Қайтыс болған экс-судья Сайлыбаеваның енесі Германиядан Ресейге қашып кеткен

Қайтыс болған экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның туыстары оның өліміне тек енесі Наталья Донцова ғана емес, күйеуі Александр Донцов та қатысы бар деп есептейді.
Олардың айтуынша, қазіргі уақытта бұл екеуі де Ресейде болуы мүмкін.
Марқұмның туыстарының мәліметінше, Сайлыбаева өз жазбаларында енесінің өзін ұрып, буындырғанын айтып, бірнеше рет шағымданған. Қаза тапқан судьяның ағасы Қанат Сайлыбаевтың сөзінше, қылмысты Донцова жалғыз істей алмас еді — денені жасыру ісіне ұлы да қатысқан болуы мүмкін.

Қанат Сайлыбаевтың айтуынша, Донцоваға халықаралық іздеу жарияланған. Алайда Интерпол базасынан бұл туралы мәлімет тапбылмаған.
«Бізде бар ақпаратқа сүйенсек, Наталья Донцова 5 маусым күні Германиядан шығып, Ресейге жеткен. Ертеңінде ол кәмелетке толмаған қызы Алиса Донцова және анасы Луиза Василенкомен кездескен. Айта кетейік, бұл әйелдер бұған дейін Қазақстанда тұрған. Луиза Василенко бір кездері Талдықорғандағы «ЦентрКредит» банкінің филиалын басқарған. Олар екеуі де Мәскеуге Қазақстаннан ұшып барған», – деді марқұмның ағасы.
Қанат Сайлыбаевтың пікірінше, Наталья Донцова арестке дейін Германиядан әдейі қашып, баласына жалған алиби дайындап үлгерген.
Еске салайық, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәліметінше, экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның енесі — Наталья Донцоваға қатысты Германия мен Еуропа бойынша қамауға алу ордері берілген.
БАҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, 49 жастағы Донцова Сайлыбаевамен бір күнде із-түзсіз жоғалған.
Айта кетейік, экс-судьяның денесін өткен жылы Германия полициясы Бенсхайм қаласының шетінде, полиэтилен пакетке оралған күйінде тапқан. Сондай-ақ, бұл іске қатысты сұрақтан министр Нұртілеу Мұрат басын ала қашқан еді.