Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:12, 20 Қараша 2024

Қазақстан АЭС-і қай жаққа қисаяды?

АЭС
Фото: Жас Алаш Коллаж

Биыл қазанда елде атом электр станциясын салу-салмау жөнінде референдум өтіп, билік алдын ала болжағандай халықтың 71 пайызы оны қолдап дауыс берді. Референдум өтті, кетті, енді негізгі мәселе – АЭС-ті кім салады деген сұрақ талқылана бастады. 

Жұрт арасында АЭС-ті Ресей салатыны әлдеқашан шешіліп қойған деген сөз бар. Украинамен соғысқа байланысты ауыр санкция астында қалған Мәскеу біздің елде АЭС құрылысын қолға алса, бұл олардың ядролық энергия саласына үлкен қолдау болмақ. Бірақ ел билігі әлі ештеңе шешілмегенін айтып жүр. Үкімет құрылысты ядролық энергия саласындағы компаниялардың халықаралық консорциумына жүктеуі мүмкін екен. Бұл туралы референдумнан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтқан.

Консорциум – көз алдау ма?

Консорциумға қатысатын елдер 2025 жылы белгілі болады, оған ең көп дегенде бес ел кіреді. Бұл тізімге осыған дейін Қазақстанда АЭС салуға ынта білдірген Қытай, Франция, Ресей, Оңтүстік Корея және Қазақстанның өзі енуі мүмкін. Сарапшылар Астананың бұл қадамына екі түрлі болжам айтады. Біріншіден, қазақ билігі елде АЭС салуға ниет білдіріп отырған көршілерінің көңілін жықпай, бәріне ұнайтын ортақ жол тапқысы келіп отырған болуы мүмкін. Сол мақсатта Ресей мен Қытайды арқасынан қағып, ортаға Франция мен Кореяны қосып, бәрінің басын біріктіреді. Бірақ консорциум құрамында 4 ел теңдей құқық иеленіп, теңдей жауапкершілік арқалауы мүмкін емес. Демек олардың арасында бір «бас кейіпкер» болуы керек. Ал бұл рөлді Ресейдің сомдау мүмкіндігі өте жоғары.

Екіншіден, билік АЭС салуға бел буған кезден бастап серіктес ретінде Ресейді таңдап қойғанын жасыру үшін, шынайы таңдау жасағандай түр таныту мақсатында консорциум дегенді ойлап тапқан болуы мүмкін. АЭС-ті біріккен компаниялар салып жатыр деп, жұмыстың шағын бөліктерін әртүрлі мердігерлерге беріп, ал ядролық реакторға жауап беретін ең негізгі келісімшартты «Росатоммен» жасауы ғажап емес.

АЭС
Фото: из открытых источников

Лавров неге келді, Путин неге келеді?

Қазақ билігі ашық айтпағанымен, біздегі АЭС-ке Ресей ақырындап жақындап келе жатқан сияқты. Бұл жоба жайлы сөз шықса болды Мәскеу өзімсініп, ортаға киліге кетеді. Тіпті Ресей президенті Владимир Путиннің өзі Қазақстан АЭС салу мәселесін бірнеше рет көтерген. Мысалы, 2019 жылы Путин Тоқаевпен кездесуде Қазақстанда «ресейлік технология» бойынша АЭС салуды ұсынған. Ол бұл ұсынысын 2021 жылы тағы қайталап, Астана АЭС салғысы келсе, Мәскеу көмектесуге дайын деп маймөңкеледі.

Кремль сол ойынан әлі айныған жоқ. Қарашаның басында Қазақстанға келген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Росатом» қазақ даласында атом электр станциясын салуға дайын екенін айтты.

«Бұл мәселеде Ресей тек көмектесумен шектелмейді. Біздің ел өз ұсынысын жасап қойды. Қазақстанда өткен референдумды қадағалап отырдық, халық атом энергетикасын дамытуды қолдады. «Росатом» мемлекеттік корпорациясы қазақстандық достарымызға өз тәжірибесін бөлісуге дайын. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің тиісті органдарымен ынтымақтастыққа да дайынбыз», – деді Лавров.

Ресей министрінің сөзінен Мәскеу Астанаға АЭС құрылысы бойынша нақты ұсынысын беріп қойғанын білуге болады. Оның үстіне олар «өзге елмен серіктес болуға дайынбыз» деп, Қазақстанның консорциум идеясына да қолдау көрсетіп отыр. Лавровтың мұнша жыпылдағанына қарағанда Кремль қазақ АЭС-інен аз пайда көрмейтін сияқты.

Лавровтың айтуынша, Путин 27 қарашада Астанаға мемлекеттік сапармен келеді. Дипломат біздің елге «шолғыншы» ретінде келіп, Путиннің сапарына дайындық жасап жүрген көрінеді. Сол кездесуде АЭС құрылысына қатысты нақты келісім жасалуы мүмкін. Путин кем дегенде бұл жобадағы өз үлесін бекемдеп, позициясын нығайтып кететін шығар. Сарапшылар қазақ мұнайын экспорттайтын бағыттың 95 пайызын қолына ұстап отырған Ресейге енді энергетика секторының екі тізгін, бір шылбырын бере салу өте қауіпті деп санайды.

«Елде атом электр станциясын салу өте қауіпті қадам деп есептеймін. Технологиясын дұрыс пайдаланбаған жағдайда оның жарылып кету қаупі бар екені белгілі, бұл тіпті біздің ел ғана емес, көршілерге де залалын тигізуі мүмкін. Жарылмаған күннің өзінде оған пайдаланған отынның қалдығы өте улы болады, оны сақтау мен жою мол қаржыны талап етеді. Ресей технологиясы озық мемлекет емес. Олар салса, қауіп-қатер тіптен көп болады. Бұл жобаны салу бойынша Қазақстанға Ресей қысым жасауы да мүмкін. Сондай-ақ АЭС-ті Ресей салса, стратегиялық тұрғыда да басымдылыққа ие болып, қысым көрсетуі ғажап емес. Сол үшін бұл жобаға түбегейлі қарсымын», – дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2028 жылға дейін елімізде 3 жылу электр станциясы салынатынын айтып жүр. Семей, Өскемен және Көкшетау қаласында бой көтереді деп жоспарланған ЖЭС-терді ресейлік «Интер-РАО» компаниясы салады.

Ең қызығы, «Интер-РАО» компаниясына Путиннің достары, олигархтар – Борис Ковальчук пен Игорь Сечин иелік етеді. Екеуі де Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты халықаралық санкцияға ұшыраған. Оның үстіне бұрынғы энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев отандық БАҚ-қа берген сұхбатында «Интер-РАО» электр энергиясын қайта сату және экспорттаумен айналысатын компания екенін айтып, оның ЖЭС сала алатынына сенімсіздік танытқан. Ел үкіметі халықаралық санкцияға ұшыраған компанияға 3 қалада ЖЭС салу жұмысын сеніп тапсырғалы отыр. Мұның аяғы неге апарып соғары белгісіз.

Сарапшылар егер АЭС салу құқығын Ресейге берсек немесе консорциум құрамына «Росатом» кірсе, Қазақстан компанияларына да екінші деңгейлі санкциялар салынуы мүмкін екенін айтады. Өйткені байытылған уран да, реактор да Ресейден әкелінеді. Ал егер жобаға санкция салынса, Қазақстан үкіметі жұмсаған қаржысының бәрін жоғалтады, ақша санкция аяқталғанша бұғатталады.

АЭС
Фото: из открытых источников

Үміткер төртеу

Қазақстанда АЭС салуға үміткер 4 компания бар. Олар – франциялық Électricité de France (EDF), қытайлық China National Nuclear Corporation (CNNC), оңтүстіккореялық Korea Hydro & Nuclear Power (KEPCO) және ресейлік «Росатом» корпорациясы.

EDF – әлемде ең көп электр қуатын өндіретін ірі оператор. Франция үкіметіне тікелей бағынады. EDF әлемде Испания, Швейцария, АҚШ, Канада, Мексика, Бразилия, Катар, Бахрейн, Сингапур, Аустралия сияқты 30-дан аса елде жұмыс істейді. Компанияның 2022 жылғы табысы 148 миллиард еуро болған. Әлемде қазір жұмыс істеп тұрған 400-ден аса реактордың 100-ден астамын Франция компаниясы салған. Яғни әлемдегі реакторлардың төрттен бірінде француздардың қолтаңбасы бар. Олар қазір Ұлыбританияда екі блокты АЭС салып жатыр, құрылысы 2030 жылы аяқталатын жобаның жалпы құны 39-43 млрд доллар болады. Біз қарастырып жатқан 4 нұсқаның ішінде ең қымбатқа түсетіні осы компания.

CNNC – атом бомбасы, ядролық қару және атом су асты қайығын жасап, АЭС салады. Компания Қытай үкіметіне тіке бағынады. Ол Иран, Египет, Алжирмен ядролық салада серіктес болып отыр, Сауд Арабиясы мен Аргентинада АЭС салады. 2020 жылы АҚШ бұл корпорация Қытай әскерін қарумен қамтамасыз етеді деп санкция салған.

Француз компаниясы жобадағы ең қымбат үміткер болса, қытайлықтар ең арзаны. Олар Қазақстанда 2,4 ГВт қуаты бар екі блокты АЭС-ті 5,6 долларға, 5 жылда салып беруге уәде берген. Қазақстан энергетика министрлігі жобаны 15 млрд долларға бағалап, 10 жылда салып бітіруді жоспарлап отыр. Яғни Қытай компаниясы үш еседей арзан және екі есе тез салуға ниетті.

KHNP – Оңтүстік Кореядағы ең ірі 5 АЭС-тің жұмысын дөңгелетіп отыр, ал әлемде олар салған 26 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Өз елінен бөлек, БАӘ, Польша, Румыния, Словакия және Чехия АЭС салып жатыр. Қазақстанда америкалық технологиямен екі контурлы ядролық реактор салуды ұсынып отыр. Олар БАӘ-де 4 реакторлы АЭС-ті 25 млрд долларға салған. Демек әрбір реактордың құны шамамен 5-6 млрд доллар болады. Яғни Қазақстан үкіметі ұсынған бағамен шамалас сома шығады. Сондай-ақ олар қазақстандық мамандарды атом энергетикасына үйретуге ниетті.

«Росатом» – Ресейдің атом саласындағы жүздеген кәсіпорнын біріктіретін мемлекеттік холдинг. Ресейлік компания Бангладеш, Беларусь, Египет, Үндістан және Түркия сияқты елдерде кемі 20 реактордан тұратын АЭС құрылысын жүргізіп жатыр. Мысалы, «Росатом» 2018 жылы Түркияның Мерсин қаласында қуаты 4,8 гигаватт болатын «Аккую» АЭС-ын сала бастаған. Станция құны 24-25 миллиард долларға бағаланып отыр. Ал Бангладеште салынып жатқан 2,2 гигаваттық АЭС-ке 12,65 миллиард доллар жұмсалған.

Украинамен соғысқа байланысты «Росатом» шетелдегі біршама жобасынан айырылып қалды. 2022 жылы Финляндиядағы Fennovoima консорциумы «Росатоммен» бірлесіп салғалы жатқан реактор жобасынан шығатынын мәлімдеді. Сол үшін компания белсене «клиент» іздеп, әркімнің есігін қағып жүр. Путин Ташкентке барса Мирзиеевті, Бішкекке барса Жапаровты АЭС салуға үгіттейді. Ол жұмысы нәтижесіз де емес, былтыр «Росатом» Өзбекстанда әрқайсысы 55 мегаватт энергия беретін 6 ядролық реактордан тұратын станция салуға келісімшарт жасады. Сондай-ақ қуаты 110 МВт болатын шағын АЭС салуға ниетті.

«Росатом» тікелей санкциядан аман, бірақ АҚШ корпорацияның шетелдегі жобаларына жауапты «Росатом Оверсиз» компаниясына санкция салған. Сондай-ақ соғыс басталғалы Батыс елдері «Росатоммен» келісім жасаспауға тырысып жатыр. Чехия оны АЭС салуға үміткерлер тізімінен сызып тастаған. Оның үстіне компанияға шетелден жабық жеткізу қиындап, жұмысы тұралап тұрғаны да жасырын емес.

Қазақстан
Фото: из открытых источников

Түйін. Қазаққа АЭС салып берсек деп белсеніп отырған 4 компанияның жай-күйі осындай. Ең сенімдісі – Франция, ең арзаны – Қытай. Ал Ресей көбіне Африка мен Азияның кедей елдерінде АЭС салып жүр. Оның үстіне шым-шытырық санкция шырмауында жатқан ел атом реакторын шетелге шығара алуы да қиын мәселе. «Қазанға жоласаң, күйесі жұғады» дегендей, санкция астында жатқан елге АЭС салғызамыз деп Батыс жұртының қырын қабағына ұшырап қалмаймыз ба деген қауіп те жоқ емес.

Сондай-ақ АЭС Мәскеудің қолындағы тағы бір әлсіз тұсымызға айналуы мүмкін. Энергетикалық реактордың әр құрылымы ерекше, оны жобаны салған компанияның техникалық көмегінсіз пайдалану мүмкін емес. Яғни «Росатом» Қазақстанда АЭС салса, Кремльге кіріптарлық арта түспек. Оның технологиясын өзіміз меңгеріп, бар жұмысын өз қолымызға алғанша талай заман өтеді. ЖЭС құрылысын Путиннің достарына сеніп тапсырған Сәтқалиев, АЭС-ті оның өзіне беріп жібермей ме екен?..

Қуаныш Қаппас 

Тегтер: