Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 09 Шілде 2025

Қазақша білмейтін ҚФФ президенті

марат омаров
Фото: kff.kz

2024 жылы 20 желтоқсанда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров Қазақстан футбол федерациясының президенті болып тағайындалған.

 Футболға, тіпті спортқа еш қатысы жоқ Омаров федерация тізгінін ұстағалы жарты жылдан асты. Салада оң өзгеріс, тың серпін бар дей алмаймыз. Керісінше, дау-дамай мен талас-тартыс көбейіп барады. Бар қолынан келгені – жанкүйерлердің сынына ұшырап, басы даудан арылмаған ресейлік маман Станислав Черчесовті ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен алды.

Черчесов Қазақстанның мемлекеттік тіліне құрмет көрсетпегені үшін сынға ұшыраған. Бірақ оның орнын басқан отандық маман Әли Әлиев те, федерация басшысы Марат Омаров та мемлекеттік тілді білмейтін болып шықты. Әсіресе ұзақ уақыттан бері мемлекеттік қызметте жүрген Омаров қазақ тілін үйренбеген екен. Ол жақында үкімет кулуарында журналистерге қазақ тілін бір жылда үйренуге уәде берді. «Әрине, біраз уақыт керек. Тәжірибе қажет. Бірақ мен бір жылдың ішінде еркін сөйлей алатыныма сенемін. Сұхбаттар беретін деңгейге жетем. Қазақ тілін үйренуде сіздердің көмектеріңіз қажет», – деді ҚФФ президенті.

Бірақ қазақ шенділерінің мұндай уәдесіне сену қиын. Әсіресе мемлекеттік тілді меңгеруге сөз беріп, кейін ол уәдесін орындай алмаған шенеуніктер көп. Мысалы, қазір Ұлттық банкті басқарып отырған Тимур Сүлейменовтің «Мәскеуде 5 жыл тұрып, ана тілімді ұмытып қалдым. Бірақ 6 ай ішінде қайта үйреніп аламын» деген сөзін көпшілік әлі ұмытқан жоқ. Бірақ бұл әңгімені ел ұмытпағанымен, Сүлейменов өзі ұмытып қалған сияқты. Одан бері талай жыл өтті. Шендінің мемлекеттік тілде сөйлеп кеткенін көрген жоқпыз.

Жанкүйер қауым «қазақ тілін білмейтін адамның қазақ футболын басқаруға қақы бар ма» деп сұрақ қойып отыр. Өйткені құрама жетістігі үшін командадағы барша адамның бір тілде сөйлеп, бір ниетте әрекет етуі маңызды екенін жақында футболдан Өзбекстан құрамасы дәлелдеп берді. Көрші елдің құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. Мұндай ірі жетістіктің артында көптеген маңызды фактор тұрғаны белгілі. Соның бірі – өзбек құрамасындағы футболшылар да, жаттықтырушылар штабы да, басшылар да, тіпті техникалық қызметкерлер де өзара бір тілде сөйлеседі. Команда бас бапкері Тимур Кападзе футболшы кезінде Қазақстанда, Оңтүстік Кореяда, БАӘ-де доп тепкен. Қанша жыл шетелде жүрсе де, өзбек тілін ұмытпапты.

Ал біздің елде бәрі керісінше. ҚФФ басшыларының көбі мемлекеттік тілді білмейді, ұйым жұмысы толық қазақ тілінде жүрмейді, құжаттар орыс тілінде дайындалады. Сол сияқты Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы, футбол клубтары, футболшылар, мамандар мемлекеттік тілге бейжай қарайды. Мұны жанкүйерлер жақсы біліп отыр.

Марат Омаровтың федерациядағы қызметіне қатысты бұдан өзге де сын көп. Мысалы, биыл 9 маусымда Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада Солтүстік Македониямен кездесті. Бұл 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы матч болатын. Ең қызығы, осындай маңызды матч алдында ҚФФ құраманы сырт алаңда Беларусьпен жолдастық кездесу өткізуге жіберді. Футболшыларымыз шетелге сапар шегіп, Македониямен матчқа тыңғылықты дайындала алмады. Оның үстіне Беларусь жеріндегі жасыл алаң – табиғи шөп, ал «Астана Арена» төсеніші – жасанды көгал. Яғни ойыншыларымыз жол жүріп шаршағаны аздай, бірде жасанды алаңда, бірде табиғи төсеніште өнер көрсетіп, ойындары ала-құла болды. Салдарынан өз алаңымызда Солтүстік Македониядан 0:1 есебімен жеңіліп, топтағы жағдайды қиындатып алдық.

Қазақстан құрамасы маусымдағы матчтарға дайындалу үшін 31 мамырда жиналған. Бірақ Астана мен Минск арасында ұшып-қонып жүріп, «Астана Аренада» екі-ақ жаттығу өткізді. Егер Беларуське бармағанда, 9 маусымға дейін бір аптадан аса уақыт алаңсыз жаттығу жасайтын еді. ФИФА жолдастық матч өткізуді міндеттесе, сол Беларусьті немесе басқа құраманы Астанаға шақыруға болар еді. Сонда құрама жасанды алаңда жаттығу және матч өткізіп, Солтүстік Македониямен ойынға тас-түйін дайын болар еді. Бірақ Марат Омаров бастаған ҚФФ мұндай тиімді тәсілді ойға алмаған сияқты.

ҚФФ-ға жаңа президент, құрамаға жаңа бапкер келгелі команда нәтижесі жақсарған жоқ. Әли Әлиевтің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясында сырт алаңда Уэльстен 1:3 есебімен жеңіліп, Лихтенштейнді 2:0 есебімен ұтты. Ал Астанада Солтүстік Македонияға 0:1 есебімен есе жіберді. Яғни 3 ойыннан кейін үш-ақ ұпай жинадық. Оның өзін ФИФА рейтингінде 204-орында тұрған құрамаға қарсы матчта алып отырмыз.

Жақында Омаров бас бапкердің құрамадағы тағдыры алдағы 3 ойынға тікелей байланысты екенін айтты. Егер сол 3 матчта нәтиже көңілден шықпаса, Әли Әлиев қызметінен кетеді екен. Дұрыс делік. Бірақ Әлиевті қызметінен қуғаннан бірдеңе өзгере ме? Нашар нәтиже үшін Марат Омаров өзі қандай жауапкершілік арқалайды?..

Қуаныш Қаппас

Тегтер: