Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 20:42

Қазақ жерінің қилы тағдыры

Сәбит ШІЛДЕБАЙ
Фото: ашық дереккөз

Бүгінгі таңда, 1920 жылы құрылып, 1925 жылы бірігуі аяқталған Қазақ республикасының 1925-1936 жылдардағы жер көлемі мен қазақ халқының саны туралы нақты ғылыми зерттеу жұмысы жоқ.

Олай деуге, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2000 жылдардың бірінші онжылдығында шығарған «Қазақстан тарихы» атты академиялық 5 томдықта берілген деректер мен сол ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында жарық көрген ресми еңбектердегі статистикалық мәліметтердің мүлдем сәйкес келмейтіні негіз болады. Біз, аталған институт ғалымдары шығарған академиялық 5 томдықтағы мәліметтердің дұрыстығына үлкен күмән келтіреміз және онда халық санының да, жер көлемінің де кемітіліп берілгені туралы мәлімдейміз.

Бүгін осы мақаламызда халық санына қатысты емес, жеріміздің көлемі мен оны жырымдау тарихына қатысты тоқталатын боламыз. 1924 жылдың соңында Орта Азия мен Қазақстанда болған ұлттық-мемлекеттік межелеу саясатынан кейін барлық қазақ жері бір республика құрамына біріктірілді. Қазақ АКСР аумағы КСРО-ның 13,3%-ын, РКФСР-дың 15%-ын құрап, өзінің аумағы бойынша Сібір өлкесі мен Якут (Саха) АКСР-інен кейін 3-орынды иеленді. Енді, сол кездегі республика жерінің көлемі туралы дереккөздері не дейді?

Бірінші кезекте РКФСР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары болған Т.Рысқұловтың 1927 жылы шыққан «Қазақстан» атты еңбегіне тоқталайық. Онда ол: «Қазақ жерінің ауданы, Мәскеудегі мемлекет баспасының 1926 жылы шығарған «Бүтін Кеңестер Одағы» деген кітапта 2 миллион 800 мың шаршы шақырым, бүтін Кеңестер Орталық санақ басқармасының есебінше 3 миллион 039 мың шаршы шақырым. Бұл есепті Қазақстан үкіметі де дұрыс деп бекітіп отыр», – деп көрсетеді. Ал 1928 жылы жарық көрген «Қазақ Автономиялық Социалистік Кеңестік Республикасы Орталық Атқару Комитетінің 13-сайланған БОАК-тің 3-сессиясындағы есебіне материалдар» атты еңбекте Қазақ АКСР территориясы 2 995 482 шаршы километрді құрайды деп нақты көрсетілген. Ал академиялық 5 томдықтың 4- томында межелеу аяқталған кезде Қазақстан аумағы 2,7 млн шаршы шақырымды құрады деп, Қазақстанның бүгінгі таңдағы аумақ көлемін көрсетеді. Яғни бұл басылымға сенсек, Қазақстан 1925 жылдан бері ешқандай жерінен айырылмаған сияқты.

Енді, өткен ғасырдың 30-80 жылдарында жарық көрген Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бөлінісі тарихына қатысты еңбектерге сүйене отырып осы жылдардағы Қазақстанның жер көлеміндегі өзгерістерге шолу жасайық: 1931 жылы – 2 814,6 мың шаршы км; 1938 жылы – 2 744,5 шаршы км; 1941 жылы – 2 434,7 мың шаршы км; 1951 жылы – 2 753,6 мың шаршы км; 1965 жылы – 2 715,1 шаршы км; 1978 жылы – 2 717 мың шаршы км; 1987 жылы – 2 717,3 мың шаршы км болды. Бүгінгі таңда, интернеттегі ашық дереккөздеріне сенсек, Қазақстан Республикасының жер көлемі 2 724 902 шаршы километрді (біз қараған басқа дереккөздері бойынша 2 717,3 мың шаршы км) құрайды. Яғни 1925-1987 жылдар аралығында Қазақстан шамамен 300 мың шаршы км жерінен айырылғаны көрініп тұр...

Қазақ жеріне кім көз тікпеді?! Жерімізді бөлшектеп, оны жырымдауға байланысты ерінбегеннің барлығы неше түрлі жобалар жасады. Мысалы, 1926 жылы 4 маусымда БОАК жанынан құрылған Қазақ АКСР-ы мен Қырғыз Автономиялы облысының оңтүстік аудандарындағы жерге орналастыруды зерттеу жөніндегі ерекше комиссияның төрағасы М.Серафимов Қазақстанның оңтүстік губерниялары мен Қырғыз АО-ның аумағындағы орыс-казактар мен украиндар үшін жеке автономиялы облыс құрып, оны тікелей РКФСР-ға бағындырайық деген ұсыныс жасады. Бұл сол кезеңдегі Т.Рысқұлов, М.Мырзағалиев, Ж.Бәрібаев сияқты және т.б. қазақ қайраткерлерінің қарсылығының нәтижесінде жүзеге аспай қалды.

Сонау ХХ ғасырдың 20-30 жылдарының өзінде Жетісу жерінде Ұйғыр автономиялы облысын құру туралы идея ешбір тарихи негізсіз ұйғырлардың тарапынан көтеріліп, орталыққа осындай ұсыныспен хаттар жазылып отырды. Бірақ аз ұлттарға қатысты большевиктердің нақты ұстанымы мен саясаты қалыптасқан елде бұл ұсыныстар қолдау таба қоймады. Бірақ «іштен шыққан жау жаман» демекші, біраз уақыт ұмытылып қалған осы әңгімені 1947 жылы Қазақстан Компартиясының сол кездегі бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов қайта көтеріп, орталығы Панфилов (қазіргі Жаркент) болып отырған сол кездегі Талдықорған облысының Панфилов және Октябрь аудандарынан, Алматы облысының Шелек, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Нарынқол және Кеген аудандарынан тұратын Ұйғыр автономиялы облысын Қазақ КСР-інің аумағында құру туралы ұсыныспен И.В.Сталинге 2 рет, БК(б)П ОК мүшелері Н.С.Патоличевке, А.А.Ждановқа жеке-жеке қайталап хат жолдады.

Сол кезеңде, Ж.Шаяхметов картасын сызып Ұйғыр автономиялы облысын құруды жоспарлаған аудандардағы ұйғырлардың саны 20%-дан сәл ғана асатынын ескерсек, оның мұндай ұсыныс жасауына қандай түленнің түрткі болғанын арнайы зерттеу қажет! «Жобаланатын Ұйғыр облысы аумағында, – дейді Ж.Шаяхметов, – Шамамен 23 мың ұйғыр бар немесе олар халықтың жалпы санының 20%-дан астамы болады. Жаңадан құрылған облыс Қазақстан мен оған іргелес республикаларға шашылған ұйғыр халқының тартылыс орталығы болады деп сеніммен айтуға болады, нәтижесінде оның халқы қысқа мерзімнен кейін едәуір артып, ұйғыр пайызы анағұрлым жоғары болады». Шын мәніне келгенде, 1881-1884 жылдар аралығында патша үкіметінің шешімімен Қазақстанның Жетісу аумағы мен Солтүстік Қырғызстанға Шығыс Түркістаннан көшіріліп қоныстандырылған 45 мың ұйғыр ұрпағының Қазақстан жерінде автономия сұрауға ешқандай құқықтық та, моральдық та қақысы жоқ болатын.

1924 жылғы Орта Азия мен Қазақстанда болған ұлттық-мемлекеттік межелеуден кейін Қазақ АКСР құрамына қосылған Қарақалпақ автономиялы облысы (ҚАО) 1930 жылы 15 наурыздағы БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті бюросының шешімімен республика құрамынан шығарылып, РКФСР құрамына қосылуы тиіс болды. Ф.И.Голощекиннің ұсынысы бойынша аумағында қазақтар басымдыққа ие болып отырған Тамды, Тақтакөпір және Қоңырат аудандары Қазақ АКСР құрамында қалдырылуы тиіс еді. Бірақ ҚАО түгелімен Өзбек КСР-і құрамына қосылды. Бұл аз болғандай, 1930 жылдардың басынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы мен бірқатар жерлерін Өзбекстанға қосу жөнінде қайта-қайта бастама көтерілді. Бірақ Елтай Ерназаровтың және басқа да кеңестік қазақ қайраткерлерінің ерекше қарсылығы нәтижесінде бұл сұмдыққа жол берілмеді. Өкінішке қарай, 1930-1934 жылдардағы ашаршылық салдарынан осы аймақтардағы халықтың басым бөлігін құрап келген қазақ халқы қырғынға ұшырап, басымдық өзбек халқына көшті. Бұл жағдай, Өзбек КСР басшылығы үшін ежелден қазақ халқының жері болып келген табиғаты тамаша Бостандық ауданын сұрауға таптырмас «негіз» болды. 1936-1937 жылдары Қазақ КСР үкіметі Өзбек КСР-іне уақытша пайдалану үшін 329 мың га жер берді.

И.В.Сталин қайтыс болып, билікке Н.С.Хрущев келгеннен кейінгі жылдары қазақ жеріне көз аларту көршілеріміз бен КОКП ОК тарапынан қайта-қайта орын алды. Мәселенің басы Қазақстанда «тың жерлерді игеруден» басталды. Обалы не керек, Жетісуды жатқа қиғанымен, Арқаны қимай, Қазақстанда «тың жерлер жоқ» деуден танбаған Ж.Шаяхметов 1954 жылы 5-6 ақпанда өткен Қазақстан Компартиясы ОК-нің ІХ пленумында «Қазақстан Компартиясы ОК-не жетекшілік жасауым жаңа талаптарға сай келмейді» деп «мойындаған» болатын. Осы «мойындаудан» кейін сөз сөйлеуге жазылған 39 адамның 25-і сөз сөйлеп, олардың басым көпшілігі Ж.Шаяхметов пен И.Афоновты сынап, оларды жерден алып, жерге салды. Әсіресе екінші болып сөз алған ҚКП Ақтөбе обкомының бірінші хатшысы Ж.Тәшенов күні кеше ғана өзін қызмет бабымен өсірген Ж.Шаяхметовті сынауда өзгелерден қатты ерекшеленді.

Міне, осыдан кейін көп ұзамай 1955 жылы 12 сәуірде ҚКП ОК-нің IV пленумында Ж.Тәшенов ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болып сайланды.

Дәл сол Е.Б.Тайбеков пен Н.Д.Оңдасыновты орнынан босатып, Ж.Тәшеновті ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы етіп сайлаған ҚКП ОК-нің 1955 жылғы сәуір пленумы Дінмұхамед Қонаевты ҚКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы етіп сайлаған болатын.

Өкінішке қарай, 1956 жылы 21 қаңтарда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Жұмабек Тәшенов пен Әбдіғали Әмриев қол қойған «Бостандық ауданын және Бетпақ даланың бір бөлігін Қазақ ССР-і құрамынан Өзбек ССР-і құрамына беру туралы қаулысы» бойынша аталған жерлер Өзбек КСР-не берілді.

1956 жылы 13 ақпанда өткен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының мәжілісінде сөз сөйлеген Ж.Тәшенов өзінің бұл әрекетін «Бұл шешім қазақ халқының өзбек халқына деген шексіз сенімі мен сүйіспеншілігінің, еліміздің халықтары арасында қалыптасқан бауырластық қатынастардың айқын дәлелі болып табылады» деп, өзін ақтауға тырысты.

Ал тарихи деректер не дейді?

1956 жылы 21 қаңтарда жалпы аумағы 5 000 шаршы километрге жуық Бостандық ауданы; Оңтүстік Бетпақ дала каналы аймағындағы көлемі 95 мың гектар жер; Орталық Бетпақ дала каналының сол жақ тармағы аймағында орналасқан көлемі 75 мың гектар жер; Қазақ КСР үкіметі 1936-1937 жылдарда Өзбек КСР-інің уақытша пайдалануына берген көлемі 329 мың гектар жер көршімізге берілді. Сол кезде Бостандық ауданында 17 колхоз, 2 машина-трактор станциясы, 49 628 адам (оның ішінде өзбектер – 25,4%, қазақтар – 17,5%, орыстар мен украиндар – 23%, тәжіктер 16,3%, қырғыздар – 7%, басқа ұлттар – 10,8 %) болатын. Яғни жалпы аумағы 10 000 шаршы км (шамамен 1 млн га жер) болатын қазақ жерінен өз еркімізбен мәңгіге айырылдық...

КСРО-дағы тың игеру науқаны аясында 1960 жылға қарай Н.Хрущевтің Қазақстанға қатысты волюнтаристік жаңа саясаты қалыптасты. Қазақ халқының өз жерінде азшылыққа айналып, ұлт қайраткерлерінің КОКП ОК алдындағы дәрменсіздігін сезінген ол Қазақстанда Тың өлкесін құрып, оны тікелей Москвадан басқаруды жоспарлай бастады.

1960 жылы 19 қаңтарда өткен Қазақстан Компартиясы ОК-нің ХVІІ пленумында Д.Қонаев ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланып, Қазақ КСР-індегі ең жоғарғы саяси билікке қол жеткізді. Ал 1960 жылы 26 қаңтарда ҚКП ОК бюросы Ж.Тәшеновті Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы етіп бекітті. Бір қызығы, Ж.Тәшеновті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметінен босатып, Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің төрағасы етіп бекіту туралы ҚКП ОК-нің 12 ақпандағы ұсынысы да, Д.Қонаевты ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы етіп бекіту туралы 19 қаңтардағы шешімі де КОКП ОК Президиумы тарапынан тағы да бір күнде – 19 ақпанда мақұлданды.

1960 жылы 25 қаңтарда ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қазақ ССР Совхоздар министрлігін құру туралы» жарлығы шығып, министрлік Ақмола қаласына орналастырылды. ҚКСР Совхоздар министрлігіне Қостанай, Ақмола, Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының ауыл шаруашылығына басшылық ету міндеті жүктелді. Совхоздар министрі болып бұрын ешқашан Қазақстанда жұмыс істемеген, 1953-1955 жылдары КСРО совхоздарының министрі болған А.И.Козлов тағайындалды. 26 қаңтарда ҚКП ОК хатшыларының міндеттері бөлініп, бекітілді. Д.Қонаев бірінші хатшы әрі ОК бюросына жетекшілік жасауы тиіс болса, Қазақстанға ешқашан қатысы болмаған, 1960 жылға дейін Ресейдің Новгород, Пермь обкомдарының бірінші хатшысы болған Т.Соколов ҚКП ОК-нің Солтүстік облыстарындағы жұмыс жөніндегі бюросының төрағасы болып бекітілді.

1960 жылы 26 желтоқсанда «Республиканың солтүстік облыстарында шаруашылық және мәдениет құрылысын басқаруды онан әрі жақсарту және олардың орасан мол ресурстарын неғұрлым толық пайдалану» деген желеумен ҚКСР ЖК Президиумы төрағасының орынбасары К.Крюкова мен Президиум хатшысы үшін С.Мұқанов қол қойған «Қазақ ССР құрамында Тың өлкесін құру туралы» жарлық шықты. Ол бойынша ҚКСР құрамында Тың өлкесі құрылып, Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының жері осы өлкеге енгізіліп, өлкенің әкімшілік орталығы Ақмола қаласы болып белгіленді. Осы жарлықпен Ақмола облысы таратылып, оның аудандары тікелей Тың өлкесінің қарамағына берілді. 28 желтоқсанда өткен Тың өлкекомының Пленумында Т.И.Соколов бірінші хатшы, С.Б.Ниязбеков екінші хатшы болып сайланды. Ал 29 желтоқсанда шыққан ҚКСР ЖК Президиумының «Тың экономикалық әкімшілік ауданын құру туралы» жарлығы бойынша орталығы Ақмола қаласы болған Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және таратылған Ақмола облысының Ақмола, Атбасар, Балкашин, Баранкөл, Вишнев, Есіл, Калинин, Қима, Қорғалжын, Макин, Новочеркас, Сталин, Шортанды, Еркіншілік аудандарын біріктіретін Тың экономикалық әкімшілік ауданы құрылып, 1957 жылы құрылған Қостанай және Солтүстік Қазақстан экономикалық әкімшілік ауданы таратылды. Тың өлкелік кеңесі аткомының құрамы бекітіліп, бұрын ешқашан Қазақстанға қатысы болмаған, КСРО Мемжоскомы төрағасының орынбасары болып істеген В.В.Мацкевич атком төрағасы болып бекітілді. Осылайша, Хрущев үй ішінен үй тігіп, Тың өлкесін тікелей Москваға бағындырды. Көп ұзамай, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан өлкелері құрылып, Шығыс Қазақстан өлкесін құру жоспарлана бастады. Бірақ бұл аймақтарды Қазақстаннан бөліп алып, оны Ресей құрамына қосу туралы мәселе көтерілген жоқ.

Шындығында, Н.Хрущевтің көмекшісі А.С.Шевченкомен самолет үшін шекісіп қалғаннан кейін, оның үстіне республика шаруашылығының тоқсан түрлі саласына дұрыс басшылық жасай алмаған Ж.Тәшеновті 1961 жылы 6 қаңтарда ҚКП ОК бюросы «жұмысын дұрыс атқара алмағаны үшін» деген негіздемемен Қазақ КСР Минкеңесі төрағасы қызметінен босатты. Қызметінен алынғаны аз болғандай, 1961 жылы 1 ақпанда Ж.Тәшенов ҚКП ОК бюросының мүшесі міндетінен де босатылды. Қызметінен алынған Ж.Тәшенов 1961 жылдың 19 сәуіріне дейін жұмыссыз жүрді.

1961 жылдың 19 сәуірінде өткен ҚКП ОК бюросының мәжілісінде ол Оңтүстік Қазақстан облаткомы төрағасының орынбасары қызметіне жіберілді. Ж.Тәшенов 1961 жылы 25 сәуірде ҚКП Оңтүстік Қазақстан обкомының қарауына келіп, 3 ай 20 күнгі жұмыссыздықтан кейін 26 сәуірден бастап облатком төрағасының орынбасары қызметіне кірісті. ҚКП Оңтүстік Қазақстан обкомының бұл шешімі арада бірнеше ай өткен соң барып, 1961 жылы 11 қазанда ҚКП ОК хатшылығы тарапынан бекітілді...

Қазақ жерінде тың игеретін жер жоқ деген Ж.Шаяхметовті жамандап, тың игеруді белсене қолдаған, Тың өлкесі құрылған кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып отырған, тек қана 1961 жылдың басында жұмыссыз қалып, қызметі төмендеп, Шымкент облысында жұмыс істеген Ж.Тәшенов қай кезде және қай жерде қазақ жерлерін қорғағаны түсініксіз?!

Н.Хрущевтің Тың өлкесіне Қарағанды облысын қосу әрекеті «көмір өндірісін төмендетіп аламыз» деген ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қасарыса қарсы тұруы және КСРО Минкеңесінің төрағасы Хрущевтің орынбасары А.И.Микоянның қолдауы барысында жүзеге аспай қалды. Тың өлкесін Қазақстаннан бөліп алу бағыты одан ары жалғасты: 1961 жылы 3 ақпанда Тың өлкелік соты ұйымдастырылды; 1961 жылы 11 наурызда ҚКСР ЖК Президиумының «Қазақ ССР Дайындау министрлігін және Қазақ ССР Министрлер Советінің Тың өлкесі жөніндегі Дайындау бас басқармасын құру туралы» жарлығы бойынша құрылған басқарма тікелей Тың өлкесіне бағынатын болды. 1961 жылы 21 наурызда ҚКСР ЖК Президиумының төрағасы И.Шәріповтің жарлығы бойынша Хрущев «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды. 1961 ж. 20 наурызда ҚКСР Совхоздар министрлігі таратылып, осы министрлік негізінде еңбекшілер депутаттарының Тың өлкелік Кеңесі аткомының совхоздар басқармасы құрылды және Ақмола қаласын Целиноград қаласы деп атау туралы ҚКСР ЖК Президиумының жарлығы жарияланды. 1961 жылы 21 сәуірде ҚКСР Тың өлкесінің құрамында Целиноград облысы құрылып, облыс құрамына енген Ақмола ауданының аты Целиноград ауданы болып өзгертілді.

1962 жылы 20 қыркүйекте тағы да 421 мың га жер Өзбекстанға берілді. 1962 жылдың қарашасында РКФСР-дың Челябі облысы мен ҚазКСР-ның Қостанай облысы арасында біріншінің пайдасын көздеген территориялық ауыс-түйістер орын алды. 1965 жылдың желтоқсанында бұл шешім қайта қаралды. Бір сөзбен айтқанда, «Хрущев жылымығы» ҚазКСР-ның территориялық тұтастығына орасан зор қауіп төндіріп, қазақ жерін орыстандыру ерекше жүргізілді. Қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып, 1962 жылы 29%-ды құрады. Н.Хрущев С.Кенжебаев, Ж.Тәшенов, Д.Қонаев сияқты және т.б. қазақ қайраткерлерін орнынан алып, қызметін төмендетуге тікелей себепкер болды.

Қазақстанды бірнеше өлкеге бөліп, жұлма-жұлмасын шығарып, әрбір өлкені Москвадан келген Т.Соколов сияқты эмиссарларға бағындырған Н.Хрущев 1962 жылдың соңына қарай Маңғышлақ түбегін Түрікменстанға беру туралы бастама көтерді. Бірақ оның бұл әрекетіне Д.Қонаев тағы да қарсылық білдіріп, нәтижесінде бұл бастама аяқсыз қалды. Ал 1962 жылғы желтоқсан айының басында Н.Хрущев Оңтүстік Қазақстанның мақта өсіретін аудандарын Өзбекстанға беру туралы алдын ала бекітілген жоспарын Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы И.Юсуповтың ұсынысы арқылы КОКП ОК Президиумында бекітіп, бұл шешімді орындауды Д.Қонаевқа табыстады. Бірақ Д.Қонаев бұл шешімді орындауға келісе қоймады.

Осыдан кейін бірінші хатшы Д.Қонаев 1962 жылы 26 желтоқсанда өткен ҚКП ОК-нің пленумында орнынан алынып, бұл орынға 1914 жылы туған И.Юсупов «сайланды». ҚКП ОК-нің шешімі 1963 жылы 19 қаңтарда өткен КОКП ОК Президиумының мәжілісінде мақұлданды. И.Юсуповтың ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы болып «сайлануына» тек қана оңтүстіктегі мақта өсіретін қазақтың жерлерін Өзбекстанға беру үшін ғана емес, Қытай Халық Республикасы мен КСРО арасындағы шиеленіскен саясат та әсер еткені түсінікті. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.

Ал 1962 жылы 30 желтоқсанда қызметіне кірісер-кіріспестен бұрын, ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы И.Юсупов Мақтаарал және Киров аудандарын Өзбекстанға беруді ұсынып, Орталық комитетке хат жолдады. Осы хаттың негізінде, 1963 жылы 17 қаңтарда КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша Шымкент және Қызылорда облыстарының 171,7 мың адамы, 27 ауыл кеңесі, 2 поселкелік кеңесі, 208 елді мекеннен тұратын 3663 мың га жерлері Өзбекстанға беріліп, 1963 жылы 19 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қазақ КСР және Өзбек КСР арасындағы шекараны ішінара өзгерту туралы» Жарлығымен бұл алыс-беріс заңдастырылды.

Арада екі жылдай уақыт өткенде, 1964 жылғы қазан пленумында Н.Хрущев тағынан тайып, ол орынға Л.Брежнев келді. Осыдан көп ұзамай, 1964 жылы 7 желтоқсанда өткен ҚКП ОК-нің пленумында Д.Қонаев қайтадан ҚКП ОК бірінші хатшысы болып сайланып, бұл шешім 1965 жылы 4 қаңтарда өткен КОКП ОК Президиумының мәжілісінде толықтай мақұлданды.

1963 жылы 17 қаңтарда Өзбекстанға берілген қазақ жерлерін қайтару оңайға соққан жоқ. Арада 8 жыл өткеннен кейін, 1971 жылы 22 ақпанда Өзбекстан КП ОК хатшысы Ш.Рашидов пен Қазақстан КП ОК хатшысы Д.Қонаев бірлесе отырып, Л.Брежневтің атына Киров, Мақтаарал және Жетісай (1965 жылы құрылды) аудандарын Қазақстанға қайтаруды сұраған хат жолдады. Осындай хаттың жазылуы жай ғана формализм болатын. Осы хаттың негізінде 1971 жылы 23 сәуірде КОКП ОК Саяси бюросы аталған жерлерді Қазақстанға қайтару туралы шешім қабылдады. 1971 жылы 28 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша екі республика шекарасындағы ішінара өзгерістер заңдастырылды. Ал осындай жағдайға қол жеткізу үшін Д.Қонаевтың қаншама тер төккені әзірге бір өзі мен бір Аллаға ғана белгілі болар. Бұл мәселе де алдағы уақытта кешенді зерттеуді талап етеді. Сондықтан Д.Қонаев Қазақстанның жерлерін Өзбекстанға беруге қарсы болмады деп айту (Тәшенов Саян Жұмабекұлының сөзі) тарихқа да, ақиқатқа да қиянат болмақ.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры,

тарих ғылымдарының кандидаты