Қайшылықты қоғам: Сәлем салу – таңдау ма, міндет па?

Осыдан бірнеше күн бұрын шоу-бизнестің белді өкілі Баян Мақсатқызының «Маған ешқашан ер адамға бас ию дегенді үйреткен емес.
Алматыға барғанымда Шымкенттен келген қыздардың үнемі иіліп, сәлем салуы мен үшін өте жабайылық болды» деген сөзіне байланысты қоғамда дау туып, әлеуметтік желілерде қызу талқы басталды. Бір топ Баянның сөзін қолдап, бұл салттың тозығы жеткенін айтса, екінші топ қызылкеңірдек боп, айтылған сөзге наразылығын білдіріп жатты. Қалай десек те, ұлттық салт-дәстүр, дін тақырыбында өрбіген бұл алғашқы дау емес. «Сәлем салу» не «мәһр» тақырыбы болмасын, үнемі осылай дау туындап, тіпті соңы әлеуметтік мәселе мен айғайға айналып кететіні жасырын емес.
Кез келген ұлттың өзіне ғана тән болмысы мен бітімі, салты мен дәстүрі, әдеті мен ғұрпы болатыны анық. Бір қарағанда, сәлем салу – қарапайым, елеусіз ғана салт, амандасудың ишараты сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ осындай салт пен ғұрыптың айналасындағы дау-дамай мен пікірталастар ұлттық болмыс пен дәстүр және жаңашылдық пен модерн ұрпақтың арақатынасы, жеке таңдау мен қоғамдық қысым сияқты ірі тақырыптарға ұласып кетіп жатады. Қалай десек те, сәлем салу да, басқасы да, тек отбасында ішінара шешілуі керек мәселелер екені анық. Осындай даулы тақырыптар кейде адам жанының жалаңаштанып, ішкі құндылығының сыртқа шығып кетуінен туындап жататын сияқты. Оның үстіне, әйтеуір, жік-жік талқылап жатуымыз оттың үстіне май құйғандай әсер қалдырады.
Хош. Қалай десек те, иіліп сәлем салу – көшпелі қазақ қоғамында туыстық қатынастың байланысы, әулеттегі жарасымды сыйластықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан ғұрып. Бұл салттың шығу тарихына үңілсек, сәлем салудың о бастағы түпкі мақсаты тек иілу ғана емес, ата мен ананың, аузы дуалы үлкендердің батасын алып, ризашылығына бөлену болған дейді этнографтар. «Сөз басы – сәлем» дейтін халықтың санаға, салтқа сіңген сәлемдесу үрдісі күні бүгінге дейін ізін жойған емес. Еліміздің қай өңірінде де жаңа түскен келінге беташар тойын жасап, ағайын-туысқа бас игізіп сәлем салдыратын дәстүр сақталған, ал күнделікті иіліп сәлем салу еліміздің тек санаулы өңірінде ғана кездеседі. Келіндер шаңыраққа қадам басқан күннен жасы үлкен кісіге, ата-енеге, тіпті жол жүріп келген күйеуіне де сәлем салатын болған. Тарих пен дәстүр осылай дейді. Мәселен, 1878 жылы жарық көрген «Обычаи киргизов Семипалатинской области» еңбегінде Орта жүз қазақтарының келіні мен күйеуінің үлкен туыстарымен кездесуі сипатталған. Кітапта: «Қандай да бір ерекше жағдайларда келін алыстан құрмет көрсетіп, басын иіп, бір тізесін бүгіп, қолын крест тәрізді бүккен» деп көрсетілген.
Тек қазақ халқына ғана емес, Орталық Азиядағы көптеген түркі халықтарына ортақ амандасудың ишараты көшпелі қоғамда үлкендерді құрметтеудің бір көрінісі. Байырғы қазақ дәстүрі амандасулардың әлеуметтік тегінен, байлығынан және жалпы өмірдегі алатын орнынан белгі беретін болған. Ертеде хан немесе ірі сұлтандарға төменгі таптағы адам екі қолын кеудесіне қойып және төмен қарай иілмесе, оларға жақындай алмайды екен. Ал егер ол қайырым ретінде оған қолын созса, онда ол бір тізерлеп жерге отырып, оның қолын екі қолымен қысады. Әлеуметтік дәрежесі орташа адам өзінің әміршісіне қолын кеудесіне қыспай, бірақ басын иіп келген. Хан немесе күшті әмірші, өзінің қарауындағылардың сәлеміне жауап ретінде оның иығына қолын қойып, сыйластығы болса қолын қысып амандасатын болған. Егер ханды жолай кезіктірсе, онда жолда тоқтап тұрып, оның өтіп кетуін күтуі керек, әрі басын иіп, қолын кеудесіне қойып дауыстап сәлем беруі шарт. Қараша халық өкілі сұлтандарға сәлемдескенде тізесін бүгіп көбіне «Алдияр тақсыр!» деп сәлем берген екен. Билігі жоқ төрелер мен сұлтандардың сыртынан болса да ізеттілік көрсету өз дәрежесінде болмағанымен, әмірі күштілер алдында ізеттілік шаралары қатаң сақталады. Дәрежесі тең, бірақ жақын таныс емес адамдар бір-бірінің бір қолын алып қана амандасқан, ал таныс ер адамдар бір-біріне екі қолдарын береді және сонан соң, екі жаққа алма кезек иық тірестіріп құшақтасады немесе керісінше, бір-бірін кеуделеріне қысып құшақтаған екен. Әлеуметтік жағдайлары тең әйелдер кезіккенде қол алыспай, тек бірі екіншісіне жай ғана иіледі. Егер аға сұлтанның әйелдерімен қарапайым әйелдер кезігіп қалса, қарапайым әйелдер жанарларын төмен түсіріп, ізет көрсетіп, иіледі-мыс. Бірақ ханша немесе белгілі сұлтан әйелін кездестіргенде қараша өкілі жанарын төмен түсіріп, иіліп, бетін сипап сәлемдесуі керек. Жас әйел жасы үлкен туыстарының алдында бір тізесін бүгіп, иіліп сәлем салған екен.
Қазіргі заманғы ақпараттық кеңістікте әртүрлі мәдениеттер тоғысып, жаңа көзқарастар қалыптасып жатыр. Дәстүрлер тек өз ішінде ғана өмір сүре алмайды, үнемі өзгеріп, жаңарып отырады. Сәлем салуды біреулер патриархаттың қалдығы деп санаса, кейбіреулер оны керісінше, әйелдің нәзіктігі мен инабаттылығын көрсететін символ ретінде қабылдайды. Дәл осы иіліп сәлем беру немесе келіннің «сәлем салуы» өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, қарақалпақ, ноғай халықтарында да кездеседі. Кейбір зерттеушілер сәлем салу дәстүрінің исламдық мәдениетпен де астасып жатқанын айтады. Ислам дінінде үлкенге құрмет көрсету – басты моральдық қағидалардың бірі десек, мұсылмандардың бірін-бірі көргенде оң қолын төсіне қойып, басып изеп амандасуы бекер емес. Жалпы сәлем салу, келінге тілек білдіру, сәлемін қабыл алу – Пайғамбардан қалған сүннет деседі. Бірде, соғыста Ханафия есімді қыздың тұтқынға түсіп, Пайғамбарға үш шарт қойған екен. Егер де Пайғамбар осы шартымды орындасаңыз, мұсылман болуға келісімімді беремін деген екен. Әлгі қыздың бірінші шарты − соғыста қызды қолға түсірген батыр Әлиге некелеп қосуды шарт еткен. Екінші шарты − қыздан туылған нәрестеге Пайғамбардың есімі мен қыздың атын қосақтап қоюға рұқсат етуін өтінген. Ал үшіншісі, Пайғамбарды көргенде иіліп сәлем етемін деген. Пайғамбар қыздың барлық шартын орындаған екен. Пайғамбарымыз Ханафия қыздың иіліп сәлем салуына рұқсат етіп, риза болып «бақытты бол!», «ғұмырлы бол!», «көп жаса!» деп бата береді. Міне, осыдан бастап жаңа түскен келіннің үлкендерге сәлем салатын дәстүрі пайда болған-ды.
Ең қызығы да сол – мұсылмандар мен Орта Азиядан әлдеқайда алыс жатқан кей халықтарда да иіліп сәлем беру ишараты бар. Мәселен, озық өркениетімен әлемді аузына қаратып тұрған жапон халқы әлі күнге біріне-бірі иіліп сәлем береді екен. Сәлемдесудің, соның ішінде иіліп ишарат білдірудің жапондықтардың өмірінде алатын орны сонша, тіпті телефонмен сөйлескенде иілуді ұмытпайды екен. Қаншалықты қатты еңкейіп иілу керектігі түрлі жағдайларда әрқилы туады. Олар үшін иілу жай ғана сәлемдесу емес, сәлем берген және сәлем алған кісінің қоғамдағы орнын ұғындыратын ғұрыптың жалғасы. Сондай-ақ, иілу арқылы тек сәлем беріп, қоштасып қана емес, рақмет, құттықтау айтады, тілек білдіреді, кешірім сұрайды-мыс. Иіліп сәлемдесудің жапон халқында бүгінге дейін сақталған «эсяку», «кэйрэй», «сайкэйрэй» сынды бірнеше түрі бар. Таныс емес адамдар бір-біріне бас изесіп көріссе, байлар мен кедейлер, жақын достар басы аяғына жеткенше иіліп сәлемдеседі, қоштасады, ризашылығын білдіріп, кешірім сұрайды. Шығыс елдерінде сәлемдесудің түрі тіпті көп, қызығы өз алдына. Мәселен, көне қытайдың халқы бір-бірімен амандасқанда «Чылы мю?» дейтін болған, онысы – «Тамақ іштің бе?» дегені. Сірә, ашаршылық жанына батқан бұқара халық «қарын тоқ болса, амандық сол» деп ұғынса керек. Алда-жалда жапон фирмасына жұмысқа тұра қалсаңыз, сізге алдымен бір ай бойы кіммен қалай амандасу керектігін үйретеді екен. Деңгейі өзіңізбен шамалас адамның қасында бірдей ғана бас иесіз, дәрежесі өзіңізден жоғары Ченың, яғни фирма директорының алдында барынша бүгіліп, иіліп сәлем беруге тура келеді. Тіпті кейде үлкен басшының алдында жерге жығылып, маңдайды жерге тигізетін жайттар әлі сақталған. Төс қағысып, құшақтасу, бір тізерлеп отыра қалып, қолын кеудесіне қою, маңдайдан иіскеу, қолынан сүю, бетке-бетті тигізу де осы шығыс халықтарына тән амандасудың дәстүрлері.
Кез келген қоғамда дәстүрді берік ұстанатын консервативті көзқарастағы адамдар мен модернизацияға, жаһандануға бейім либерал көзқарастағы топтар болары анық. Ескі мен жаңаның күресі – адамзат жаралғалы жалғасып келе жатыр. Бұл топтардың құндылықтық жүйелері кейде бір-біріне қарама-қайшы келеді. Бірі «дәстүр – ұлттың жаны» десе, екіншісі «дәстүр – прогрес жолындағы кедергі» деп санайды. Кейбір әйел үшін сәлем салу – құрмет пен сыйластықтың белгісі болса, енді біреулер үшін бұл – ескінің сарқыншағы, қоғамдағы әйел рөлін төмендететін норма. Дау осы жерде басталады. Бірінің көзқарасы мен ұстанымын қабылдай алмай, айғайға басатын қоғамда осы сында проблемалар үнемі көтеріле беретіні анық жағдай. Бірінің таңдауын бірі қабылдамай, өзгенің қалауын сыйламай жүре берсек, әлі осындай дау мен таластың талайы болары анық. Сәлем салу трагизм емес, таңдау. Тек қоғамның бос ұран мен құр айғайға басуы – ең үлкен трагизм. Бір жақ «бұл – мәдениетіміздің ажырамас бөлшегі, оны сақтау міндет» деп қоғамды көндіргісі келсе, екінші жақ «артта қалу», «жабайылық» деп дәстүрді ұстанатындарды айыптай бермек. Осы екі жақтың ымыраға келмеуі дауды одан сайын өршіте береді. Адамдар дінді қалай тек ритуалға айналдырып, имандылық тек діни атрибуттармен ғана өлшеніп кеткен болса, «Сәлем салу» салты да солай. Отбасы институтының бір бөлігін құрайтын ене мен келін қатынасындағы мәселелердің басын ашып беретін елеусіз ишарат қана десек те болады. Бұның артында қираған құндылықтар, жоғалуға айналған отбасы институты тұр. Осыдан елу әлде жүз жылдан соң қазіргідей иіліп сәлем салатын адам табыла ма? Белгісіз. Бұл салттың құндылығы жекелеген отбасылардың ішінде, бәлкім, сақталар, бірақ жалпы қоғамда рөлі әлсіреп келе жатқаны жасырын емес. Бәлкім, жекелеген бірді-екілі отбасыларда сақталып, белгілі бір дәстүрлі ортада жалғасын табар. Бірақ ол бұрынғыдай жалпыхалықтық сипатта болуы күмәнді сияқты.

Динара ӘБІЛДА, антрополог: БҰЛ – ҚАЛЫПТАСҚАН САЛТТЫ ӨЗГЕРТУГЕ ТАЛПЫНЫС
Кез келген салт-дәстүр – адамдардың, қоғамның өзі реттеп отыратын феномені. Тарқатып айтқанда, салт-дәстүр бейресми нормаларға жатады, яғни жазылмаған, бірақ адамдар осылай дұрыс я бұрыс деу арқылы өздері ортақ келісімге келуімен жүзеге асатын іс-әрекеттер жиынтығы. Бұл нормалар жазылмағандықтан, адамдар заманына, қоғамдағы өзгерістерге қарай өз пайдасына сай бейімдеп отырады. Талқы, жіктің туындауының өзі қалыптасқан салтты өзгертуге талпыныс ретінде қарастыру керек.
Ғылыми деректерде көбіне қыз ұзатылып келін түскен күндегі сәлем салу жоралғысы туралы айтылады. Беташардағы сәлем салудан бұрын қайын атасының табалдырығын аттаған сәттегі қалыңдықтың тізе бүгіп сәлем етеді дегені тағы бар. Беташардағы иіліп сәлем берудің мағынасы – өзі келінді қайын жұртына таныстырып, көрімдік жинауда. Ал күнделікті өмірдегі сәлем беру жайлы деректер аз. Жалпы Қазақстан өңірлері жайлы айту үшін зерттеу жасап барып айтқан дұрыс, себебі әр өңірдің өзінің ұстанатын салттары болады.
Сақтау керек пе, жоқ па, мұндай сұрақтарға ғалымдар әдетте жауап бермеуі тиіс. Себебі ғалымдар тек болып жатқан құбылыстарды оларға араласпай сипаттап, себебін түсіндіріп береді. Сәлем салу да заманның өзгерістеріне қарай бейімделіп, басқа формаға ауызша сәлемдесу, болмаса ымдап ишарат білдіруге көшуі қалыпты процесс.
Сәлем салу әдебін ұстанатын отбасылар оған бір мағына беріп, сырттан бақылайтындар басқа мағына беруі әбден мүмкін. Сырттан сынайтындар көбіне бұл салт келіннің отбасы иерархиясында төменгі орында тұратынын меңзейтініне қарсылығы. Оны бір адамдар саналы түсініп, осы мақсатта арнайы қолданса, енді бірі ойланбастан, оған аса мән бермей, келіннен осы әдепті қолдануын талап етуі мүмкін. Десе де, күнделікті сәлем салу осы күнге бейімделіп үлгермеген ата-ене мен келін қарым-қатынасындағы проблемалар барынан хабар береді. Арнайы жазылған инструкция болмағасын түрлі топтар арасында түсініспеушілік орнап жатады. Қоғамдағы сын салдарынан бір отбасы осы әдептен бас тартып, одан кейін бір ауыл (қауымдастық) болып осы бас тартуға келгеннен кейін «біз жақта» бұлай жасамайды дегенге көшеді. Яғни жаңа норма қалыптасады.

Бердалы Оспан, мәдениеттанушы: АДАМДЫ САЛҒАН СӘЛЕМІНЕ ҚАРАП ТАНЫҒАН
Қоғамды ұйымдастыратын, белгілі бір адамдар тобын ұлт ететін – ұлттық салт-дәстүр. Сол салт-дәстүр мен әдет-ғұрып арқылы халықты ұлт ретінде қалыптастырып, бірегейлігін сақтауға септігін тигізеді. Яғни кез келген ұлттың салт-дәстүрі сол халықтың жазылмаған өмір сүру ережелері мен бағдаршамы. Қоғам мүшелерінің бір-бірімен сыйластығын реттеп, отбасындағы әр адамның рөлін айқындауда сол ұлттың осы жазылмаған ережелері үлкен рөл ойнайды.
Көшпелі қазақ қоғамында басына ақ жаулық тағынып келін боп түскен жас ендігі жерде өзінің жұбайына, жұбайының ата-анасына, сол әулеттің үлкендеріне мойынсұнатынын, соларды тыңдап, пікір алмасатынын сәлем беру ишараты арқылы білдірген. Қазақ қоғамының механизмі сағатқа ұқсайды. Үлкен бөлшектер мен кішкентай бөлшектер біріне-бірі кедергі жасамай, үлкен бірлік құрайды, жұмыс істейді. Бүгінде сәлем салуды жабайылыққа балап жүргендердің ісі «атың шықпаса, жер өртеге» саяды. Бұл сөзді айтқан қоғам мүшесі не айтқанын өзі де түсінбегенге ұқсайды. Батыс өркениетінің кей қырлары біздің қоғамға батпандап еніп жатқаны рас. Батыста атақты адам не айтады екен деп аңдып отыратын әдет бар, сол секілді біздің қоғам да осы аурудың құрбанына айналып кеткен. Бұл кісінің сәлем салуды жабайылық деуі – сыңаржақ пікір ғана. Ол бұл сөзі арқылы өзінің күллі ұлтын жабайыға балап отырғанын түсінбесе керек. Сыйластық ортаны қалыптастырып, үлкендерге құрмет көрсетудің ерекше әдебі саналатын сәлем салу дәстүрінің қазақ халқы үшін қашан да маңызы зор. Сәлем салу − әуелден бері келе жатқан жас келінге жүктелер салт. Сонымен қатар бұл салт сыйластық жібін үзбей, астарындағы тәлімдік мәнін жоймайтын ең берік орныққан дәстүрдің бірі десек те орынды. Бүгінде заман өзгерді ме, әлде адам ба? Бұл дәстүрдің тереңіне бойламай, қате пікір қалыптастырып жүрген жандар жетерлік. Сәлем салу − бұл табыну емес. Атам заманнан бері жалғасын тауып келе жатқан үрдісті «жабайылыққа» не әсіре діншілдер атап жүрген «ширкке» балау қате ұғым. Көшпелі қазақ халқы бірімен-бірі ымдасып, қас-қабақпен сөйлесіп, түсініскен. Сәлем салу – үлкен символикалық мәні бар ғұрып. Ата мен келін, ене мен келін қатынасын жөндеуде рөл атқаратын ишарат. Ертеде келін сәлем салмай жатса, әжелер тіпті «тізең сынсын» деп айтып отыратын.
Адамды салған сәлеміне қарап тануға болады. Әр елдің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына, тұрмыс-тіршілігіне сай сәлемдесудің түрлері де әртүрлі. Алайда барлығының түпкі мақсаты бір. Ізет, сый-құрмет көрсету. Мәселен, қазақ халқы қол берісіп, төс қағыстырып, аттан немесе көліктен түсіп сәлем беріп, амандық сұрасады. Алайда қазақ келіндері үшін сәлем салудың өзгеше жоралғысы бар. Атап айтсақ, еліміздің әр аймағында келіндердің сәлем салу тәсілі әрқалай. Бір өңірде екі қолын айқастыра иіліп сәлем салса, батыста оң аяғымен тізерлеп тағзым етеді. Таңсәріде ата-енеге иіліп сәлем салу, дәрет суын дайындап, асатаяқты есіктің босағасына сүйеп қойып, аяқ-киімдерін киюге ыңғайлау – кез келген келін үшін міндет. Арамызда мұны ерсі көріп, сәлем салған келінге не айтарын білмей, абдырап қалатындар да жиі кездеседі. Кей кісілердің қобалжығаны сонша, келіннің қолына жармасып, иілсе өздері де қоса иілгенді көзіміз көріп жүр.
Жалпы, қазақ қоғамында келінге жүктелетін міндет көп. Солардың бірі – өзі түскен шаңырақта, өзі жүрген ортада жақсы аура қалыптастыру. Неге дейсіз ғой. Келіннің сәлем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзгелердің субординация сияқты дүниелерді қатаң сақтауына, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін керемет бір этикалық мәні бар ереже, тәртіп ретінде орныққан дүние. Күйеуі қайтыс болған әйел бір жыл бойы аза тұтқан. Осы жыл ішінде оған сәлем салмауға рұқсат етіледі. Ал жүкті келіншектерге аяқ-қолын тезірек бауырына алсын, жүктілігі жеңіл өтсін деп сәлем салдырта берген. Бүгін сәлем салу, әсіресе оңтүстік пен батыста жақсы сақталды деп ойлаймын. Бірақ тек осы екі өңірде ғана деп те кесіп айтуға болмас. Себебі бір облыстың ішінде, бір ауданында да орындалып жатқан болуы мүмкін. Кейбір аймақтарда бұрын жоғалып кетсе, бірте-бірте оралып жатыр. Тағы бір қаперге алатын жайт, келіннің ата-енесі мен сол әулеттің үлкендеріне құрмет көрсетіп, ізет білдіруі – тек қана сәлем салумен өлшенбейді. Оның жеке басының имандылығы мен бойындағы басқа да адамгершілік қасиеттерін басты назарда ұстаған жөн.
Айжан Ерболова