Қазақ би өнерінің темірқазығы

Қазақ мәдениеті қай кезде де өнерлі жандарға кенде емес. Алайда халқымыздан шыққан би өнерінің хас шебері болған азаматтар туралы көп айтыла бермейді. Соның бірі – Алмас Бекбосынұлы. Кейінгі кездері аты да, заты да ұмыт болып бара жатқан қазақтың би өнерінде өзіндік орны бар азамат, одаққа белгілі биші болған атамыз жайлы қалам тербегенді жөн көрдім.
23 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы Қордай ауданы Кенен ауылында Диханбаев Бекбосын деген қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Бала жасынан өнерге ынтық болған. Туған жеріндегі жиындарда би билеп, көзге түседі. Бозбала күнінен-ақ қазақтың би өнерін күллі одаққа паш етті.
Ең өкініштісі – А.Бекбосынұлы туралы деректер жоқтың қасы. Көп айтылмайды, сирек жазылады, насихаты мүлде жоқ. Сол себепті тың мәлімет тауып қалармын деген ниетпен Орталық мемлекеттік архивті ақтарыстырдым. «Жүргенге жөргем ілінеді» демекші, биші атамыз жайлы бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған бірнеше құжат таптым. Солардың ішінде әйгілі бишінің 1940 жылы 22 наурызда өз қолымен жазған өмірбаяны бар. Алайда онда биші өзінің отбасы, шыққан тегі жайлы ештеңе айтпаған, тек былай деп қысқа қайырыпты:
«Әкем төңкеріске дейін шопан, төңкерістен кейін қарапайым жұмысшы болған. Туыстарым жайлы өмір сүре алмады, шет мемлекеттерге кеткен туыстарым да жоқ. 1933-1937 жылдары Алматыдағы №18 орта мектепте оқыдым. 1937 жылы Алматы қалалық музыкалық училищесіне оқуға түстім, онда екі жыл білім алған соң тұрмыстық жағдайыма байланысты оқуды тастауыма тура келді. Сондықтан ешқандай мамандық игеріп шыға алмадым. Революциялық қозғалыстарға да қатысқан емеспін. 16 жасымнан бастап Қазақ мемлекеттік филармониясында балет артисі болып қызмет істедім. Кейін Абай атындағы опера және балет театрына балет артисі болып ауыстым».
Қазақ би өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі, әрі бірегейі Алмас Бекбосынұлы туралы мәліметтер жойылып кетті дедік. Бұған біздің салғырттығымыз бен мәдениетімізге үлес қосқан асылдарымызды әлі күнге дұрыс бағаламай жүруіміз себеп болып отыр. Осы материалды жазу барысында бүгінде ол кісінің қара шаңырағының түтінін түтетіп отырған жалғыз келіні, жасы 85-ке келген Нағайым Ізбасарқызы Бекбосынова апаймен жүздестік. Ол кісі қайын ағасының есімі ұмытылғанын айтып, соған қатты күйінетінін жеткізді. «Мен Бекбосыновтар әулетіне 1957 жылы келін болып түстім, ол кезде ағамыз әлі билейтін. Үлкен атамыз, яғни менің қайын атамның айтуынша, Алмас аға орта мектепті бітірген соң оны Алматыға нағашымыз, Камал Қарамсовтың қолына апарып, табыстапты. Содан бастап биге икемі байқалып, өнер жолына түскен екен. Қайын атам өмірінің соңына дейін сол Камал ағамызға рақметін айтып отырушы еді. Есімде тағы бір қалғаны, Алмас ағамыз жыл сайын жазда еңбек демалысы кезінде ауылға келетін. Өзге елдерге барып демалғанды құп көрмейтін, содан да көп әңгімесіне қанық болғанбыз. 1958 жылы ағамыз Америкаға барады деген сыбыс шықты. Содан не керек, шынымен КСРО-дан Америкаға баратын екі жүз әртіс таңдалыпты, Қазақстаннан Алмас Бекбосынов бар. Сол сапарында ол көптеген қаланы аралап, қазақтың ұлттық биі «Көкпарды» билеген екен. Ол жақтан орала салысымен бірден ауылға келді, өзі сондай көңілді еді. Бүкіл ауыл тұрғындары, ақсақалдар, оны думандатып қарсы алғаны күні кеше болғандай әлі есімде. Сонда жиналған жұрт «Алмас, Америкада билеген «Көкпар» биін бізге де билеп бермеймісің?» деп қолқа салды. Ағамыз басында далада, сүйемелдеусіз қалай билеймін деп аздап ыңғайсызданып тұрды. Сосын «халық сұраған екен, мен үшін халқымның айтқаны заң» деп, билеп беріп еді, жарықтық. «Мынаны Америкадан ала келдім» деп өз шаңырағына бір шағын кілем әкеліпті. Жылдар өтіп, тозығы жеткен соң оны тастауға мәжбүр болдық. Ол кісінің отбасылық өмірі аса керемет болған жоқ, жұбайы Рахима – хор әртісі, Қазақ КСРО еңбек сіңірген әртісі, жасы ағамыздан үлкендеу еді, төрт-бес жыл бұрын 100-ге келіп, өмірден өтті. Екеуі Әнуарбек деген ұл мен Қарлығаш деген қыз сүйді. Алайда өкінішке қарай, олар да қазір бұл дүниеден озды. 1974 жылы Алмас ағамыз қайтыс болды. Бір өкініштісі, осы күнге дейін басы қарайтылмаған күйі қалыпты. Біз ауылдамыз, тіршілігіміз жалғаса берді, ол кісінің өз отбасы, балалары бар деп жүре беріппіз. Кейін қай жерге қойғанын іздедік, алайда таба алмадық. Үй-іші басына белгі де қоймапты. Өзім үнемі Алмас ағамның рухына Құран бағыштап, еске алып отырамын, ол кісінің үйге күлімсіреп кіріп келетін бейнесі мәңгі жадымда» деп, апамыз терең күрсінген күйі әңгімесін аяқтады.
Әр жерде там-тұмдап болса да сақталған деректерден Алмас Бекбосынұлының қасиетті өнердегі ізін айқын көруге болады. Ол Абай атындағы опера және балет театрында классикалық және ұлттық репертуардағы шығармаларда негізгі партияларды билеген. Великановтың «Қамбар-Назымында» Қамбар, Пуньидің «Эсмеральдасында» Квазимодо, Миникустың «Дон Кихотында» Санчо-Панса, Асафьевтің «Бақшасарай фонтанында» Гирей образын аша білген. Ал қазақтың «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Абай», «Біржан-Сара» сияқты классикалық операларындағы рөлдері арқылы өзінің ерекше би мәнері және актерлік шеберлігі толысқан әртіс ретінде танылған. Орталық архивтен табылған тағы бір құнды құжат, балет әртістеріне берілген мінездеме. Осыған қарап-ақ, атамыз Абай атындағы опера және балет театрының белді, яғни жетекші бишісі болғанын көреміз. Онда «Ең жоғарғы санаттағы қазақ және орыс тіліндегі опералық шығармаларда салмақты әрі ойнақы рөлдерді шебер сомдайды. Актерлік шеберлігі жоғары, берілген рөлді мінсіз орындап шығады. Көркемөнер шеберлерінің ішіндегі дәрежесі жоғары өкілдерінің бірегейі» деп жазылғанының өзі Алмас атамыздың мықты биші болғанына дәлел.
1949 жылғы 9 шілдеде шыққан «Ер-Тарғын» қойылымы деген шағын мақаласында Ә.Ердесов: «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртістері Н.Тапалова мен А.Бекбосыновтың ұршықша айналып, мың бұрала билегені көрермендерге қатты ұнады» деп жазған.
1959 жылы бишілер труппасының құрамында Нью-Йоркте советтік көрмеде қазақтың ұлттық биі «Көкпарды» билеп, аса талғампаз америкалықтарды таңғалдырды. Олар оның биін «нағыз экзотика» деп жоғары бағалады. Сонымен қатар ол гастрольдік сапармен АҚШ-тың көптеген қаласын аралады.
Алмас Бекбосынұлы «Құрмет белгісі» орденімен және соғыс жылдарындағы қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, сол жылы, яғни 1959 жылы Абай атындағы опера және балет театрынан зейнет демалысына шығады. 1960 жылдан бастап оның өмірінің екінші жартысы басталады, дәлірек айтсақ, ол қазақ телевизиясына ауысады. Телеарнада еңбек еткен жылдарда көптеген бағдарламаның режиссері болады. Атап айтсақ, «Ауыл оттары», «Оқушылар турнирі», «Жас толқын», «Ерден атаның ертегілері» атты бағдарламалары халық арасында кеңінен танымал болған.
2017 жылы Астана арнасындағы «Біздің уақыт» бағдарламасының кезекті бір шығарылымын Алмас Бекбосынұлын еске алуға арнады. Сол кезде сырқаттанып жүргеніне қарамастан, Қазақтың ұлттық балет өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Халық әртісі, профессор Болат Аюханов тебірене естелігін айтып: «Біріншіден, Алмас ағай менің көз алдымда еркіндікті сүйетін әрі өте ұқыпты, әрі орындаушылық шеберлігі жоғары жан болып қалды. Классикалық биден білімі аз болғанымен, ол әр қойылымда нағыз кәсіби маманнан артық билейтін. Ол заманның әртістері арнайы білімі болмаса да, рөлін шебер орындауға тырысатын. Күні-түні дайындалғанның арқасында өз саласын жетік меңгерген маман болып шығатын. Классикалық биді қазақтар арасында алғаш меңгерген осы кісі еді. Бекбосынов дүркіреп тұрғанда мен балет өнеріне қаз-қаз басқан бала едім… Грим жасау бөлмесінде ол кісінің бет әрлейтін заттарын алып беріп тұрғанымның өзін зор абырой көретінмін» деп еске алды.
Архивті ақтара жүріп, БАҚ-та жарияланған сол жылдары танымал болған билерін таптық. Мысалы, 1950 жылғы 18 шілдеде «Ленин туы» газетінде Ә.Нәбиев «Республика артистерінің концерті» деген мақаласында: «Алмас Бекбосынов – жас биші, оның би өнерін меңгеру жолындағы тамаша таланты бірден көзге түсті. А.Бекбосыновтың «Кочегар», өзге де билерді билегенінен-ақ келешекте мықты бишілердің қатарынан көрінетінін аңғаруға болады» деп жазған.
2018 жылы әйгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Сәуле Құрманғалиева маған берген сұхбатында:
«Қазақтан шыққан көп таланттың бірі, айналайын, Алмас ағамыз еді. Бала кезімнен бұлардың бәрін көріп-біліп өстім ғой, әкем Ғарифулланы аға деп сыйлап, жаны қалмай тұрушы еді. Ара-тұра үйге де келетін, екеуі оңашада көп сырласатын. Мінезі де, жүріс-тұрысы да ерекше, орта бойлы, кескін-келбеті бөлек еді ғой жарықтықтың! Қашан көрсең жымиып қойып жүре беретін. Алмас ағаны жұрт ұмытып кетті деген не масқара! Өнерге жаны ашитын жан қалмағаны ма! Биінің техникасы мүлдем бөлек еді, өмірден өткеніне біраз жыл болса да, әлі күнге дейін ол сияқты билейтін бишіні кездестірген жоқпын. Өзі тым қарапайым, салмақты, ал ренжітіп қойсаң, аямайтын. Көптеген операда халқымыздың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапаловамен жұптасып билейтін, екеуі де қазақтан шыққан шын таланттар ғой, сондай керемет, сахнада бірін-бірі толықтырып тұрушы еді. Бір кездері театрда оны бәрі «ащы суға үйір» деп қаңқу сөз таратты. Алайда мен оның ащы судан ұрттағанын ешқашан көрген емеспін. Бірде, өмірден өтпестен біраз уақыт бұрын Алмас ағамен көшеде ұшырасып қалып едім, көп сөйлей қоймады. «Кешіріңіз, аға, неге сонша жүзіңіз жабырқау, өзіңіз мұңлы болып кеткенсіз? Бұрынғы жадырап жүретін Алмас ағам қайда?» дедім. Сонда ол: «Сәулеша, ішім күйіп тұр, бірақ мен саған айта алмаймын» деді де, ширақ басып, қасымнан өте шықты. Ол кісіні соңғы көруім сол екен. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» демей ме қазақ?! Алмас Бекбосынұлының есімі біздің де, халықтың да жадынан ұмытылып барады, бұл оның рухына қиянат емес пе?» деп, ішіндегісін күйіне жайып салды.
Қазақтың біртуар бишісі 1974 жылы инфарктен көз жұмды. Ол кісі жарты ғасыр ғұмырында көптеген шәкірт тәрбиелеген ұстаз, өз ісінің нағыз маманы бола білді. Тек би өнерін ғана емес, училищеде оқып жүргенде скрипка, домбыраны да жетік меңгерген. Келіні Нағайым Ізбасарқызы өз естелігінде айтқан мына сөзінен-ақ атамыздың қазақ мәдениетінің маңдайына біткен азамат екенін көреміз: «Жұрт оған би өнеріне қалай келдіңіз дегенде, ол: «Білмеймін, бала күнімде мал бағып жүргенде қазағымның дархан даласына қарағанда бүкіл денем, алпыс екі тамырым өздігінен еріксіз билей жөнелетін» деген екен».
Биыл 23 ақпанда қазақ би өнерінің саңлағы Алмас Бекбосынұлының туғанына 100 жыл толды. Ұлттық мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат қандай құрметке болса да лайық. Ең бастысы – осындай тұлғалар жайлы көп айтылуы, жазылуы керек. Қазіргі өскелең ұрпаққа, әсіресе өнер жолын таңдаған жастарға атамыздың өмірі мен шығармашылығын таныстырып, оның би өнеріне сіңірген еңбегін насихаттағанымыз жөн. Арнайы білімі болмаса да, бишілер арасынан топ жарған Алмас Бекбосынұлы – өнерге жан-тәнімен берілген жан. Олай болса, ер есімі қашанда ел есінде болуға тиіс! Сондықтан қазақ даласынан шыққан биші атамыздың есімін ұмытпау, оның еңбегін ұлықтау – біздің парызымыз.
Айдар ЖОРАНОВ