Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:15, 29 Қыркүйек 2025

«Қайрат» қазақтілді БАҚ-ты шетке қағып отыр ма?

Қайрат ФК

30 қыркүйек күні Алматыда УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы өтеді. Бұл матчқа билет алу кезінде отандық жанкүйерлер қандай қиындыққа тап болғанын бәріміз көрдік.


Ол аздай, журналистер аккредитация алу барысында да келеңсіз жағдайға ұшырап отыр. Мысалы, клубтың баспасөз қызметі еш себепсіз «Жас Алаш» тілшісіне аккредитация беруден бас тартты. 

Клуб «2025 жылғы маусымда ҚПЛ-дағы «Қайрат» ойындарына аккредиттеуден өткен, стадионға тұрақты келіп, клуб жайлы жүйелі түрде ақпарат таратып жүрген журналистерге басымдық беретінін» хабарлаған. «Жас Алаш» тілшісі бұл талапқа толық сай келеді.

Клубтың баспасөз қызметі «Жас Алаш» тілшісінің барлық талапқа сай келетінін растап отыр. Бірақ стадионда орын тапшы болғандықтан, өтінімнен бас тартқанын хабарлады.
Біз аккредитация алған журналистер тізімін көрдік. Онда маусым бойы «Қайраттың» бірде-бір матчына келмеген, тіпті Алматыда тұрмайтын тілшілер де бар. Шынымен орын жетіспесе, мұндай тілшілерге неге аккредитация беріп отыр?

Оның үстіне аккредиттеуден өткен 80-нен аса журналистің басым көбі орыс тілді БАҚ өкілдері екені байқалады. Тіпті қазақ тілді дәстүрлі БАҚ-тан бірде-бір адам жоқ. Осыған қарап, «Қайрат» қазақ тілді БАҚ-ты шетке қағып отыр ма деген ой туады. Әдетте клубтың баспасөз жиындары толық орыс тілінде өтеді. «Жас Алаш» тілшісі осыны байқап, бірнеше мәрте бас бапкерге қазақ тілінде сұрақ қойған. Мүмкін тып-тыныш «түсінікті тілде» өтетін жиынның шырқын бұзғаны үшін клубтың баспасөз қызметі «Жас Алаш» журналисіне өкпелі шығар?..

Біз клубтың баспасөз қызметіне ресми сауал жолдап, матчқа журналистерді аккредиттеуде қандай критерийге сүйенгенін, сондай-ақ аккредиттеуден өткен тілшілердің қаншасы қазақ тілді, қаншасы орыс тілді басылым өкілі екенін сұрадық. Бірақ ол сұрағымызға жауап ала алмадық.

Тегтер: