионатына қатысып тұрған. Бірақ дәл қазір команданы «Халық командасы» деп атау қиын. Клуб жанкүйерлермен етене жұмыс істеуге құлықты емес. Жақында Чемпиондар лигасы аясында кипрлік «Пафос» командасымен матчта билет бағасын 30-250 мың арасында белгілеп, сынға ұшыраған.

Алматылық ұжым өз тарихында бесінші мәрте ел чемпионы атанды. Қазақстан тәуелсіздік алған соң ұйымдастырылған алғашқы біріншілікті дәл осы «Қайрат» жеңіп алған. Сондай-ақ клуб 2004, 2020, 2024 және 2025 жылдары алтын медаль иегері атанды. Бұдан бөлек, 5 мәрте күміс, 6 рет қола жүлдегер атанған.

Премьер-лигада бақ сынайтын «Қайраттан» өзге 13 клуб мемлекет қазынасынан қаржы алады. Оларға жыл сайын бюджеттен бірнеше млрд теңге бөлінеді. Көпшілік клубтардың мемлекет қаржысын легионерлерге жалақы төлеуге ғана жұмсап отырғанына наразы. Мысалы, биыл ел чемпионатында 357 футболшы тіркелген, оның 123-і легионер. Маусым барысында келіп-кеткен шетелдік шеберлер де аз емес. Ең қызығы, чемпиондыққа таласпайтын, алдына үлкен мақсат қоймаған «Атырау», «Тұран», «Жеңіс», «Қызылжар», «Жетісу» сияқты клубтардың өзінде оннан аса шетелдік ойыншы өнер көрсетті.

Мысалы, 2025 жылы жергілікті бюджеттерден ҚПЛ клубтарына 23,44 млрд теңге бөлініпті. Бұған «Астана» клубы Sport Qory спортты қолдау қоры арқылы мемлекет қазынасынан тіке алатын бірнеше миллиардты қосыңыз. Аталған қор «Астанаға» 2022 жылы 4,8 млрд, 2023 жылы 5,3 млрд теңге бөлген. Елордалық ұжым 2021-2024 жылдары квазимемлекеттік сектордан 24,6 млрд теңге алыпты (жылына орта есеппен 6,15 млрд).

ҚПЛ клубтарының 2025 жылғы бюджеті:

«Ақтөбе» – 4,2 млрд теңге;

«Ордабасы» (Шымкент) – 3,5 млрд;

«Елімай» (Абай обл) – 2,7 млрд;

«Қызылжар» (СҚО) – 2,0 млрд;

«Қайсар» (Қызылорда) – 1,9 млрд;

«Оқжетпес» (Ақмола обл) – 1,8 млрд;

«Жетісу» (Жетісу обл) – 1,7 млрд;

«Ұлытау» (Ұлытау обл) – 1,4 млрд;

«Тобыл» (Қостанай) – 1,3 млрд;

«Тұран» (Түркістан обл) – 1,2 млрд;

«Жеңіс» (Астана қ) – 1,0 млрд;

«Қайрат» (Алматы қ.) – 0,75 млрд.

Сонымен, биыл Қазақстан чемпионатына қатысқан 13 клуб үшін маусым аяқталды. Ал «Қайрат» ойыншылары әлі 5 матчқа қатысады. Команда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында өз алаңында 2, сырт алаңда 3 матч өткізеді. Атап айтқанда, «Брюгге» (Бельгия) мен «Олимпиакос» (Грекия) қарсы ойын – Алматыда, «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия) және «Копенгагенге» (Дания) қарсы матч сырт алаңда өтеді. Алматылық команданың Чемпиондар лигасы аясындағы келесі матчы 6 қараша күні Милан қаласында жергілікті «Интерге» қарсы өтеді.

Сондай-ақ ұлттық құрама ойыншылары екі матчқа қатысады. Талғат Байсуфинов шәкірттері 15 қарашада Астанада Бельгиямен, ал 18 қараша күні Хорватияда Фарер аралдары құрамасымен кездеседі. Бельгияға қарсы ойын әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы матч, ал Фарермен жолдастық матч өтеді. Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирін сәтсіз өткізіп жатыр. Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейнмен бірге J тобына түскен біздің футболшылар 7 матчта 7 ұпай ғана жинады. Айтпақшы, бұл іріктеу циклінде құраманы екі маман жаттықтырды. Жыл басында тізгін ұстаған Әли Әлиев 5 ойында 3 ұпай еншілеген. Ал қазанда жұмысқа кіріскен Байсуфинов 2 кездесуде 4 ұпайға қол жеткізді.

Қуаныш Қаппас

 

Тегтер: