Қазақ қыздары қазақ боксын бірінші орынға шығарды

Қыркүйек айының 4–14 аралығында Англияның Ливерпуль қаласындағы M&S Bank Arena-да бокстан әлем чемпионаты өтті.
World boxing ұйымдастырған алғашқы әлем біріншілігі біздің спортшылар үшін табысты болды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орын алды.
Турнирге 66 мемлекеттің ұлттық құрамасы қатысты. Атап айтқанда, Албания, Алжир, Аустралия, Аустрия, Әзербайжан, Бельгия, Босния және Герцеговина, Бразилия, Болгария, Канада, Қытай, Қытайлық Тайбэй, Колумбия, Хорватия, Куба, Чехия, Дания, Доминикан Республикасы, Англия, Эстония, Фиджи, Финляндия, Франция, Грузия, Германия, Греция, Иран, Италия, Ямайка, Жапония, Иордания, Қазақстан, Корея Республикасы, Косово, Қырғызстан, Литва, Мексика, Моңғолия, Черногория, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Нигерия, Норвегия, Панама, Филиппин, Польша, Самоа, Сауд Арабиясы, Шотландия, Сингапур, Словакия, Испания, Швеция, Сирия, Түркия, Швеция, Сирия, АҚШ, Америка, Өзбекстан, Венесуэла және Уэльс спортшылары өнер көрсетті. Басқаша айтқанда, бес құрлықтың боксшылары түгел Ливерпульде бас қосты.
Бұл біріншіліктің басты ерекшелігі – ерлер мен әйелдер құрамасы бірге бақ сынаған тарихтағы алғашқы әлем чемпионаты болды. Жалпы 540 боксшы 80 медальді (ерлер – 10, қыздар – 10 салмақ дәрежесі бойынша) сарапқа салды. Олардың арасында 2024 жылғы Париж Олимпиадасының 17 жүлдегері болды. Атап айтқанда, түркиялық Бусе Наз Чакироглу (51 келі), қытайлық Лю Ян (65 келі), қазақстандық Назым Қызайбай (48 келі) оңтүстіккореялық Эджи Им (54 келі) және тайбэйлік Чинь Чен (65 келі) Ливерпуль шаршы алаңына шықты.
Әлем чемпионатына Қазақстан атынан 20 былғары қолғап шебері (10 ер, 10 әйел спортшы) қатысқан. Оның 10-ы жартылай финалға жетіп, медаль алды. Ал ақтық сынға 8 боксшымыз шыққан. Жексенбі күні өткен финалдық жекпе-жектерде 7 спортшымыз жеңіске жетіп, біреуі ғана жеңіліске ұшырады.
Осылайша, бокстан Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы World boxing ұйымының алғашқы әлем біріншілігінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Боксшыларымыз 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, ерлер құрамасы – 4 алтын, ал қыздар құрамасы – 3 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде еншіледі.
Екінші орынға Өзбекстан құрамасы жайғасты. Оңтүстіктегі көршілеріміз Ливерпульде 6 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Жалпы жүлде саны бізден көп болғанымен, медаль сапасы бойынша Қазақстан алда тұр. Бірақ ерлер құрамасын бөлек қарасақ, өзбектер бізден озып тұр (6 алтын, 1 күміс). Яғни ерлер арасындағы 10 алтын медальді Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары бөлісіп алды. Өзбекстанның бұрымды боксшылары бас жүлде ала алмағандықтан, біздің құрама командалық есепте көш басына шығып отыр.
Қазақстан ерлер құрамасы да, қыздар құрамасы да өз тарихында екінші рет командалық есепте бірінші орын алды. Шетелде өткен чемпионатта алғаш рет үздік шығып отыр. Ер боксшыларымыз 2013 жылы Алматыда өткен біріншілікте 4 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде жеңіп, көш бастаған. Бұл Қазақстан ерлер құрамасының тарихтағы ең үздік көрсеткіші. Турнирге қатысқан 10 боксшының 8-і медаль алды. Екінші үздік көрсеткіш 2023 жылы Ташкентте тіркелді. Өзбекстан астанасында біздің жігіттер 4 алтын, 1 күміс медаль алған болатын. Өз еліндегі чемпионатта өзбектер 5 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль еншіледі. Ол чемпионат 13 салмақ дәрежесінде өткенін айта кеткен жөн. Өзбекстан ерлер құрамасы Ливерпульде өз тарихындағы ең үздік нәтижесін тіркеді. Ал Қазақстан ерлер командасы биыл үшінші үздік нәтижесіне қол жеткізді.
Қазақстан қыздар құрамасы 2016 жылы Астанада өткен біріншілікте 4 алтын, 2 қола медальмен командалық есепте топ жарған. Оған кейінгі үздік нәтижесін биыл Сербияда тіркеді. Ниш қаласында өткен чемпионатта бұрымды боксшыларымыз 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль алды. Демек қыздар құрамасы да Ливерпульде тарихтағы үшінші үздік көрсеткішіне қол жеткізіп отыр.
Сондай-ақ ағайынды Махмұд Сабырхан мен Төрехан Сабырханның бір кезекті әлем чемпионатында топ жарғанын да ерекшелеп айтуға болады. Әлемдік спорт тарихында мұндай жағдай сирек кездеседі. Оның үстіне 19 жастағы Төрехан Қазақстан тарихындағы ең жас әлем чемпионы атанды. Бұдан бөлек, құрамадағы егіз боксшылар Айбек Оралбай мен Нұрбек Оралбай да әлемді бағындырып үлгерді. Нұрбек осыдан екі жыл бұрын Ташкентте топ жарған, ал Айбек Ливерпульде үздік шықты.
Әрине, Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырханның екі дүркін әлем чемпионы атанғанын да айта кеткен жөн. Қазақстан ерлер құрамасында мұндай жетістікке бұған дейін Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев ғана қол жеткізген (2005, 2007 жылдары). Ал Санжар мен Махмұд бұған дейін Өзбекстанда алтын медаль алған.

Финалдық жекпе-жектер:
Шаршы алаңға алғаш болып Назым Қызайбай шықты. Қыздар арасындағы 48 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Назым Үндістан өкілі Меенакшиге есе жіберіп, күміс медаль алды. Биыл шілдеде Астанада өткен әлем кубогы кезеңінде Қызайбай дәл осы қарсыласты жеңіп, алтын медаль алған еді. Назым бұған дейін Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, 3 дүркін әлем чемпионы атанған. Ливерпульде жеңіске жетсе, 4 дүркін әлем чемпионы атанып, өз рекордын өзі жаңартар еді. Қазақстанда одан өзге әлемді 3 мәрте бағындырған боксшы жоқ. 32 жастағы бұрымды боксшымыз 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына баруы әбден мүмкін.
Ал ерлер арасындағы 50 келіде өнер көрсететін Санжар Тәшкенбай еш қиындықсыз чемпион атанды. Ол ақтық кездесуде Моңғолия өкілі Алдархишиг Баттулганы 5:0 есебімен жеңді. Сарапшылар Санжардың Ливерпульдегі өнеріне өте жоғары баға беріп отыр. Екі жыл бұрын Ташкентте топ жарған Тәшкенбай біраз уақыт жұрт назарынан тыс қалған еді, Англия төрінде қайта жарқ етіп отыр.
Қазақстан құрамасына екінші алтынды Махмұд Сабырхан (55 келі) алып берді. Ол финалда испаниялық Лозано Серраноны 5:0 есебімен еш қиындықсыз жеңді. Үлкен Сабырхан Ливерпульдегі 5 жекпе-жегінің төртеуін айқын басымдықпен (5:0), біреуін нокаутпен аяқтап, мамандар мен жанкүйерлерден жоғары баға алды.
Осыдан кейін шаршы алаңға шыққан Алуа Балқыбекова (51 келі) да алтын медаль алды. Ол финалда Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, түркиялық Буси Наз Чакыроглудан басым түсті. Бұл жекпе-жек те 5:0 есебімен аяқталды.
Қазақ жанкүйерлері төртінші алтынды да көп күткен жоқ. Аида Әбікеева (65 келі) Өзбекстан қыздар құрамасы сапынан финалға шыққан жалғыз боксшы Навбахор Хамидованы 3:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Аида да Ливерпульдегі барлық жекпе-жегін айқын басымдықпен аяқтады (төрт жекпе-жектің бәрінде 5:0 есебі тіркелді).
Келесі болып шаршы алаңға шыққан Төрехан Сабырхан (70 келі) да жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Құрамадағы ең жас боксшымыз ақтық сында жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетіп, жапониялық Севон Оказаваны 3:2 есебімен жеңді. Дәл осы жапон боксшысы 2023 жылғы Азия ойындарында қазақстандық Асланбек Шымбергеновті қапы қалдырған болатын.
Қыздар арасындағы 70 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Наталья Богданова Аустралия өкілі Лекейша Перголитиді 5:0 есебімен сенімді жеңіп, алтын медальге ие болды. Бұл Қазақстан құрамасының қоржынына түскен алтыншы алтын медаль болатын.
Турнирдегі соңғы жекпе-жекте Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай өнер көрсетті. 90 келіден жоғары салмақтағы Айбек финалда өзбекстандық Жахонгир Зокировпен қолғап түйістірген. Бұл жекпе-жекте қазақ боксшысы қарсыласын 3:2 есебімен жеңді. Ширек финалда 4 боксшымыз өзбек спортшыларына есе жібергенін ескерсек, ақтық сындағы Оралбайдың жеңісі өте маңызды болды.
Жоғарыда аталған 7 алтын, 1 күміс медальден бөлек боксшыларымыз тағы 2 қола жүлде жеңіп алды. Атап айтқанда, Виктория Графеева (60 келіге дейін) мен Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) турнирді үшінші орынмен аяқтады.
Осылайша, Ливерпульге барған 20 боксшымыздың тең жартысы жүлдегер атанды. Қыздар құрамасынан Элина Базарова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Надежда Рябец (75 келі) және Гүлсая Ержан (80 келі) жүлдесіз қалды. Ал ерлер құрамасы сапында Бибарыс Жексен (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бекзат Нұрдәулет (85 келі) және Сағындық Тоғанбайға (90 келі) медаль бұйырған жоқ.
Төрт боксшымыз ширек финалда өзбекстандық спортшыларға есе жіберді. Атап айтқанда, Зейнуллинов Асадхуджа Муйдинхужаевтан, Жексен Абдумалик Халоковтан, Тоғымбай Турабек Хабибуллаевтан, Нұрбек Оралбай Жавохир Уматалиевтен жеңілді. Ал Нұрдәулетов пен Аққалықов ширек финалға да шыға алмады. Бекзат 1/8 финалда Грузия елінің өкілі Георгий Кушиташвилиге, Сабыржан украиналық Павел Ильюшаға есе жіберді.

Чемпионаттан кейін
Еуропа төрінде өткен әлем біріншілігінде келеңсіз оқиғалар да болды. Әдеттегідей, төрешілер тарапына айтылар сын көп. Біздің құрамадан Ертуған Зейнуллиновке қиянат жасалды деген пікір айтылды. Сондай-ақ жанкүйерлер түркиялық төрешінің Қазақстан боксшыларына үнемі төмен ұпай беріп отырғанына назар аударды. Қазақ жұрты сырттай жақын тартып, бауырлас санайтын түрік ағайындар бұл жолы біраз жат әрекет көрсетті. Алуа Балқыбекова финалда түркиялық Буси Наз Чакыроглуды айқын басымдықпен жеңген болатын. Бірақ Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерінің бапкері тосын мінез танытып, Алуаға дауыс көтергенін байқадық. Шәкіртінің жеңілгенін көтере алмағаны болар, қолын сермеп, сабырға шақырған командаластарына бой бермей, шу шығарды.
Керісінше, жанкүйерлер басты қарсылас санайтын Өзбекстан құрамасымен жылы қоштастық. Чемпионаттан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов пен Өзбекстан жаттықтырушысы Толқын Киличев бір-бірін үздік нәтижемен құттықтап, жылы лебіз білдірді.
«Құрметті жанкүйерлер, бізді құттықтасаңыздар болады. Өзбекстан мен Қазақстан – бауырлас ел, әрқашан біргеміз. Өзге басшылар әзілдеп, Англияға несін келдіңдер, үйлеріңде-ақ спарринг жасап, жүлделерді бөліп алуларыңа болатын еді» деп жатыр. Екі елдің спортшылары әрдайым жоғары деңгейде болсын», – деді Сәтжанов.
Ал өзбек бапкері «Қазақстан мен Өзбекстан рингте ғана бәсекелес. Рингтен тыс жерде әрқашан сыйлас бауырмыз. Олимпиада ойындарында да тамаша нәтиже көрсетеміз. Баршаңызға денсаулық тілеймін», – деп ағынан жарылды.
Айта кетейік, World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылы сәуірде құрылған. Бұл ұйым әлемдік аренада Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының (IBA) орнын басты. Қазір World Boxing-ға әлемнің 111 құрамасы мүше болып отыр. Ұйымның алғашқы жарыстары 2023 жылдың екінші жартысында өте бастады. World Boxing 2024 жылы қазанда АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында алғашқы әлем чемпионатын өткізді, оған 19 жасқа дейінгі спортшылар қатысты. Біз сөз етіп отырған турнир ұйымның ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты. Келесі, 2027 жылғы әлем біріншілігі Қазақстанда өтеді. Ол турнирде 2028 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама үлестіріледі.
Қуан Өмірхан