Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

«Қайраттың» қайрат қылар сәті осы

Қайрат
Фото: ашық дереккөз

Алматылық «Қайрат» клубының Чемпиондар лигасындағы жеңісті жорығы жалғасып жатыр. 21 тамыз күні Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өту үшін шотландиялық «Селтик» командасымен сырт алаңда күш сынасты.

Ойын алдында басты фаворит ретінде «Селтиктің» айтылатыны түсінікті еді. Команданың құрамы мен құны «Қайраттан» көш ілгері» деп бағаланды. Оның үстіне өз алаңында 40 мың жанкүйердің көз алдында «Селтик» серпінді ойын көрсетеді деп күтілді. Бұған жанкүйерлер де, ойыншылар да, бапкерлік құрам да сенімді болған көрінеді. Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында «Селтиктің» бас бапкері Брендан Роджерс «Селтик» әлемдік деңгейдегі үздік команда, оны «Қайратпен» салыстыруға келмейді, алматылық клуб біздің теңіміз емес деген сыңайда пікір білдіріп, танауын шүйірді.

Алайда алаңдағы 90-минут шотландиялық клубтың күткеніндей болмады. Қанша жерден шабуылды үдетіп, тездетіп гол салып алуға ұмтылғанымен «Қайраттың» қорғанысын бұза алмай әлекке түсті. Алматылық клуб қорғанып қана қоймай, шабуылға шабуылмен жауап қайтаруға тырысты. Дастан Сәтбаевтың пасынан соң команда капитаны Мартынович гол да салып еді, офсайд делініп, есепке алынбады. Ойынның 75-минутында «Қайраттың» қақпашысы Александр Заруцкий қарбалас сәтте жарақат алып, ойынды жалғастыра алмады. Содан соң қосалқы құрамдағы Темірлан Анарбеков алаңға шықты. Тартысты өткен ойында есеп ашылмады. Бұл, әрине, біз үшін жақсы нәтиже, ал шотландиялықтар үшін көңіл көншітетіндей жағдай емес. Әсіресе «Қайратты» «қалпақпен ұрып аламыз, өз алаңымызда ірі есеппен жеңіп, мәселені түбегейлі шешіп тастаймыз» деген сенімдері суға кетті. Тіпті жағдайлары қиындай түсті. Енді олар алыс жол басып, Алматыға жетеді, тау баурайындағы қаланың ауа райына бой үйретулері қажет. Сондай-ақ 26 тамыз күнгі ойынның барлық билеттері аз уақыттың ішінде-ақ сатылып кетті. Демек Алматыдағы Орталық стадион 23 мың жанкүйерге толады. Тұңғыш рет Чемпиондар лигасының әнұраны орындалады. Мұның бәрі «Қайрат» ойыншыларын жігерлендіретіні, бойларына күш-қуат құятыны анық.

Дегенмен «Қайраттың» да «әттеген-айы» жоқ емес. Ең бастысы, команданың жас таланты Дастан Сәтбаевтың ойын ақырласуына санаулы секундтар қалғанда шабуылға тосқауыл қоямын деп сары қағаз алғаны, сөйтіп екі ойындағы екі сары қағазының салдарынан Алматыдағы тарихи матчқа қатыспайтыны көңілге қаяу түсірді. Сондай-ақ команданың негізгі қақпашысы Александр Заруцкийдің де жарақатына байланысты жауапты ойынға шыға алмайды. Бұл туралы 25 тамыз күнгі баспасөз мәслихатында «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин айтты. Оның сөзінше, қақпашы бір ай көлемінде жасыл алаңға орала алмайды. Енді бар салмақ 21 жастағы «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбекке түседі. Темірланның да, «Қайраттың» да қайрат қылар сәті осы.

Кеше, 25 тамыз күні «Қайрат» баспасөз мәслихатын өткізді, онда команда бас бапкері Рафаэль Уразбахтин сәрсенбі күнгі ойынның аса маңызды екенін, осындай жауапты матчта жанкүйерлерді қуантуға тырысатынын атап өтті. Ал команда капитаны Әділбек Сәдібеков: «Осыған дейінгі Чемпиондар лигасының әр ойыны маңызды болып келді. Ертеңгі ойын да аса маңызды. Дайындығымыз жақсы. Ойынға үлкен жауапкершілікпен қараймыз», – деді.

Сонымен, 26 тамыз күні, Алматының Орталық стадионында «Қайрат» жанкүйерлерін (дәл қазір тұтас қазақ «Қайратқа» жанкүйер!) тарихи матч күтіп тұр. Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығу үшін «Қайратқа» бір гол ғана жетеді. Жеңісті голды «Қайраттың» салатынына сенеміз!

Тегтер: