«Қайрат» қашан жеңеді?
Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің төртінші туры аясындағы «Интер» – «Қайрат» матчы жанкүйерлер есінен әлі кеткен жоқ. Италияның Милан қаласында өткен ойында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жеткен. «Қайрат» сапынан жалғыз голды израильдік жартылай қорғаушы Офри Арад соқты.
Бұл ойында «Интердің» айқын фаворит екені анық болатын. Сол үшін қазақ жанкүйерлері алматылық команданың гол соққанын жеңіске балап жүр. Тіпті бір доп айырмасымен ғана жеңілгенін жетістік санайтындар да бар екен. Команданың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин де нәтижені қанағат тұтатынын аңғартты.
«Өте күшті қарсыласқа қарсы ойнадық. Олар – өткен маусымдағы Чемпиондар лигасының финалисі. Әрине, біз «Интердің» мықты екенін түсіндік. Ойын жоспарымызды орындап, бар күшін салған жігіттерге алғыс айтамын. Қателіктер болды. Бірақ мұндай қарсыласқа қарсы қателік болатыны сөзсіз еді. Жалпы алғанда, матч нәтижесіне оң баға беруге болады. Осындай ойындардың арқасында дамып, тәжірибе жинаймыз әрі болашаққа сеніммен қараймыз. Жеңісті күндер алда деп үміттенеміз», – деді бас бапкер.
Әрине, ешкім «Қайраттан» сырт алаңда «Интерді» жеңуді талап еткен жоқ. Бірақ оған дейін Алматыда өткен кипрлік «Пафосқа» қарсы матчта жеңіске жетуге әбден болар еді. 21 қазан күні Алматыда өткен ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Ең өкініштісі, кездесудің небәрі 4-минутында «Пафостың» бір футболшысы алаңнан қуылып, қонақтар матч бойы 10 адаммен өнер көрсетті. Алматылық команда өз алаңында кем құрамда ойнаған қарапайым клубты жеңе алмады. «Пафос» та «Қайрат» сияқты Чемпиондар лигасына бірінші рет шығып отырған команда. «Реал», «Интер» сияқты алпауыт ұжым емес. Демек осы матчта «Қайрат» 3 ұпай алуға міндетті еді. Бірақ бұл Уразбахтин шәкірттерінің қолынан келмеді.
«Қайрат» – «Пафос» матчында билет бағасы 30-250 мың теңге арасында болып, алматылық ұжым Еуропадағы билетті ең қымбатқа сатқан клубтардың бірі атанды. «ПСЖ», «Барселона» сияқты бірен-саран команда ғана матч билетін «Қайраттан» қымбатқа сатқан. Яғни, Еуропаның төрінде орналасқан үздік командалардың өзі бізге қарағанда қарапайым баға ұсынған.
Мұнша жоғары бағаға наразы болған жанкүйерлер билет сатып алуға талпынған жоқ. Кейін БАҚ-та клуб стадионды толтыру үшін 10 мың билетті қазақстандық компанияларға тегін таратып берді деген ақпарат шықты. «Қайрат» басшылары бұл ақпаратты растаған жоқ, жоққа да шығармады. Матч басталар сәтке дейін сатылымда билеттер болғанын ескерсек, билеттердің өтпей қалғаны рас ақпарат сияқты.
Ең қызығы, 5 қараша күні Миланда өткен «Интер» – «Қайрат» матчында қонақтар секторының билет бағасы небәрі 7 мың теңге болды. Еуропадағы ең атақты, ең сәулетті стадиондардың бірінде матч көру осынша арзан екенін көрген жанкүйерлер «Қайрат» – «Пафос» матчын еске алып, таңғалып жүрді. «Қайрат» басшылары осы оқиғадан сабақ алып, өз алаңында өтетін келесі ойындарда ақылға қонымды баға белгілейді деп үміттенеміз.
«Қайрат» Чемпиондар лигасы жалпы кезеңі аясында 4 матчтың ешбірінде жеңіске жете алмады. Алғашқы турда Португалияда лиссабондық «Спортингтен» 4:1 есебімен жеңілген, ал өз алаңында мадридтік «Реалдан» 5:0 есебімен ойсырай ұтылды. Одан кейінгі екі ойынның нәтижесін жоғарыда жаздық. 4 кездесуде 1 ұпай ғана жинап, турнирлік кестеде 34-орында тұр. Өз қақпасына 11 гол өткізіп алды, ал қарсылас қақпасына 2 гол ғана соқты.
Салыстыру үшін айтсақ, Әзербайжанның «Карабах» клубы 4 турдан кейін 7 ұпай жинап, турнирлік кестеде 15-сатыға жайғасқан. «Карабах» португалиялық «Бенфика» (3:2) мен даниялық «Копенгагенді» (2:0) жеңіп, атақты лондондық «Челсимен» (2:2) тең ойнады. Тек испаниялық «Атлетикке» (3:1) есе жіберді. Барлық қарсыласы мықты, бірақ «Карабах» бәріне гол соқты, ешкімнен қаймыққан жоқ. Осы бетінен таймаса, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алуы әбден мүмкін. Ал біз «Қайраттың» әупірімдеп жүріп гол соққанына, 10 адамға қарсы ойнап, тең түскеніне мәз болып жүрміз. Мұны мақтанатын көрсеткіш деуге келмейді.
Миландағы масқара
«Интер» – «Қайрат» матчы тағы бір даумен есте қалды. Кездесуден кейін Миланға барған спорт жанкүйерлері алаңдағы диктор қазақстандық клубтың ойыншылар тізімін орыс тілінде оқығанын айтып, дабыл қақты. Яғни, «Қайрат» футбол клубы италиялық әріптестерінен қазақ тілін талап етпеген. Бұл оқиғаға қатысты спорт комментаторы, журналист Ермұхамед Мәулен пікір білдіріп, шетелде мемлекеттік тілді талап ету керек екенін айтты.
«Қазақстан футболының тілі – орыс тілі. Сондықтан осындай жағдай кездеседі. УЕФА-да, оның бөлімшелерінде, клубтық жарыстар департаментінде, кез келген жерде Қазақстанның тілі орыс тілі деп ойлайды. Мен ұлттық құрамада жұмыс істеген кезде көп матчта қазақ тілін талап еттік, диктор табылмаған мемлекеттерде өзім диктор болдым. Көбіне елшіліктегі азаматтар мемлекеттік тілде диктор қызметін атқарды. Сондықтан шетелге барғанда мемлекеттік тіліміздің қазақ тілі екенін айтып, талап ету қажет. Бұл іспен клубтың менеджерлері айналысуы керек. Солар біздің команданың, жанкүйерлердің тілі – қазақ тілі, сондықтан қазақтілді диктор қоюыңызды сұраймыз деп өтініш айту керек. Бұл түк қиын жұмыс емес», – дейді комментатор.
Мысалы, биыл 13 қазанда Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Солтүстік Македониямен тең ойнады (1:1). Осы ойын алдында стадиондағы диктор қазақ тілінде сөйлеп, матч туралы хабарлады. Бұл жанкүйерлерге ғана емес, футболшыларға да рух сыйлағаны анық. Бұл туралы алаңда өнер көрсеткен ойыншылардың өзі айтып жүрді.
«Қазақстан құрамасындағы қызметіміз – қазақ тілінің абыройын асқақтатуға үлес қосу. Македония астанасы Скопье шаһарындағы «Тодор Проески» стадионына келіп, тіл үшін қызметімізді қолдан келгенше істедік. Мысалы, баспасөз мәслихатын, әдеттегідей, қазақша өткіздік. Сондай-ақ матчта қазақша диктор болып, алғы сөз айтып, құрамды таныстырдық. 36 000 адам сыятын стадионда футболшыларымызға ана тілімізде сәттілік тіледік. Жиналған македониялық жұрт қазақ тілін естіп, тәнті болды. Ал өз футболшыларымызға ана сүтімен дарыған тіліміздің құдіреті қосымша рух сыйлады. Матчтан кейін бас бапкеріміз Талғат Маруаұлы Байсуфинов алғыс айтты», – деп жазды ҚФФ өкілі Әлімжан Асқар әлеуметтік желіде.
Біз бұған дейін «Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметі қазақтілді журналистерді шетке қаққаны жайлы жазған едік. Газетіміздің №76 санында «Қайрат қазақтілді БАҚ-ты шеттетіп отыр» деген мақала шыққан. Онда «Қайрат» – «Реал» матчында жұмыс істеуге аккредитация алған сексенге жуық журналистің ішінде мемлекеттік тілде ақпарат тарататын БАҚ өкілдері өте аз болғаны айтылды. Клуб аккредитация таратарда шетелдік және орыстілді баспасөзге баса назар аударғандай көрінген. Мұның мән-жайын клубтың баспасөз қызметі түсіндірген жоқ. Көпшілік алматылық клубтың мемлекеттік тілге атүсті қарағанына наразы.
Айта кетейік, «Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында әлі 4 матч өткізеді. Біздің командаға «Спортинг» (Португалия), «Реал Мадрид» (Испания), «Арсенал» (Англия), «Интер» (Италия), «Копенгаген» (Дания), «Брюгге» (Бельгия), «Олимпиакос» (Грекия) және «Пафос» (Кипр) клубтары қарсылас атанған. «Брюгге» мен «Олимпиакосқа» қарсы ойын – Алматыда, «Арсенал» мен «Копенгагенге» қарсы матч сырт алаңда өтеді. Алматылық команда келесі матчын 26 қараша күні сырт алаңда «Копенгагенге» қарсы өткізеді.
Қуаныш ҚАППАС