Қазақ–қырғыздың туыстығы көкпар мен көкбөріден аспай тұр

2024 жылы қыркүйекте Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізіп, мәре-сәре болғанымыз есте. Бірақ көкпарға бола қазақ пен қырғыз спортшылары жанжалдасып, арты үлкен дауға ұласқан.
Көшпенділер ойындарының көрігін қыздыратын, жанкүйер қауым асыға күтетін басты спорт – көкпар. Бұл сында Қазақстан мен Қырғызстан арасында бітіспес бәсекелестік бар. Екі ел көкпар қазандығы бойынша бір тоқтамға келе алмады. Біздің жақ алаңға шеңбер сызуды ұсынса, қырғыздар биік қазандық орнататынын айтады. Ақыры екі елдің федерациясы өз дегенінен қайтпай, қазақтар көкпар, қырғыздар көкбөрі (көк бөрү) ойнап жүр. Астанадағы ойында да қазандық мәселесі дауға ұласуы мүмкін еді, әркімнің көңілін тапқыш Астана жарыс бағдарламасына көкпар мен көкбөрінің екеуін де қосып, тығырықтан «оңай» шығып кетті. Сөйтіп, Астанада көкпардан екі финал өтті. Екі финалда да Қазақстан мен Қырғызстан кездесіп, бірінде – қазақтар, екіншісінде – қырғыздар жеңді.
Енді сол бәсекені өткізу кезегі қырғыздарға келді. 2026 жылы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтеді. Қазақстан қонақжайлық танытып, көкбөріге орын тауып бергенімен, қырғыздар олай істемейтін сияқты. Жақында Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігінің директоры Айбек Әбдімомынов Көшпенділер ойындарының бағдарламасына көкпар болмайтынын айтты. Оның сөзінше, келер жылы көкбөріден ғана турнир өтеді. Оның үстіне ол бұрынғыдай ұлттық құрама емес, клубтық форматта болады. Жеребе бойынша бір командаға әр елден келген спортшылар түседі.
Жаңа форматты Қырғызстан көкбөрі федерациясы ойлап тапқан. Клубтық жарыс қалай өтетіні, ұлттық құрамаға ұпай қалай берілетіні, медальді қалай бөлісетіні белгісіз. Әбдімомынов жаңа ережені жақында таныстыруға уәде етті. Нақты жағдайды сол кезде біле жатамыз. Бір анығы – айыр қалпақты ағайын «Көшпенділер Олимпиадасынан» қазақтың көкпарын сызып тастады.
Қуаныш Қаппас