Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:48

«Қайрат» ойыншыларын ұлттық құрамаға жібермей қойды ма?

Қайрат Селтик
Фото: ашық дереккөз

Алматылық команда өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алып, айдарынан жел есіп тұрғаны анық.

 Команда қазақстандық ойыншыларға көп мүмкіндік береміз деп мақтанады. Бірақ ұлттық құрамада өнер көрсететін «Қайрат» футболшылары санаулы ғана (өзге командаларда ойнайтын клуб түлектері бар екенін жоққа шығармаймыз).

Қазан айында футболдан Қазақстан құрамасы екі матч өткізді. 10 қазан күні Астанада Лихтенштейн құрамасын 4:0 есебімен жеңіп, 13 қазанда сырт алаңда Солтүстік Македониямен тең ойнады (1:1). Осы ойындарға бірде-бір «Қайрат» футболшысы қатысқан жоқ. Құрамаға алматылық командадан төрт ойыншы – Еркін Тапалов, Александр Мрынский, Дамир Қасаболат және Дастан Сәтбаев шақырту алған. Бірақ матч өтер сәт жақындағанда Тапалов, Мрынский және Сәтбаев жарақат алып, құрамаға көмектесе алмайтыны белгілі болды. Ал Қасаболат Солтүстік Македонияға қарсы небәрі 5 минут өнер көрсетті. 

Жанкүйер қауым «Қайрат» ойыншылары ел чемпионаты мен Чемпиондар лигасында қатар өнер көрсетіп, шаршаған болар, жарақат алғаны рас шығар деп топшылаған. Бірақ 17 қазан күні өткен петропавлдық «Қызылжарға» қарсы матчта жаңағы 4 футболшының бәрі алаңға шығып, түк болмағандай шауып жүрді. Тіпті Тапалов, Мрынский және Сәтбаев жасыл алаңда 90 минут өнер көрсетті. Осыған қарап, көпшілік «Қайрат» футболшыларын ұлттық құрамаға әдейі жібермей қойды деп сынға алып жатыр. 

Жанкүйерлердің бұлай күдіктенетін жөні бар. Алматылық команда бұған дейін де осындай «қулыққа» барғаны есімізде. Мысалы, 2016 жылы 7 маусымда Қазақстан құрамасы Қытаймен жолдастық матч өткізген (біздің құрама 1:0 есебімен жеңіске жетті). Дәл осы ойынға «Қайрат» клубының басшылары ойыншыларын жібермей қойды. Ол кезде клуб бұл кездесудің халықаралық күнтізбеде көрсетілмегенін алға тартқан. Ал бұл жолғы екі матч әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы ресми ойындар. 

Кез келген футболшы үшін ұлттық құрама өнер көрсету үлкен абырой әрі міндет саналады. Әсіресе мемлекет бюджетінен мол қаржы бөлінетін Қазақстан сияқты елде әр ойыншыны ұлттық құрамада ойнауға міндеттеуге мүмкіндік бар. Көп адам «Қайраттың» жеке клуб екенін айтады. Бірақ олар да мемлекет қазынасынан жыл сайын 1 млрд теңгеге жуық қаржы алып отырғанын ұмытпаған жөн.

Тегтер: