Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:55

Қазақ тілінде уағыз жүргізген дін қызметкері Алматыда қамауға алынды

Иаков Воронцов
Фото: Азаттық

  Алматыда Орыс православ шіркеуінің бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Қорғаушысының айтуынша, шешім 13 ақпанда әкімшілік сот отырысында қабылданған. Воронцов өз кінәсін мойындамаған, ал адвокаты қаулының толық мәтіні алынғаннан кейін оған шағым түсіретінін мәлімдеді.

Воронцовқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы – «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын медициналық емес мақсатта тұтыну» бойынша хаттама толтырылған.

Бұған дейін оның ұсталып, Алматы полициясына жеткізілгені белгілі болған. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі «есірткі тұтынуға арналған притон ұйымдастыру фактісі бойынша» қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, тінту барысында ұнтақ тәрізді заттар тәркіленген, ал 1986 жылы туған ер адамның есірткі қолданғаны медициналық сараптамамен расталған.

Воронцовтың адвокаты болған оқиғаның Қазақстан митрополиялық округі өкілдерінің жақында мемлекет басшысына бұрынғы дін қызметкеріне қатысты «алауыздық қоздыру» ісін қайта қозғау туралы жолдаған өтініштерімен байланысы бар-жоғы да нақтыланатынын айтты.

Иаков Воронцов Қазақстандағы Орыс православ шіркеуінің қазақ тілінде құлшылық өткізген алғашқы дін қызметкері ретінде белгілі. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін ол РПЦ дінбасыларының бір бөлігінің әскери әрекеттерді қолдау ұстанымын ашық сынаған. 2023 жылғы маусымда Воронцов РПЦ құрамындағы қызметін тоқтатты.

2024 жылы оған «дінаралық алауыздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылған.

Осы аптада Воронцов Алматы қалалық әділет департаменті мен Әділет министрлігіне қарсы сотқа талап арыз беріп, діни бірлестікті мемлекеттік тіркеуден бас тартуды заңсыз деп тануды және тіркеу жүргізуді міндеттеуді сұрағаны да белгілі болды.