Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 04 Қараша 2025

«Қайрат» ойыншылары құрама матчына таңдап қатысады

Қайрат ФК

Жақында футболдан Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов қараша айында өтетін Бельгия және Фарер аралдарына қарсы матчқа шақырту алған ойыншылар тізімін жариялады.

Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны 3 қарашада Астанада басталады. Қазақстан құрамасы қараша айында екі ойын өткізеді. 15 қарашада 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Бельгия құрамасын қабылдаса, 18 қарашада Хорватияның Пула қаласында Фарер аралдары құрамасымен жолдастық матч өткізеді. Бельгияға қарсы ойын «Астана Аренада» Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.

Байсуфиновтің тізіміне 32 футболшы енді.

Қақпашылар: Темірлан Анарбеков («Қайрат»), Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Қажымұқан Төлепберген («Оқжетпес»);

Қорғаушылар: Сергей Малый, Сағадат Тұрсынбай, Сұлтанбек Астанов (бәрі – «Ордабасы»), Әлібек Қасым, Бағдат Қайыров, Талғат Кусяпов (бәрі – «Ақтөбе»), Ян Вороговский, («Астана»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Наурызбек Жагоров («Тобыл»), Еркін Тапалов («Қайрат»), Әділбек Жұмаханов («Елімай»), Арсен Әшірбек («Оқжетпес»);

Жартылай қорғаушылар: Дәурен Жұмат («Оқжетпес»), Дінмұхамед Қараман («Жеңіс»), Рамазан Оразов, Жан Әли Пайруз, Алмас Төлібай, Ғалымжан Кенжебек (бәрі – «Елімай»), Ислам Чесноков («Тобыл»), Муроджон Халматов («Ордабасы»), Дамир Қасаболат («Қайрат»), Георгий Жуков («Ақтөбе»);

Шабуылшылар: Оралхан Өміртаев («Ақтөбе»), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Эльхан Астанов («Ордабасы»), Дастан Сәтбаев («Қайрат»), Иван Свиридов («Елімай»), Рамазан Кәрімов («Астана»).

Тізімде алматылық «Қайраттың» төрт ойыншысы – Анарбеков, Тапалов, Қасаболат және Сәтбаев бар. Отандық БАҚ-та тараған ақпаратқа сенсек, «Қайрат» ойыншылары Астанадағы Бельгиямен ойыннан кейін Алматыға қайтады. Яғни, олар ұлттық құраманың Хорватияда өтетін Фарер аралдарына қарсы жолдастық кездесуіне қатыспайды.

Алматылық клуб 26 қараша күні УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында Данияның «Копенгаген» командасымен кездеседі. «Қайрат» осы матчқа дайындалатынын желеу етіп, ойыншыларын ұлттық құрама матчына жібермей отыр. Жанкүйерлер үшін жолдастық кездесу болсын, ресми ойын болсын, ұлттық құрама матчы ең маңызды саналады. Бірақ «Қайрат» үшін құрамадан гөрі клуб мүддесі бірінші орында тұратын сияқты.

Қазан айында Қазақстан құрамасы екі матч өткізді. 10 қазанда Астанада Лихтенштейнді 4:0 есебімен жеңіп, 13 қазанда сырт алаңда Солтүстік Македониямен тең ойнады (1:1). Осы ойындарға «Қайрат» футболшылары қатысқан жоқ (тек Қасаболат Солтүстік Македонияға қарсы небәрі 5 минут өнер көрсетті). Ол кезде құрамаға шақырылған «Қайрат» ойыншылары жарақат алып қалғаны айтылды. Бірақ 17 қазан күні өткен петропавлдық «Қызылжарға» қарсы матчта жаңағы футболшылар алаңға шығып, түк болмағандай 90 минут доп тепті. Көпшілік әлеуметтік желіде алматылық клубтың мұндай әрекетіне наразы екенін жазып жатыр.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: