Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:48, 08 Сәуір 2025

 Қазақ тілі – Қазақстанның біртұтастығының кепілі

Арман Әлменбет жазушы
Фото: из открытых источников

Күні кеше тіл мәселесіне байланысты туған даулы жағдай – тікелей саяси мәселе. Саясат дегеннің өзі билікке талас болса, бұл жағдай қазақтілділер мен орыстілділердің үстемдікке таласы.

 Орыстілділер орыс тілінің үстемдігін сақтап қалғысы келеді, қазақ тілділер тіліміз ең болмаса тең жағдайға жетсе екен дейді. Бұл табиғи күрес. Кім болса да өзімен тілі бір адамға бүйрегі бұрып тұрады. Жасырып-жапқан сайын, бұндай мәселелер ушыға беруі мүмкін. Сондықтан кешегі секілді оқиғадан дұрыс сабақ алып, келесіде қайталанбайтындай еткеніміз жөн.

Осыған дейін аңдамай сөйлеймін деп Рамиль Мухоряповтың басы дауға қалғаны есімізде. Шу басылғаннан кейін берген бір сұхбатында: «Ықпалды кісілер маған хабарласып, уайымдама деп айтты» деді. Бұл дегеніңіз – қоғам қазақ тілі үшін күресіп жатса, басқа бір ықпалды адамдар саналы түрде сол күреске қарсы күрес жүргізіп отыр деген сөз емес пе?

Әдетте бойкот, қоғамдық сын дегеніңіз басқаларға сабақ болуы үшін жасалады. Қазақстанда өмір сүретін кез келген кәсіпкер, кез келген шенеунік, кез келген сырттан келген турист, кез келген қазақша білмейтін адам қазақ тілі деген тақырып Қазақстанның азаматтарының (басым көпшілігінің) жанды жері екенін түсініп, құрметпен қарауы керек. Біз өз елімізде ана тілімізді емін-еркін пайдалануға хақымыз бар. Біз осы үшін күресіп жүрміз.

Енді осы жерде мәселенің екінші жағы да бар. Қызды-қыздымен бұның арты қазақтілді қауым жүрген жерінде қазақша білмейтіндерге өктемдік көрсететін жағдайға ұласып кетпеуі керек. Ол енді ішкі мәдениет деген мәселеге келіп тіреледі. Жалпы, біреуге күш қолдану, езіп-жаншу деген қазақ халқының табиғатына жат қасиет. Біз керек болса, түрі қазаққа келмейтін адамды көрсек немесе қазақшасы ақсап тұрса, өзіміз алдына түсіп алып орысша сөйлеп кетуге бейім тұратын халықпыз. Бұндай ақкөңіл мінезіміздің зардабын тартып жатқан болуымыз да мүмкін. Енді әткеншекке ұқсап, келесі жаққа шығып кетпейік деген ой.

Әлгіндей қауіп қазір қазақша білмейтін отандастарымызды да мазалайтын болуы мүмкін. Қазір қазақ тілінің мәртебесін көтереміз деп жүр, ертең орыс тіліне қысым жасайды деп кәдік ойлайтын шығар. Бұндайды өзіміз қазірден бастап ескеріп, былайша айтқанда, ниетімізді туралап алуымыз керек. Біз қазақ тілі үшін күрес жүргізген кезде басқа біреуге қиындық тудыру үшін емес, өзіміздің өмірімізді жеңілдету үшін ғана жүргізуіміз керек.

Қазақстанның араласпай жатқан екі бөлігін, яғни таза қазақтілділер мен таза орыстілділерді бір-бірімен араластыру керек. Оның негізгі кілті – қазақ тілі. Орыстілділер, әсіресе ықпалы бар орыстілді замандастарымыз қазақы ортаға кірген сайын, араласқан сайын бұндай қауіптер азая береді. Қазақ тілі – Қазақстанның біртұтастығының кепілі.

Арман Әлменбет, жазушы, баспагер