Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:11, 20 Қараша 2024

Қазақша термин жасайтын ғалымдар өсірмесек,термин импорттаушы жұрт болып қаламыз

Шерубай Құрманбайұлы
Шерубай Құрманбайұлы Фото: ашық дереккөз

Қазақ тілінің төңірегінде әлі де нақтыланатын мәселелер аз емес. Бір ізге түспеген нақты тұжырымы айтылмаған дүниелер де бар. Соның бірі – терминологияға қатысты. Біз бүгін ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлымен қазақ тілінің қазіргі өзекті мәселелері төңірегінде әңгіме өрбіттік.

Жақында түркі халықтарына ортақ әліпби айтыла бастады. Алғашқы үлгілері де пайда болды. Соған қалай қарайсыз?

–Егер ортақ әліпби мақұлданып, оны түркі текті халықтардың бәрі негізге алып жатса, ол өте дұрыс. Ондай әліпби туыстас тілдер арасын жақындатып, ғылым-білім, мәдениет пен өнер, экономика саласындағы байланыстарымыздың нығая түсуіне қызмет етеді. Ортақ жазу, ортақ әліпбиді тұтыну ел мен елдің арасындағы, мамандар арасындағы кәсіби қарым-қатынасты жеңілдете түседі. Бірақ әліпбиді қайта-қайта мақұлдағанмен, оны іс жүзінде пайдаланбасақ, одан пайда шамалы. Біздің білетініміз, бірқатар түркі текті елдер тәуелсіздігін жариялағанда 1991 жылы ортақ әліпби мақұлданған еді. Сол мақұлданған Ыстамбұл жобасын латынға көшкен тілдер толық негіз етіп ала қойған жоқ. Мәселен, түрікмендер бастапқыда оны мүлде ескермей, кейін әліпбиіне қайта өзгерістер енгізді. Ал өзбектер ортақ әліпбиді негізге алғанмен кейін бірқатар таңбаларды алмастырды. Сондықтан ортақ әліпбиде барлық тілдердің дыбыстық жүйесіндегі ерекшеліктерді ескеру де өте маңызды мәселе. Бізде латын жобасын ұсынушылардың көбі сол жобаны негізге ала қоймағаны да есімізде. 2012 жылы Бакуде Түркі кеңесінде осы ортақ әліпби тағы талқыланған. Биыл тағы нақтыланып, 34 таңбадан тұратын әліпби нұсқасы бекітілді. Ортақ әліпби мәселесіне қайта-қайта орала берудің себебі – латынға көшкен түркі текті елдер де ортақ әліпбиден алшақтамасын, осы көштен қалып қойғандар да соны негізге ала отырып, кешеуілдетпей, әліпбилерін алмастырсын дегенді меңзеу екенін баршамыз түсініп отырмыз. Ендігі мәселе – қазақ пен қырғыз латынға қашан көшеді? Олар ресми қолданысқа енгізетін әлібилерінде осы Баку жобасын басшылыққа ала ма деген сұрақтарға келіп тіреліп тұр.

– Түркі халықтарына ортақ терминология жасаудағы ең басты қадамдарды атап беріңізші.

–1926 жылы Бакуде өткен бүкілодақтық түркология съезінде ортақ терминқор, түркі тектілердің бір-бірінен термин алу мәселесін Ахмет Байтұрсынұлы көтергенде оны түркітанушылар мақұлдаған еді. Бірақ көп ұзамай сол съезге қатысқан одақтағы түркітанушылардың бәрі қуғын-сүргін құрбаны болды. Түркі тектілердің ғылым тілін жақындастырамыз, өзара термин алмасамыз деген ұстанымдары жүзеге аспай қалды. Өйткені бұл идеяны көтерген, осы іске мұрындық болған, оны қолдаған түркітанушылар түрікшіл, пантүркист саналып, аттарын атауға да тыйым салынды. Олар бастаған істің бағыт-бағдары түбірімен өзгертілді. Совет билігі терминдер қорын жасаудың, ғылым тілін дамытудың жаңа қағидаттарын, советтік жолын белгілеп берді. Одақ құрамына кірген түркі тектілер терминдерді бір-бірінен емес, одақтың ортақ тілі орыс тілінен алу арқылы жалпысоветтік терминқор (общесоветский терминологический фонд) қалыптастыруы қажет деген қағидатты жасап, бекітті. Сөйтіп 30-жылдардың орта шенінен бастап қазақ пен қырғыз да, өзбек пен әзербайжан да, татар мен башқұрт та, басқа түркі тектілер де терминді өздері жасамай немесе бір-бірінен іздемей, орыс тілінен алатын жаңа жолға түстік. Кейінгі 30 жылда бауырластар тілдік байланыстарды нығайтып, термин алмасуға аздаған ұмтылыстар жасағанымен түркі тектілердің көбі советтік саясат салып берген сара жолдан шыға қойған жоқ. Сондықтан түрік пен әзербайжан тілдерінен өзге түрік халықтарының терминдер қорының ортақ сипаты артудан гөрі жылдан жылға алшақтап, бір-бірінен алыстап барады. Бұл – ортақ ұстанымның, осы істі қолға алып бас болатын түрік елінің де, халықаралық ұйымның да, ғылыми мекеменің де жоқтығынан болып отырған жағдай. Сол себепті түркітектілердің тілдік байланыстарын нығайтып, ортақ терминдер қорын молайтамыз десек, осы іспен тұрақты, жүйелі түрде айналысатын ұйым, мекеме болуға тиіс. Түркітілдес халықтардың терминдер қорын тіларалық біріздендіру, олардың өзара термин алмасу үдерісін үнемі үйлестіріп, реттеп отыратын бір мекеме, арнайы құрылым болмаса, әр тіл өз бетінше терминқор түзе береді, бұл іс бір арнаға түспейді. Мұны біз сан мәрте айтқанбыз, жазғанбыз, тиісті мекемелерге ұсыныс та бергенбіз. Бірақ әзірге нақты шешімін тапқан жоқ. Биыл Бакуде Түркі академиясы ғалымдарды, халықаралық ұйымдардың басшыларын қатыстыра отырып ғылыми жиын өткізген. Онда әліпби, терминология мәселелері сөз болды. Сол басқосуда да осы мәселені көтеріп, нақты ұсынысымызды бергенбіз. Бір қозғалыстар басталған сияқты. Егер бірлескен комиссия, комитет немесе өзге де құрылым құрылса, ғалымдар мен сала мамандарының басын қосып, келісіп-кеңесе отырып іс жүргізудің тетігі жасалады. Ең басты қадам осыдан басталуға тиіс. Бұл бірнеше тілге қатысты мәселе болғандықтан, әркім өз үйінде отырып тон пішкеннен іс ілгері баспайды. Содан кейін ғана түркі тілдерінің терминологиясын тіларалық, халықаралық біріздендіру, терминжасам мен терминалмасым жұмыстарын рет-ретімен жүзеге асыруды нақты іс жүзінде бастай аламыз.

Сөздерді өзгертпей ала беру керек дейтін пікірге не айтасыз?

– Әр тілдің өз ерекшелігі, өзіне ғана тән дыбыстары, олардың өзара тіркесу заңдылықтары бар. Сондықтан әр тіл өзгенің сөзін соған сәйкестендіріп қабылдайды. Қазақтың қай сөзін өзгелер сол қалпында өзгертпей алып еді? Мәселен, орыс, славян тілдеріне енген аркан, балык, барсук, кабан, казначей, кулак, лошадь, сундук, табун, урюк, чебурек, шатёр, ямщик сияқты түрік сөздерінің (тюркизм) бәрі де сол тілдерге бейімделіп алынды ғой. Өзге халықтар да солай істейді. Сондықтан ағылшынның, немістің, орыстың және басқа да халықтардың сөздерін өз тіліміздің заңдылығына бағындырып, тілге икемдеп алуымыз керек. Осыдан бір ғасыр бұрын Халел Досмұхамедұлы: «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады» деп еді. Жер дүниеде жоқ, өз заңын сақтамайтын тіл болғымыз келмесе, зауыт, пойыз, мәйкі, кәстөм, шопыр деп жүргеніміз сияқты, өзге де жат сөздерді өзімізге бейімдеп алуымыз керек.

Жасалған терминдерді халыққа таныстырудың қандай жолдары бар деп ойлайсыз?

– Халыққа терминнің бәрін таныстырудың қажеті жоқ. Тіпті біз мыңдаған ғылыми терминдерді таныстырғымыз келген күннің өзінде кәсібі басқа адамды ол еш қызықтыра қоймайды. Мәселен, біздің лингвистиканың тегеурінді екпін, әуезді екпін, жуан езулік дыбыс, жіңішке еріндік дыбыс, жуысыңқы дауыссыз, тоғысыңқы дауыссыз деген терминдері химикке, механикке, философқа немесе шахтёр мен шопырға мүлде керек емес. Сол сияқты эндокринолог пен вирусологтың күнделікті кәсіби қызметінде қолданатын сан алуан терминдері де өзгелерді қызықтыра бермейді. Біз олардың мағынасын керек болған жағдайда ғана іздеуіміз мүмкін. Терминдерді әр саланың өз маманы білсе жеткілікті. Сондықтан мамандар үшін әртүрлі сала терминдерінің екітілді, көптілді, түсіндірме сөздіктері жасалады. Мамандар өздері жасаған терминдерді бір салада жұмыс істейтін, сол кәсіптің қыр-сырын жақсы білетін әріптестерімен бірлесіп талқылап, қолданысқа енгізеді. Ал лингвистер, терминтанушылар оларды арнаулы саланың сөзі, сөздің бір түрі ретінде зерттейді, олардың тілдік нормаға сәйкестігін, жасалу жолдарын қарастырады. Термин жасауға машықтанған терминшілер әдетте сала маманы болады немесе сол кәсіпті қосымша меңгереді. Біздің елде ғылымның көптеген салаларындақазақ тілін жетік білетін ғалымдар мен инженерлер, білікті практик мамандар жетіспейді. Сондықтан сала терминдерін жасауға кейде филологтар, аудармашылар мен журналистер де араласып жатады. Бұл енді «қысылғаннан қыз болдық» деген тірлік. Өйткені әр салада мыңдаған арнаулы ұғым бар. Сол саланың білікті маманы болмаса, олардың мәнін, қызметін, түрі мен тегін, бір-бірімен байланысын өзге сала маманы білмейді. Сондықтан да оған дұрыс ат қоя алмайды. Негізі әр саланың терминін сол саланы жетік білетін өз маманы, химия терминін – химик, физика терминін – физик жасауы керек. Бүкіл әлемде солай.

Термин жасау ісінде жастардың үлесі қаншалық? Олар да сіздер секілді үлкен ғалымға айналу үшін қазір не істеуі керек?

– Ғылымның әртүрлі саласына қазақ тілін жетік білетін жас мамандар көп келсе, баяндамаларын, ғылыми мақалаларын, диссертацияларын, оқу құралдары мен әдістемелік құралдарын қазақша жазса, қазақ тілінде сабақ берсе, зертханалардағы зерттеулерін жүргізу кезінде, күнделікті кәсіби қызметінде, жұмысында қазақ тілін пайдаланса, өз саласының қазақша сөйлеуіне солар негіз қалайды. Әзірге жаратылыстану нанотехнология, биотехнология, аэродинамика сияқты ондаған ғылым салаларында қазақтілді мамандар өте аз. Сондықтан мұндай салалардың бүгін-ертең қазақша сөйлеп кетуі, терминдерінің қазақша жасалып, қалыптасуы қиын. Алдымен тілді ғылыми шығармашылығында еркін пайдалана алатын қазақтілді (шет тілдерін қосымша меңгерген) мамандар даярлау қажет. Содан кейін солар өз саласын ұлттың тілінде сөйлетеді. Әйтпесе, энергетика мен кибернетика совет замандағыдай қазақша жақ ашпаған күйі кете береді.

Ал қоғамдық ғылымдар саласында қазақ тілінде білім алған, қазақ тілін жақсы білетін мамандар бар. Соған сәйкес салыстырмалы түрде ғылым тілінің бұл салалардағы жағдайы біршама тәуірлеу деуге болады. Ал тұтастай алғанда қазақ тілінің ғылым саласындағы қолданысы, термин шығармашылығындағы үлесі әлі айтарлықтай жоғары емес. Бұл мемлекеттік маңызы бар өте үлкен мәселе. Қазақ тілі ғылым тілі ретінде барлық салада еркін қолданылмаса, мемлекеттік тіл қызметін толық атқара алмай, сыңар қанат құстың күйін кешеді.

Бүгінгі күнгі қазақ терминологиясындағы ең басты проблеманы атай аласыз ба?

– Қазақ тілі ғылым тілі ретінде ғылым мен техниканың көптеген салаларында еркін қолданылатын жағдайға әлі жете алмай отыр. Ұлттың тілі қоғам өмірінің түрлі саласында ғылым тілі ретінде еркін қолданылмаса терминологияның, ұлттық терминқордың жасалуы мен жетілуі де мүмкін емес. Ғылым тілі сол тілде сөйлейтін, жазатын ғылыми кадрларға тәуелді. Сондықтан бізге қазақ тілін жетік білетін, сонымен қоса шет тілдерін де меңгерген ғылыми кадрларды ғылымның барлық саласы бойынша жоспарлы түрде көптеп даярлау қажет. Онсыз қазақ ғылымы өз тілінде сөйлемейді, ұлттық сипаты бар терминологиясы да дами алмайды. А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Күдерин, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омарұлы, Қ.Сәтбаевтардың ісін жалғастырып, қазақша ғылыми еңбектер жазатын, термин жасайтын ғалымдарды, қазақтың ұлттық ғылыми кадрларын өсірмесек, термин импорттаушы жұрт болып қаламыз. Ал термин шығармашылығы дамымаған жерде ұлттық ғылым тілі де байып, жетілмейді. Ол терминқоры жұтаң, сөз туғызуға қабілетсіз, ғылыми ойды жеткізе алмайтын, өзге тілге тәуелді тілге айналады. Өзіңіз ойлап көріңізші, егер А.Байтұрсынұлы бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш, сөйлем, жай сөйлем, дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыс деген ондаған терминдерді жасамағанда осы ұғымдарды қазақ баласына қалай түсіндіріп, қайтіп тапсырма берер едік? Балалар: Мына «предложениеден» «подлежащее» мен «сказуемоені» табыңдар» – деп, баланың басын қатырып, қойыртпақтап отырар едік қой. Бізді содан құтқарған Ахаңа мың алғыс!

Ғылымның барлық саласында қазақтың тілін жетік білетін білікті мамандар көп болса, терминдер де сауатты жасалады. Оларды біріздендіру, реттеу, жүйелеу сияқты терминологиялық жұмыстар жоғары кәсіби деңгейде жүргізіледі. Бәрі де маманға тәуелді.

– Қазақ терминдерінің толық бірізденбеуінің басты себебі неде деп ойлайсыз?

– Екі себебі бар деп ойлаймын. Біріншісі, біріздендіру жұмысының тиісті кәсіби деңгейде жүргізілмеуі. Екіншісі, қазақ тілі ғылым саласында да заң шығару ісі сияқты әлі екінші орында тұруы. Ғылыми еңбектер алдымен жаппай қазақша жазылса, термин шығармашылығы да дамиды. Қазақша терминге деген қажеттілік туған жерде оны біріздендіруге, біркелкі қолдануға тура келеді. Бәрін сұраныс реттейді. Қазақша терминге деген сұраныс пен қажеттілік біздің қоғамда заңдарымыздың қазақша нұсқасына деген сұраныспен бірдей болып тұр.

«Халықаралық терминдер» ұғымы туралы көзқарасыңыз қандай? Жалпы мұндай ұғым бар ма?

– Мемлекеттердің экономикалық қуаты мен ғылым-білімінің өркендеуіне байланысты сол елдің тіліндегі атаулар өзге халықтар тілдеріне де таралады. Сондай атаулар «халықаралық терминдер» деп аталып жүр. А.Байтұрсынұлы мұндай атауларды «әлемге жайылған сөздер» деген. Бірақ мұнда шарттылық бар. Бүкіл әлем халқы өзгеріссіз қолданатын абсолютті халықаралық терминдер деген ұғым жоқ. Ең кең тараған терминдердің өзін көптеген халықтар өз тілдеріне аударып алады. Мәселен, көршіміз қытайлар біз «халықаралық термин» деп жүрген жүздеген еуропа тілдерінен енген терминдерді өз тілдеріне адам танымастай етіп аударып алған. Айталық, кезінде бізге аударуға болмайтын халықаралық термин деп оқытқан, советтік кезеңде ұзақ жылдар бойы «аэропорт» түрінде қолданып келген терминді немістер – «der Flughafen» (дер Флюгхафен. Сөзбе-сөз: ұшу+ айлақ), түріктер – «havalimanı» және «havaalanı» (ауа+алаң), қытайлар – «fēijī chǎng» (фэй цзи чхан), арабтар – «әл матарум» дейді екен. Біз де қазір «әуежай» дейтін болдық.

«Комментатор сөздігі» жасалып жатыр. Жеке салаларға атау терминдер қалай жасалу керек. Төл тілімізден жасалған терминдерге не айтасыз?

– Журналистер, спорт комментаторлары өз терминдерін өздері жасап, өзара келісіп, сөздіктерін шығарып жатса, құба-құп. Жоғарыда айтқанымыздай, әр саланың маманы өз терминдерін өздері жасауы керек. Алайда тілге тікелей қатысы жоқ техника, жаратылыстану ғылымы салаларының мамандары терминге қойылатын талаптарды, терминжасам тәсілдерін жақсы білетін тәжірибелі терминтанушы, терминші, лексикограф, терминограф мамандармен бірлесіп жұмыс істесе, тіл нормаларының бұзылуына жол берілмейді, сөздік те сапалы шығады. Комментаторлардың дені журналистер шығар. Тілді, өз ісін жақсы білетін, комментатор болып жұмыс істеген тәжірибелі журналистердің өз саласының сөздігін өздері жасауына мүмкіндігі бар ғой.

Термин жасау оңай емес. Бұл – ат қоятын ұғымды да, тілді де жақсы білуді қажет ететін өте жауапты жұмыс. Зергердің қолынан шыққан бұйымдай шеберлікпен жасалған, іші-сырты үйлесіп тұрған, көңілге қона кететін сөз туғызу – екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Ұғымның мазмұнын толық қамтитын ұтымды атау жасау мүмкіндігі болып жатса, терминді өз тілімізде жасаған дұрыс-ақ. Ондай терминдер терминқорды да, ұлт тілінің лексикалық қорын да байытады. Сонымен қатар тілдің терминжасам, сөзжасам тәжірибе қалыптастыруға ықпал етеді.

Жазып алған Жақсылық Қазымұратұлы