Кайрат Қожамжаров Ресей азаматтығын алды – БАҚ

Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры әрі сенаторы Кайрат Қожамжаровтың аты тағы да ақпарат айдынын шарлап жүр. Соңғы деректерге қарағанда, ол Ресей азаматтығын алып, сол жақта қалған.
Бұл болжамды Ұлысмедиа басылымы жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: МЕДВЕДЕВ КУРСТАСЫНА КӨМЕКТЕСЕ АЛМАДЫ
Курстасы көмектесті ме?
Қайрат Қожамжаровтың өзі кезінде Мәскеуде оқыған жылдары Медведевпен жақсы қарым-қатынаста болғанын және сол достық байланыс сақталғанын айтқан. Енді сол достық оның «құтқару талонына» айналуы мүмкін деген болжам бар.
Ресей Конституциясына сәйкес, «Ресей азаматы ешқандай жағдайда ел аумағынан шығарылмайды және басқа мемлекетке берілмейді». Демек, егер Қожамжаров Ресей азаматтығын алса, оны Қазақстанға экстрадициялау іс жүзінде мүмкін болмай қалады.
Осындай жолмен кезінде тағы бір ірі кәсіпкер – Анатолий Балушкин де Қазақстанның қылмыстық қудалауынан құтылып кеткен болатын.
Хоргос ісі
Қожамжаровқа Бас прокуратура оның басшылық қызметте болған түрлі кезеңдерінде қызмет бабын асыра пайдаланды және ақша жымқырды деген айыптар бойынша іс қозғаған. Кейбір сарапшылар мен саясаткерлер бұл істің түбі атақты «Хоргос ісіне» барып тіреледі деп те болжайды. Сол кезде Қазақстан мен Қытай шекарасындағы жемқорлық схемалары, кедендік бақылаудағы заңсыз әрекеттер мен ықпалды тұлғалардың байланысы әшкереленген еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ДҮЙСЕНОВТІ НЕМІСТЕР ҚОРҒАМАСА, ҚОЖАМЖАРОВТАН ҚАЙЫР ЖОҚ
Бұл туралы Германиядан бейнебайланыс арқылы сөйлеген бұрынғы қауіпсіздік қызметкері Мақсат Дүйсенов те ашық айтқан. Оның сөзінше, 2019 жылы Қожамжаров пен оның командасына қарсы ҰҚК тарапынан арыз жазылып, Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен ол Бас прокурор қызметінен сенатқа ауыстырылған.
Қайрат Қожамжаровтың атымен елдің саяси тарихындағы көптеген атышулы істер байланысты. Ол кезінде экс-премьер Серік Ахметовты, «Астана ЭКСПО» басшысы Талғат Ермегияевті, Сейтқазы және Әсет Матаевтарды түрмеге отырғызған адам ретінде есте қалды.
Жұрт оны «кланды саясаттың басты фигурасы» деп атайды.
Сондықтан да қазір қоғамның едәуір бөлігі оның жазаланғанын қалайды. Бұл Балушкиннің ісі сияқты қарапайым қаржы жымқыру емес – Қожамжаровтың ықпал ету жүйесі мен саяси интригалары елдің бүтін бір кезеңін анықтаған фактор болды.