Қазақы болмыс және гендерлік саясат

Қазір қоғамда гендерлік саясат хақында жиі айтылады. Сарапшылар елдегі әйел мен ердің арасындағы алшақтық әлі де басым екенін, қоғамдық саяси қызмет саласында арақашықтық білініп тұратынын мысал етіп жүр.
Жуырда Қазақстанның қоғамдық даму институты гендерлік саясат саласындағы мәселелерді талдау үшін әлеуметтік зерттеу жүргізіпті. Осы зерттеудің нәтижесінде мамандар біраз жайттарға қанық болған. Зерттеу барысында жүргізілген жаппай сауалнамаға республикалық маңызы бар 3 қала мен 14 облыстан 3000 адам қатысқан. Зерттеу 18 және одан да үлкен жастағы азаматтар арасында жүргізілген. Біз саясаттанушы, экономикалық бақылаушы Әсем Қасымхановадан зерттеу барысында не аңғарғанын сұрадық.
– Әсем ханым, гендерлік саясат дегенде халықаралық индексті көтеру жайы үнемі айтылады. Соңғы бес жылда бұл саясатта көрсеткішіміз өсті ме?!
– Былтыр біз гендердік саясат бойынша 146 елдің ішінде 65-орынды иемдендік. 2022 жылмен салыстырғанда 15 позицияға көтеріліппіз. Дегенмен бұл біздің әлі де халықаралық межеде алдынғы орындардан көріне алмай келе жатқанымызды аңғартады. Гендерлік саясат мәселесін біз сонау тоқсаныншы жылдардан бері қаузап келеміз. Әйелдердің мәртебесін өсіру, қай салада болсын, әйел адамның жұмыс істеуіне, қызмет көрсетуіне жағдай жасау, әйелдің құқын, талабын аяқ асты етпеу үнемі талқыланып жатады. Десек те бұл салада әлі де ер мен әйелдің алшақтығы барын байқаймыз. Әсіресе мұндай жағдай экономика, саясат саласында байқалады. Біздің қоғамда әйелдердің саясатқа араласуы ер азаматқа қарағанда аз. Мұны мойындауымыз керек.
– Негізінде гендерлік саясаттың дамуы адами капиталдың дамуына да ықпал етеді деген сөз жиі айтылады. Мұнымен келісесіз бе?!
– Иә, келісемін. Адами капиталдың бәсекеге қабілетті болуына әсер ететіндіктен бізге гендерлік саясатты дамытуға тура келіп отыр. Қазір кез келген бәсекеге қабілетті болғысы келген елдің ұстанымы осы болуы керек. Жуырда жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қарап отырсам, онда елде әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы белсенділігі төмен екенін байқадым. Мысалы, шағын және орта бизнес саласында әйелдердің үлесі 30 пайыз ғана, ал ерлердің үлесі 70 пайызды құрайды екен. Келесі бір сауалнаманың нәтижесіне сәйкес әйелдердің 47,3 пайызы өз ісін ашып, бизнеспен айналысқысы келеді. Ал оларға өз кәсібін ашуға қаржы жетіспеушілігі (64,7%), тәжірибенің, білімнің болмауы (33%), қорқыныш (22,4%) кедергі келтіреді дейді. Сондықтан өз басым, әйелдердің білімін жетілдіру, кәсіпке баулу жөнінде арнайы мемлекеттік идеологияға сүйенген орталықтар көптеп ашылуы керек деп ойлаймын.
– Бізде ондай орталықтар бар ғой. Әлеуметтік желілерде де түрлі курстар, әрқилы сабақтар, тренингтер жетіп артылады емес пе?!
– Рас, ондай орталықтар бар. Психологтардың, коучтардың да кеңесі жетеді. Бірақ оларға бақылау жоқ. Бақылау болмағаннан кейін қазір түрлі тренингтерді сатып алып, шатасып, бағытынан адасып жатқан әйелдер де бар. Әсіресе ауылда тұратын әйелдердің арасында әлеуметтік желінің жетегіне еріп алданып, түрлі оқиғаларға тап болып жатқан әйел заты бар. Сондықтан ауылдарда мәдениет үйлерінің жанынан немесе мектептердің бір бөлмесінен әйелдерге кеңес беретін кабинеттер ашу керек деп ойлаймын. Негізінде, көп жағдайда құқы тапталып, зорлық-зомбылыққа ұшырап жататын да осы ауылдағы әйелдер. Олар үйінде тұрмыстық зомбылық көрсе де, соққыға жығылып жатса да тіс жарып айтпайды. Заңға жүгіну деген жоқ. Ауылдағы әйелдердің мемлекеттік қызметке, саясатқа араласуын, тіпті қазақы ортаға жат көретіндер де бар. Сондықтан бұлайша қалыптасқан түсінік пен танымды бұзу үшін де кішігірім осындай жаңалықтардан бастау керек. Ондай орталықтарға тұрмыстан қажыған әйелдер барып, бір-бірімен шүйіркелесіп отырса да оның пайдасы бар деген ойдамын.Сондықтан жергілікті әкімдіктер осы мәселелерге мән берсе, ауылдық аймақтарда халықтың көбі жұмыссыз. Әйелдер тек үйдің тірлігімен ғана айналысады. Бір сарынды өмірден жалыққан әйелдің жаны да күйзеліске түскіш болады. Сондықтан бұл арада аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары осындай бастама көтерсе жөн болар еді.
– Ал қалада әйелдердің қоғамда белсенділігін арттыру үшін не істеу керек?
– Қалалы жердегі әйелдердің қарбалас тірлігі тіптен көп. Ол жұмысына үлгеру керек, бала тәрбиесі, баланың мектептегі оқу үлгерімі, үйінің тіршілігі тәрізді дүниелерді бізде көбіне әйелдер жүк қылып алады. Мұндайда ер адамның ол әйелді түсінгені маңызды. Отбасылы әйелге жұмыс істеу, оған қосымша ол отбасының күнделікті күйбең тірлігінен бастап басқа да мәселелерді алып жүру оңай емес. Жалпы, біздің қазақ әйелдеріне қойылатын талап көп. Ол әйел ғана емес, ана, келін. Бір әулеттің ұйытқысын келтіріп отыру дегенді міндеттеп, көп шаруа артылады. Міне, осының барлығында қасындағы ер азаматының әйелді қолдауы керек. Өз басым, біздің мемлекеттік идеологияның гендерлік саясатты дамытуға бағытталғанын қолдаймын. Мемлекеттік тұрғыда әйел адамды қолдау, гендерлік саясатты дамыту бізге керек. Гендерлік саясат қазаққа жат болмауы керек. Сондықтан осы бағытта істеліп жатқан жұмыстарды, атқарылып жатқан шараларды қолдаған ләзім. Бұл біздің қоғамдағы әйелдердің рөлін айшықтап, ер мен әйелдің арасындағы алшақтықты жақындастырады. Қазақ қоғамы «әйел ер адамнан бір саты төмен» деген түсінікті онсыз да біледі. Мұны түсінген әйел ер азаматын басып-жаншып, төмендетпейді. Әйел өз орнын, ер адам өз орнын білген қоғамда келер ұрпақтың да болашағы кемел болады.
Қарлығаш САЙЛАУОВА