Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:50, 12 Наурыз 2025

Қазақ футболы: желге ұшқан қаржы, жерге қараған басшы

Қазақ футболы
Фото: ЖИ

Бәрменқұлов дауы мен УЕФА есебі

Қазақ футболының басынан дау-дамай арылған емес. Соның көбі ел қазынасынан бөлінген есепсіз қаржыға байланысты. Біздің елде кәсіпқой футбол клубтары мемлекет бюджетінен қаржы алып отырғанымен, ешкімге есеп бермей, жабық қамал ішінде өмір сүріп жатыр. Қазақстан легионерлерге жалақы төлеуден әлемнің көптеген елінен алда тұрады деген ақпарат бар.

Жақында ел футболына қатысты екі жайсыз ақпарат тарады. Біріншісі, Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы президенті Әділет Бәрменқұловқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған көрінеді. Бұл жөнінде қаржы мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі хабарлаған.

«БАҚ-тан түсіп жатқан сауалдарға жауап ретінде айтсақ, қаржы мониторинг агенттігі Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастағанын растайды. Барлық тергеу әрекеті заңнама талаптарына сай жүріп жатыр», – деп мәлімдеді ҚМА баспасөз қызметі.

Агенттік ҚФФ-ның бұрынғы басшылығына қатысты іс қозғалғанын айтқанымен, нақты адамның атын атаған жоқ. Бірақ отандық телеграм-арналар Бәрменқұлов бастаған федерацияның бұрынғы лауазымды адамдарының үйіне тінту жүргенін жарыса жазды.

Әділет Бәрменқұлов кім?

Бәрменқұлов – Қазақстан футбол федерациясының тізгінін 2022 жылы ақпанда ұстады. Ол Қайрат Оразбеков, Давид Лория, Берік Қаниев, Ерлан Жарылқасыновтар қатысқан ҚФФ президенті сайлауында жеңіске жеткен болатын. Бәрменқұлов әу баста жақсы жұмыс істегендей көрінген. Әсіресе футболдан Қазақстан құрамасы тәуір нәтиже көрсетіп, жанкүйер қауымның оң бағасына ие бола бастаған.

Атап айтқанда, Магомед Әдиев тізгінін ұстаған ұлттық құрама Ұлттар лигасының С дивизионында жеңіске жетіп, В дивизионына көтерілді. Ал Еуро-2024 іріктеуінде үшінші орынға ие болып, турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алуға өте жақын болды. Бірақ мұның бәрі уақытша нәтиже болып, көп өтпей ел футболы бұрынғы таз қалпына қайта түсті. Бұған Бәрменқұловтың түсініксіз шешімдері де әсер етті. Мысалы, 2024 жылы жазда ол өзіне ғана белгілі мақсатпен ұлттық құрамаға Станислав Черчесовті бас бапкер етіп тағайындады. Ресейлік маман басқарған тұста біздің құрама 6 ойында қарсылас қақпасына бірде-бір гол соға алмай масқара болғанын жұрт әлі ұмытқан жоқ.

Оның үстіне, Черчесов жанкүйерлермен, футболшылармен тіл табыса алмай, көпшіліктің сынына ұшырады. Жағдай осылай ушығып тұрғанда, 2024 жылғы қарашада Бәрменқұлов күтпеген жерден федерация президенті қызметінен кетті. Онымен бірге федерация бас хатшысы Андрей Дудин, әкімшілік басшысы Әсемгүл Мұсабекова, қаржы жөніндегі басқарушы директор Бағдат Қасенов және заң бөлімінің меңгерушісі Ерлан Наюпов отставкаға кетті. Бұл мамандардың көбі ҚФФ-ға Бәрменқұловпен бірге «Қазақмыстан» келген. Әділет Бәрменқұлов федерацияға келгенге дейін мұнай-газ, көлік саласында жұмыс істеп, «Қазақмыс» корпорациясында жоғары лауазымды қызмет атқарған.

ҚФФ басшылары командасымен қызметінен кеткенде көпшілік бірдеңенің дұрыс емес екенін болжаған. Біз де «федерация басшыларының аяқ астынан жылы орнын суытуына спорт саласында жүріп жатқан мемлекеттік тексеріс әсер еткен болуы мүмкін» деп жаздық. Ақыры сол болжамдар шындыққа айналып, қаржы мониторинг агенттігі Бәрменқұловтың командасын қырына алған сияқты. Іске қатысты толық ақпарат жақын арада белгілі болуы тиіс.

Желге ұшқан қаржы

Екінші маңызды ақпарат – футболдан Қазақстан чемпионатының қаржы айналымына байланысты. Жақында УЕФА ресми сайты Қазақстан Премьер-лигасы клубтарының 2023/24 жылғы маусымдағы қаржылық есебін жариялады.

Еуропалық ұйымның ресми есебіне сүйенсек, былтырғы маусымда ҚПЛ клубтары жалпы 87 миллион еуро (шамамен 46 миллиард 322 миллион теңге) табыс тапқан. Бірақ мұндағы «табыс тапқан» деген сөз Еуропа стандарты бойынша айтылып отыр. Өйткені Еуропадағы кәсіпқой футбол клубтары шынымен үлкен бизнес көзі саналады, бір клубтың айналасында қаншама адам табыс тауып, біршама адам жұмыспен қамтылып отыр. Оны аз десеңіз, олар мемлекет бюджетіне көп мөлшерде салық төлейді.

Ал бізде жағдай керісінше. Біздің кәсіпқой клубтар мемлекет қазынасынан қаржы алып, оны шетелден келген легионерлерге жалақы ретінде жұмсайды. Шетелде үлкен табыс көзі саналатын жарнама, телетрансляция және билет сатудан қазақстандық клубтар пайда таппайды. Мұны УЕФА есебі растап отыр.

Мысалы, жаңағы 87 миллион еуро табыстың 70,5 миллионы (81 пайызы) – мемлекет қаражаты. Небәрі 5,5 миллионы (6 пайызы) – коммерциялық кіріс (демеушілік келісімшарттар, жарнама және өзге де коммерциялық келісімдерден түсетін қаржы). Клуб бюджетін толтыратын басты екі қаржы көзінің айырмашылығы жер мен көктей екенін осыдан-ақ байқауға болады.

Сондай-ақ шамамен 9,8 миллион еуро (11 пайызы) УЕФА-дан түскен табыс. Яғни клубтар Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасына қатысқаны үшін алған қаражат. Ал билет сатудан командалар бар болғаны 0,9 миллион еуро (1 пайыз) пайда көрген. Телетрансляция құқығын сатудан мүлде табыс жоқ – 0 еуро.

УЕФА қазақстандық клубтар жалақы төлеуге 54 миллион еуро (шамамен 28 миллиард 751 миллион теңге) жұмсағанын хабарлады. Бұл көрсеткіш бойынша біздің чемпионат Еуропада 28-орында тұр. Таза трансфер балансы минусқа кетіп қалыпты – минус 1,4 миллион еуро (-325 пайыз). Басқаша айтқанда, ҚПЛ клубтары мемлекеттен бөлінген қаржының басым көбін жалақы төлеуге жұмсайды. Бұған мемлекет пен қоғам тарапынан ешқандай бақылаудың жоқтығы әсер ететіні анық. Командалар құрамындағы футболшыға қаншалық мөлшерде гонорар төлейтінін жасырын ұстайды, есеп жабық күйінде қалып отыр.

Салыстыру үшін айтсақ, Әзербайжанда футболға мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы да, жалақы төлеуге жұмсалатын ақша да бізден әлдеқайда аз. 2024 жылы Әзербайжан чемпионатында бақ сынайтын клубтар 63 миллион еуро табыс тапқан. Оның 28,1 миллионы – коммерциялық кіріс, 20,9 миллионы – мемлекет бюджетінен бөлінген қаржы, 12,4 миллионы – УЕФА-дан келген ақша, 1,2 миллионы – билет сатудан түскен табыс. Ал жалақыға 38 миллион еуро жұмсаған. Оның үстіне Әзербайжан клубтарының 40 пайызы жекеменшікте екен.

Көріп отырғандарыңыздай, Қазақстан кәсіпқой футболға Әзербайжанға қарағанда 3 еседен көп қаржы бөледі. Сондай-ақ Әзербайжан клубтарының коммерциялық табысы бізден 5 есе көп. Ал жалақыға бізге қарағанда 16 миллион еуро аз төлейді. Қай жағынан алып қарасаңыз да, Әзербайжан футболы қазақ футболына қарағанда әлдеқайда пайдалы, әлдеқайда табысты болып отыр.

Әзербайжан клубтарының Еурокубоктардағы жетістігі де бізден біршама жоғары. Бір ғана «Карабахтың» өзі кейінгі 10 жыл бойы тұрақты түрде Еурододалардың негізгі кезеңіне өтіп жүр. 2023/24 жылы тіпті Қарт құрлықтағы екінші ірі турнир – Еуропа лигасының 1/8 финалына дейін жетті. Ал біздің командаларда мұндай тұрақты нәтиже жоқ. Яғни Қазақстан футболына бөлінген қаржы көп болғанымен, жеткен жетістігі аз.

2025 жылы ҚПЛ клубтарына қанша қаржы бөлінді?

Биыл ел чемпионатында 14 команда бақ сынап жатыр. Олардың арасында алматылық «Қайрат» қана жекеменшік клуб. Ал қалған 13 клуб мемлекет қазынасынан қаржы алады. Ең қызығы, олардың көбінде не спорттық база, не жас футболшыларды тәрбиелейтін академия жоқ. Жыл сайын бюджеттен бөлінетін бірнеше миллиард теңгені жыл сайын желге шашып, жерге қарап отырады. Көбі болашақты емес, бөлінген қаржыны игеруді ғана ойлайды.

Жақында «Дядя Ваня» телеграм-арнасы премьер-лига клубтарының 2025 жылғы бюджетін жариялады. Биыл ҚПЛ командалары жалпы сомасы 18,51 миллиард теңге (37 миллион доллар) болатын тендер жеңіп алған екен. Бірақ бұл биылға бөлінген барлық қаржы емес, маусым барысында толыға түседі. Өйткені жалпы сомасы 4,98 миллиард теңге (9,9 миллион доллар) болатын тағы бірнеше тендер әлі аяқталған жоқ.

ҚПЛ клубтарының 2025 жылғы бюджеті (аяқталмаған тендерлер жақшада көрсетілген):

«Ордабасы» – 3,46 млрд теңге

«Елім-ай» – 2,77 млрд

«Атырау» – 1,9 млрд

«Қайсар» – 1,636 млрд

«Ұлытау» – 1,48 млрд

«Оқжетпес» – 1,45 млрд

«Ақтөбе» – 1,35 млрд (1,07 млрд + 267 млн + 357 млн)

«Жетiсу» – 1,2 млрд

«Қызыл-Жар» – 1,2 млрд (800 млн)

«Тұран» – 1,08 млрд

«Жеңіс» – 999 млн

«Тобыл» – 0 (1,20 млрд + 447 млн + 205 млн)

«Қайрат» – 0 (669 млн)

«Астана» – жарияланбаған.

Бұл тізімде «Астананың» қаржысы жайлы ақпарат жоқ. Өйткені елордалық клубты жергілікті әкімдік емес, Sport Qory спортты қолдау қоры қаржыландырады. Квазимемлекеттік сектордан қаржы алып отырғандықтан, клубтың нақты бюджеті келер жылы ғана жарияланады. Бірақ ол Қазақстандағы ең бай клубтардың бірі екені анық. Өйткені бюджеті 2023 жылы – 5,3 млрд, 2022 жылы – 4,8 млрд теңге болған.

Қуаныш Қаппас