Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:45, 20 Маусым 2024

Қазақ философиясы. Таным мен тамыр

1
Фото: ашық дереккөз

Біз мәніне де, маңызына да, қоғамдағы орнына да үңіле бермейтін, мүмкіндіктерін жіті бағалауға тырыспайтын философия ғылымы шын мәнінде көп сұрақтың шешімі, біраз мәселенің нүктесі бола алады.

«Жас Алаш» «қияли, мыжыма, ескі» деген айдарлармен санаға таңылып қалған пәлсапаның тарихы мен рөлі туралы жас философ Дамир Кәрімовпен арнайы тілдесті. Маман әлемдегі жаңа философиялық идеялар мен Қазақстандағы қажеттіліктер туралы баяндап, көпке беймәлім ойлармен бөлісті.

Тұрмыстық философия мен кәсіби философия

Мектеп бағдарламасында философия ұғымы қандай бейнеде жолығады? Иә, Абай, Шәкерім, Омар Хайям сынды есімдермен байланысты бейнеде. Себебі олардың шығармашылығында философиялық мазмұн бар. Дәл осы секілді көне сақ дәуіріндегі Ақарысты, яғни Анахарсисті айтамыз. Бірақ өте дана болғанымен, ол кәсіби философ емес. Ерте орта ғасырда даңқты әл-Фараби өмір сүрді. Десек те, ол еңбектерін қазақ даласында жатып жазған жоқ. Бертін келе би-шешендер мен жыршылар, сал-серілер тұрмыстық даналық көрсетіп, халыққа әртүрлі кезеңдерде, ситуацияларда дұрыс жол сілтей алды. Халықты шешімдерінің тереңдігімен таңғалдырды, саяси, әлеуметтік ахуал, салт-дәстүр тұрғысынан дұрыс интерпретация жасады. Тағы Арыстан бап, Ахмет Ясауи, Ахмед Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, Махмұд Қашқари сынды тұлғалардың еңбектерінде де философиялық мазмұн бар. Алайда олар да кәсіби философ болған жоқ. Осы сынды тұлғалардың еңбектерінен, ақыл-кеңестері мен өсиеттерінен өзіміз философияны тауып, суырып алып жүрдік. Шын мәнінде олардың ешбірінің еңбегінде толыққанды философиялық жүйе ұсынылмады.

Әлбетте, мұндай тұрмыстық философия адамзатта әрдайым болды, бола береді де. Тіпті философтар мен философия туралы барлық еңбектерді жойып жіберсек те пәлсапа өмір сүруін, адамзат қоғамындағы маңызын жоғалтпайды. Бірақ тек тұрмыстық типте. Сол секілді Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінде де философия тұнып тұр. Алайда біз мұндай тұрмыстық философия мен кәсіби философияны айыра алуымыз қажет. Бұл екеуі екі түрлі дүние. Кәсіби деп отырғанымыз – философиямен мақсатты түрде айналысқан, басқа философтардың еңбектерін мүмкіндігінше кең көлемде таныған, өзіне дейінгі еңбектерді талдап, олардың мықты тұсы мен сұрақтарын анықтай алған, сол сауалдарға жауап іздеуге тырысқан, философиялық ойлау машығын қолдана алған адамдар. Демек, басты айырмашылық жүйелілігінде. Мысалы, Шәкерім Құдайбердіұлы. Ол – қазақ халқының ең алғашқы кәсіби философы. Өз заманындағы танымал философиялық еңбектердің бәрін оқыған, әлемдегі оған дейінгі де негізгі философиялық идеялармен таныс Шәкерім өзінің «Үш анық» деген философиялық концепциясын ұсынды, түсіндірді. Жанның тазалығын күзететін ар-ождан, ал ол әділет, ынсап, мейірімнен құралады деді.

Білім дегеніміз – негізделген шынайы сенім

Ал жалпы философияға келер болсақ, оны ғылыммен теңестіруге болмайды. Ол ғылымнан да биік дер едім. Мұны былай түсіндіруге болады. Адамның дүниетанымы деген өте ауқымды да нәзік нәрсе. Біреулер тұрмыстық дүниетанымда қалып қояды. Тек бүгінін, қазіргі қажеттіліктерін, жаратылыс инстинктін қамдайды. Одан сәл биігірегі – мифологиялық сана. Неге тұрмыстық санадан биігірек? Себебі бұл көзқарас әлемді қандай да бір тәсілмен тануға, түсіндіруге тырысады. Біз кімбіз, қалай жаралдық, неге, неліктен, қалайша деген сауалдарға жауап іздейді. Алайда олардың ойлау тәсілі шикі болғандықтан, ақпарат жетіспегендіктен түрлі қиял-ғажайыптарды ақиқат деп қабылдайды. Мәселен, Зевс, Ұмай ана, жезтырнақ. Алғашқы діндер мен наным-сенімдер осы құбылыстан пайда болғаны рас. Бірақ мұнда соқыр сенім мен эмоция ғана бар еді. Сондықтан саналы түрде қабылданған тұжырымдар деуге келмейді. Ал тұжырым саналы болуы үшін индукция, дедукция, анализ, салыстыру, қорыту, талдау сынды логикалық операциялардан өтуі тиіс. Осыдан келіп білім дегеніміз – негізделген шынайы сенім деген дефиниция жасалады. Яғни логикалық операциялардан өткен, шындық екені дәлелденген сенімді «білім» деп атаймыз. Бұл қисынмен қарасақ миф деген негізделмеген сенім. Ал негізделген, бірақ шынайы екені дәлелденбеген сенім – дін. Діни сана мифологиялық санадан артығырақ болатын себебі де осы, ол логикалық операцияларды қолданады. Дінде бәрінің мәні мен рөлі айқын, бас-аяғы бар, логика мықты. Бірақ дәлелдеме жоқ. Десек те, адамзат дәлелі жоқ нәрсенің бәрі жалған дей алмайды.

Енді дәлелденген, негізделген шындықты ғылым дейміз. Бір айта кетерлігі, ғылымның шекарасы айқын, ол материялар мен реалды әлемнен аса алмайды. Одан әрі асып, ғылыми сана жауап бере алмайтын нәрселерді дін түсіндіргісі келеді. Расында, бір қарағанда ғылым не бар соны сипаттайды, не істеу керек деген сұраққа жауап бермейді. Ал өмірдің мәні деген – не істеу керек деген сұрақтың жауабы. Дін осы тұрғыда былай жаса, былай жүр деп, көп жолдарды жеңілдететін өте сапалы миф дер едім. Әлемнің бүгінгі тұрпатына қарасақ, тарихи жолда жоғалмай, тірі қалған қандай діндер? Идеологиялық тұрғыдан менікі ғана дұрыс деген діндер. Сәйкесінше, менікі ғана дұрыс деу басқанікін жоққа шығару. Ал бұл – догма. Демек, діни көзқарастың философиялық дүниетанымнан кемшілігі – дінде догма бар. Философия болса ешқандай догма қоймайды, сонысымен де философия нақты бір дүние емес. Пәлсапада тек пәлсапалық ойлау жүйесі, тәсілі бар.

Философия мақсатты түрде тұрақсыз

Екі түрлі адам болады. Бірі – жалпы жұрт болса, екіншісі – ойлануға ерінбейді, туа біткен дарыны мен таланты бар, болмысынан IQ-і жоғары. Олар көп адамдар байқай бермейтін байланыстар мен заңдылықтарды, абсракцияны көреді. Мәселен, алманың құлауынан табиғаттың заңдылығын көру секілді. Мұндай санасы сәулелі жандар даналығын айналаға жеткізеді, артынан мұра етіп қалдырады. Неге мұндай данышпандар сирек, азшылық? Өйткені ғұлама адам болуға қажеттілік жоқ. Жай ғана өмір сүре беру, ағыспен жүру оңайырақ. Бүгінгі жаһанданған заманда миыңды мүлде қозғамасаң да өлмейсің. Тек дайын инструкцияны таңдап алсаң болғаны.

Ал ақылды, ойшылдар, философтар тек Сократ дәуірінен бастап дүниеге келді деуге бола ма? Философтар қашан пайда болды? Бұл біз ойламаған факторларға байланысты тарқатылатын сұрақ. Бұрын қағаз болмады ғой. Яғни ақпаратты жеткізу, сақтау құралы жоқ еді. Бәлкім, 20 мың жыл бұрын өте мықты философ өмір сүріп, өмірдің мәнін тапқан да шығар. Жазайын десе қағаз жоқ, тасқа қашады. Біз тасты қарадық та, түсінбедік. Немесе ол бүгінгі дәуірге жетпей жойылып кетті. Міне, осы себептен Платон, Аристотель, әл-Фараби сынды ғұламалар сол заманда ғана пайда болды деп есептеуге болмайды. Оның алдында да талай мықты философ өткен шығар, тек папирус, пергамент, қағаз, кітап, жазу тәсілі мен калиграфия болмады.

Ал бүгінгі бізге белгілі философия ежелгі Грекияда дүниеге келді. Параллельді түрде Үндістанда, Қытайда дамып жатты. Осы өркениет линиясында Будда, Сократ, Конфуций жобамен бір дәуірде өмір сүрген. Олар мықты философия жасап қалдырды, бірақ бәрі де әлеуметтік фактор әсерінен дінге айналып кетті. Сократтың шәкірті Платон оның идеяларын құлатып, сол логикалық негізде өз идеяларын құрады. Ал Платонның шәкірті Аристотель оның идеяларын құлатып, өзінікін тұрғызды. Өз кезегінде Аристотельдің шәкірттері де солай жасады. Бұл тұста идеяның өзі құлағанымен, сондағы аналитика негізінде ғана жаңасы туып отырды. Яғни философия – үздіксіз интеллектуалды шайқас, ойлану мәдениетінің, дүниетанымның типі. Әрине, барлық дүниетаным типтері нақтылыққа, тұрақтылыққа ұмтылады. Бір ақиқатты ұсынып, соны дәлелдегісі келеді. Ал философия әр философиялық идеялардың кемшілігі көрсетуге тырысады. Сондықтан философияда жауаптарға қарағанда сұрақтар көп. Дәлелденген ойға қарағанда, құлатуға бағытталған сындар көп, бір идея екінші идеяны қиратады. Оның барлық дүниетанымдардан ерекшелігі де осы – мүлде тұрақсыздығы. Бұл үздіксіз процесс болғандықтан да ешқандай философ философияның не екеніне толық жауап бере алмайды. Деңгей өзгешелігі осыдан-ақ байқалады. Демек, философия ғылым емес, шексіз даму потенциалы. Мысалы, мифология шикілігімен тұрақты, дін догмасымен тұрақты, тұрмыстық сана тарлығымен тұрақты. Ал философия мақсатты түрде тұрақсыз. Ғылым да салыстырмалы түрде тұрақты. Алайда оның тұрақтылығы – философияның тұрақсыз шайқасының нәтижесі. Демек, ғылым – дәлелденген философия.

Стереотиптер мен жағымсыз пікірлер қалыптасып қалған

Соған қарамастан, философия жайында жағымсыз стереотиптер жиі ұшырасады. Көпшілік пәлсапаны қияли, мыжыма, депрессивті, пессимист образда қабылдайды. Мұның бәрі жалған дер едім. Бір жағынан философтардың әдебиеттегі, медиадағы образы солай қалыптасып қалған шығар. Тағы философияны оқыту, таныту жағы қатты ақсап тұр. ЖОО-ларда философия пәнін өте жалпылама, бетінен қалқып қана оқытады. Бағдарлама өте жылдам, екі мың жылдық философияның тарихын бір семестрда шолып қана өтіп кетесің. Негізі, әр философты түсініп, сіңіріп оқысаң 3-4 жыл арнауға болады. Әрине, жалпы бағдарламаға ондай нақтылықтың да қажеті жоқ. Десек те, тек негізгі тезистерді айтып өту, оны түсіндірмеу де дұрыс емес. Өйткені философияның құндылығы оның нәтижесінде, берген жауабында емес, тәсілінде, жолында. Мысалы, төбелесудің де бейберекет түрі бар және бокс, каратэ секілді жүйелі нұсқалары бар. Осындай белгілі бір әдіспен күресу жеңіске жету ықтималдылығын арттырады, энергияны үнемдейді. Сенде формулалар мен стратегия болады. Сол секілді жүгірудің де өз жүйесі бар. Философиялық ойлау жүйесі де тура осылай, ең оптималды жолды ұсынады. Енді аталған тәсілді, жолды ашып түсіндірместен тек тезистерді жинақтап сипаттау студентке не бере алады? Осыдан келіп философия бұрынғы адамдардың қате түсініктері мен сандырақтарының жиынтығы деген көзқарас қалыптасады. Әрі бұл «массовый» құбылыс...

Бүгінгі философиялық идеялар

Философия көнерген нәрсе емес. Бүгінде біз тым жиі айтып, не естіп жүрген идеялардың дені философиялық фундаменттен шыққан. Мәселен, қазіргі феминизм, нео-либерализм, нео-марксизм. Жаңа дәуір пәлсапашылары «кез келген әлеуметтік құрылым адамдарды күштеу, қинау арқылы өмір сүреді, тіпті әйел және еркек түсінігі адамды белгілі бір деңгейде шектейді, тұсайды, қинайды», «отбасы, патриотизм, тағы да басқа барлық әлеуметтік түсініктер белгілі бір деңгейде түрме» деген идеяны көп айтты. «Жынысты, сұлулықты, отбасын, мемлекетті, интеллектуалды деңгейімізді таңдамадық, мұның бәрі лотерея. Әлем сол лотереяның нәтижесімен қалыптасуы әділетсіз» дегендер болды. Теңдік туралы тағы біраз дүниелер қозғалды. Маркс, Энгельстердің үні жарқын-жарқын шықты.

Шын мәнінде, барлық таңдаудың, шешімнің философиялық фундаменті болады. Оны тек интеллектуалдар көреді, қорғайды, таратады. Өзге интеллектуалдар оны аргументтеп, қақтығыстырып, шешімдерді концептуалды түрде түсінеді. Бірақ қарапайым адамдарға ұғынықты болуы үшін жеткізуде популистік лозунгтарды қолданады. Мысалы, «әйелдер ерлермен тең болуы керек», «байлардың дүние мүлкін алып, кедейлерге таратайық» деген секілді.

Тағы бір мысал, демократияның заманауи түсініктері дамуда. Философ Юрген Хабермастың «Делиберативті демократия» деген еңбегі мен ондағы идеяны қарастырайық. Германияда неге нацизм дамып кетті, себебі адамдар арасында дұрыс талқылау болмады, тек күштей алатындардың дауысы шықты, күштей алмайтын, бірақ өте ақылды идеялар тұншықты. Кім ережені бұзды, қатыгез болды, пасық әрекеттерге барды, солардың идеясы жеңді. Шын мәнінде олардан ақылдырақ, тиімдірек идеялар жетерлік. Автор осы мәселені түсіндіре келе, сенің идеяң қоғамда жалғыз, бірақ негізделген, шынайы, піскен, қалыптасқан, расында көмектесетін идея болса, ол басқа мың бірдей идеяны жеңуі керек дейді. Осылайша, қоғамдағы рационалды талқылау концепциясын ұсынады. Бұл демократияның бүкіл кемшілігін шешер еді. Себебі демократия деген көпшіліктің дауысы. Алайда көпшілік ақымақ болуы әбден мүмкін. Осы бағытта делиберативті демократия көпшіліктің ақымақтығы деген мәселені шешіп, саналы эксперттер даусының қаттырақ шығуына мүмкіндік береді, қоғамдық дискуссия арқылы шешім шығарады. Бұл – демократияның піскен түрі. Біреулер аристократияға ұқсайды деп сынауы да мүмкін. Бірақ аристократтар аристократ болғаны үшін бәрінің аузын буып тастайды. Ал делиберативті демократияда ақылдылардың даусы қатты шыққанмен, ақымақтарға да өз ойын айтуға мүмкіндік беріледі. Демек, бұл нұсқа охлократтардың да, аристократтардың да кемшілігін жабатын ортақ баланстағы шешім ретінде тиімді.

Қазақстандық саясаттың философиясы

Қазіргі әлем ғана емес, қазіргі Қазақстан да философияны саясатта қолданады. Әсіресе мемлекеттегі стратегиялық жоспарлау ісінде арнайы философ мамандар да, тиісті штаттар да бар. Себебі саясаткерлер немесе саясаттанушылар саясаттағы феноменді зерттейді, әлеуметтанушы әлеуметтік, психолог психологиялық, дінтанушы діни жағынан қарастырады. Ал философтар осының бәрін интеграциялайды, біріктіреді. Жалпы картинаны құрастырып, ортақ бір идея жасайды. Өйткені әр саланың өз ішінде ғана зерттеу жүргізетін құралы, методологиясы бар. Философия соның бәрін ең абстрактілі деңгейде құзыреттілігіне алады. Мысалы, математикадағы формулаларды химик те, физик те, информатик те, биолог та қолданады. Механика, инженерия, архитектура да математикаға қарайды. Сол сияқты философия әлеуметтік ғылымдарды да, нақты ғылымдарды да біріктіреді.

Бүгінде елімізде ұлтты құрастыру, яғни бірегейлік философиясы, ұлттық сананы жоғары деңгейде қалыптастыру мәдениеті бар деп айтуға болады. Бұл концептуалды тұрғыда дұрыс та, өйткені ұлттық бірегейлігі жоқ елде трайбализм, сепаратизм, ұлтаралық, дінаралық, идеологиялық қақтығыстар жиі туындайды. Бірегейлік пен ортақ мүдде қалыптасуы үшін бір ұлттың ішіндегі адамдар бірін-бірі жақыны деп қабылдауы керек. Мысалы, Еуропада бір адам үшін оны танымайтын жүз мыңдаған адам ереуілге шығуы бек мүмкін. Себебі олар бірегейлікті сезінеді, ол адаммен болған жағдай ертеңгі күні өз басына түсуі ықтимал екенін ойлайды. Сондай бірегейлікті қалыптастыру дамушы елдер үшін аса қажет. Бұл бір ғана мысал. Сол секілді ірілі-ұсақты идеологиялық мәселелердің бәрінде философ мамандардың жұмысы қажет. Әсіресе сырттан келетін қауіпті идеялармен күрес жағына назар аударғанымыз жөн.

Бәлкім, осы бүгін мықты философтар арсеналын қалыптастыруға болар ма еді? Бірақ философия мен аталған сала мамандарына көңіл бөлмеу мен саяси қолдаудың болмауы үлкен кедергі болып отыр. Батыс елдерінде философ деген мамандық емес, статус, престиж. Бізде болса бәрі басқаша. Ал негізі ел мүддесі үшін де, жекелеген адамдардың өз ішіндегі рухани, психологиялық күйі үшін де философияның маңызына назар аударуымыз қажет.

Жазып алған Баян Мұратбекқызы