«Қайратта» ойын арзан, билет қымбат

21 қазан күні Алматыда УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында «Қайрат» – «Пафос» матчы өтеді. Алматылық команда Еуропаның басты клубтық додасы аясындағы үшінші ойынын өткізгелі отыр.
Бұған дейін Португалияда лиссабондық «Спортингтен» 4:1, ал өз алаңында мадридтік «Реалдан» 5:0 есебімен жеңілген.
Сырт алаңдағы «Спортингке» қарсы ойын еш ың-шыңсыз өткен. Матчтың есебінен өзге есте ештеңе қалған жоқ. Ал Алматыдағы «Реалға» қарсы кездесу көңілге көптеген күдік ұялатты. Орталық стадион мұндай үлкен матчты қабылдауға, ал «Қайрат» клубы мұндай үлкен кездесуді ұйымдастыруға дайын емес екені байқалды. Ойынға билет алатын кезде отандық жанкүйерлер үлкен қиындыққа тап болды – сайттан ақау шықты, билет бағасы шарықтады, алыпсатарлардың айы оңынан туды. Тіпті клубтың баспасөз қызметі БАҚ өкілдеріне аккредитация бөлуде кемшілікке жол беріп, мемлекеттік тілде ақпарат тарататын тілшілерді шетке қаққаны байқалды.
«Пафосқа» қарсы матчтың дауы одан да асып түскелі тұр. Ең алдымен билет бағасы жанкүйерлерді шошытып отыр. Кипрлік командаға қарсы ойынның билет бағасы 30 мыңнан басталып, 250 мың теңгеге дейін жетеді. 30 мың теңгеге қос қақпаның арты мен стадионның төрт бұрышындағы орындардан ғана билет ала аласыз. Ал футбол тамашалауға ыңғайлы орындардағы ең арзат билет – 75 мың, 150 мың және 250 мың теңге.

«Қайрат»-«Реал» матчында да билет бағасы 30-250 мың арасында болған. Ол кезде әлемдегі ең танымал клуб келе жатқандықтан көп адам бұл сомаға түсіністікпен қараған еді. Бірақ қарапайым жанкүйерлер алаңға кіре алмай қалғаны рас. Бағаның мұнша шарықтағанына шетелдік мамандар да таңғалып жүрді. Мысалы, Испанияның AS.com басылымы ең төменгі жалақы мөлшері небәрі 155 еуро тұратын елде бір матчтың билет құны 400 еуроға жеткені орынсыз екенін атап өтті.
«Реалмен» ойындағы бағаға түсіністікпен қарадық дедік. Ал кипрлік командаға қарсы кездесуде тағы да 250 мың теңгеге билет сату ақылға қонбайды. Мұны жанкүйерлер де, мамандар да айтып жүр. Тіпті матчтың билеті мүлде өтпей жатыр. Билет сатылымға 13 қазан күні сағат 12:30-да шыққан. Одан бері бір аптадан артық уақыт өтсе де, билеттің шамамен 20 пайызы ғана сатылғаны жайлы ақпарат бар.
«Қайрат» Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің алғашқы екі турында жеңіліп, өз қақпасына 9 гол өткізіп алды (өзі 1 гол ғана соқты). Турнирлік кестеде 36 команданың арасында ең соңғы орында тұр. Алматылық команданың ойын мәнері де жанкүйер көңілінен шығып жүрген жоқ. Соған қарамастан, билет бағасы бойынша 36 клубтың арасында алдыңғы қатарда тұр. Отандық БАҚ «Қайраттың» билет бағасын Еуропадағы үздік клубтармен салыстырып жазып жатыр.
- «Бавария» – 12 000 теңгеден 75 000 теңгеге дейін;
- «Реал Мадрид» – 43 000 теңгеден 160 000 теңгеге дейін;
- ПСЖ – 55 000 теңгеден 310 000 теңгеге дейін;
- «Интер» – 3 000 теңгеден 100 000 теңгеге дейін;
- «Арсенал» – 10 000 теңгеден 100 000 теңгеге дейін;
- «Қарабах» – 1500 теңгеден 150 000 теңгеге дейін;
- «Манчестер Сити» – 17 000 теңгеден 45 000 теңгеге дейін;
- «Атлетико» – 18 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейін;
- «Барселона» – 45 000 теңгеден 500 000 теңгеге дейін;
- «Ливерпуль» – 8 000 теңгеден 50 000 теңгеге дейін;
- «Челси» – 20 000 теңгеден 60 000 теңгеге дейін;
- «Наполи» – 60 000 теңгеден 160 000 теңгеге дейін.
Бұл sports.kz сайтының дерегі. Өздеріңіз көріп отырғандай, мұның ішінде атақты «Барселона» мен ПСЖ клубы ғана «Қайратқа» қарағанда қымбатқа билет сатып жатыр. Еуропаның төрінде орналасқан үздік командалардың өзі бізге қарағанда қарапайым баға ұсынған.
Ал Factcheck.kz сайты «Қайраттың» жалпы кезеңдегі қарсыластарының билет бағасын жариялады.
- «Қайрат»: 46-390 еуро арасы;
- «Реал»: 90-590 еуро арасы;
- «Олимпиакос»: 40-350 еуро арасы;
- «Пафос»: 20-330 еуро арасы;
- «Брюгге»: 175-380 арасы;
- «Арсенал»: 51-97 еуро арасы;
- «Интер»: 21-350 еуро арасы;
- «Спортинг»: 20-88 еуро арасы;
- «Копенгаген»: 67-235 еуро арасы.
Бұл тізімде де «Қайрат» алдыңғы қатарда тұр. Алпауыт «Реалдың» билеті ғана біздегіден қымбат. Сондай-ақ «Қайрат» сияқты Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне тұңғыш рет жолдама алған Норвегияның «Буде-Глимт» командасы матч билетін 26-39 еуродан, бельгиялық «Юнион» командасы 32-112 еуродан, ал «Пафос» 20-330 еуродан сатып жатыр. Бұл көрсеткіш бойынша да «Қайрат» көш бастап тұр. Қысқасы, турнирлік кестенің ең соңғы сатысын ешкімге бермей тұрған алматылық клуб билет бағасы бойынша Еуропаны таңғалдырып отыр.
Матч өтетін уақыт жақындап қалды. Әлі көп билет сатылмай тұрғанын айттық. «Қайрат» басшылары соңғы сәтте бағаны төмендетіп немесе билетті ұлттық компанияларға «тықпалап» сатып жібермесе, «Пафосқа» қарсы матчта Орталық стадион жартылай бос тұруы мүмкін. «Реалмен» ойында билет сатудан біршама қаржы тапқан алматылық клубқа бұл жолы ондай мол олжа бұйырмайтын сияқты. Бұған алдағы матчтың маңызын, қарсыластың деңгейін және билетке нақты сұранысты дұрыс межелей алмаған клуб менеджменті кінәлі.
Айтпақшы, бұған дейін де елімізде мұндай ірі турнир матчтары өткен. Мысалы, «Астана» командасы 2019 жылы Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында атақты «Манчестер Юнайтедпен» кездесті. Сол кезде «Астана Аренадағы» билет бағасы 4-55 мың теңге арасында болған. Ал 2024 жылы желтоқсанда Алматыда өткен «Астана»-«Челси» арасындағы Конференция лигасы матчының билет бағасы 10-75 мың теңге болды.

«Қайрат» ойыншыларын ұлттық құрамаға жібермей қойды ма?
Алматылық команда өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алып, айдарынан жел есіп тұрғаны анық. Команда қазақстандық ойыншыларға көп мүмкіндік береміз деп мақтанады. Бірақ ұлттық құрамада өнер көрсететін «Қайрат» футболшылары санаулы ғана (өзге командаларда ойнайтын клуб түлектері бар екенін жоққа шығармаймыз).
Қазан айында футболдан Қазақстан құрамасы екі матч өткізді. 10 қазан күні Астанада Лихтенштейн құрамасын 4:0 есебімен жеңіп, 13 қазанда сырт алаңда Солтүстік Македониямен тең ойнады (1:1). Осы ойындарға бірде-бір «Қайрат» футболшысы қатысқан жоқ. Құрамаға алматылық командадан төрт ойыншы – Еркін Тапалов, Александр Мрынский, Дамир Қасаболат және Дастан Сәтбаев шақырту алған. Бірақ матч өтер сәт жақындағанда Тапалов, Мрынский және Сәтбаев жарақат алып, құрамаға көмектесе алмайтыны белгілі болды. Ал Қасаболат Солтүстік Македонияға қарсы небәрі 5 минут өнер көрсетті.
Жанкүйер қауым «Қайрат» ойыншылары ел чемпионаты мен Чемпиондар лигасында қатар өнер көрсетіп, шаршаған болар, жарақат алғаны рас шығар деп топшылаған. Бірақ 17 қазан күні өткен петропавлдық «Қызылжарға» қарсы матчта жаңағы 4 футболшының бәрі алаңға шығып, түк болмағандай шауып жүрді. Тіпті Тапалов, Мрынский және Сәтбаев жасыл алаңда 90 минут өнер көрсетті. Осыған қарап, көпшілік «Қайрат» футболшыларын ұлттық құрамаға әдейі жібермей қойды деп сынға алып жатыр.
Жанкүйерлердің бұлай күдіктенетін жөні бар. Алматылық команда бұған дейін де осындай «қулыққа» барғаны есімізде. Мысалы, 2016 жылы 7 маусымда Қазақстан құрамасы Қытаймен жолдастық матч өткізген (біздің құрама 1:0 есебімен жеңіске жетті). Дәл осы ойынға «Қайрат» клубының басшылары ойыншыларын жібермей қойды. Ол кезде клуб бұл кездесудің халықаралық күнтізбеде көрсетілмегенін алға тартқан. Ал бұл жолғы екі матч әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы ресми ойындар.
Кез келген футболшы үшін ұлттық құрама өнер көрсету үлкен абырой әрі міндет саналады. Әсіресе мемлекет бюджетінен мол қаржы бөлінетін Қазақстан сияқты елде әр ойыншыны ұлттық құрамада ойнауға міндеттеуге мүмкіндік бар. Көп адам «Қайраттың» жеке клуб екенін айтады. Бірақ олар да мемлекет қазынасынан жыл сайын 1 млрд теңгеге жуық қаржы алып отырғанын ұмытпаған жөн.
Қуаныш Қаппас